Мемлекет мүддесін көздеген қадам
Елдің ертеңі үшін Елбасы Үндеуінің мәні өте зор. «Әуелі экономика, содан кейін ғана саясат» деп халықтың тұрмыс-тіршілігіне басты назар аударған Президент бұл жолы да ел мүддесі бәрінен биік тұратынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Басты мақсат – Үкімет пен Парламенттің рөлін күшейту. Бұл болашақта мемлекетіміздің өсіп, өркендеуі үшін өте қажет. Барша әлеммен бірге Қазақстан да жаңарып келеді. Осы орайда, мемлекеттік басқару жүйесін барынша теңестірілген жүйеге көшіруді уақыттың өзі талап етіп отыр. Осыны ескерген Елбасы Үкіметтің алдына зор міндеттер қойылатынын алға тартты. Енді оған әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты дербес шешім алу жауапкершілігі артылады. Алдағы уақытта ел тынысын Парламент тікелей өз бақылауына алмақ.
Мемлекеттік басқару жүйесі әлі де болса жетілдіру мен толықтыруды қажет етеді. Бұл бағытта халық үні мен саясаткерлер пікірін бір арнаға тоғыстыратын жаңа бағдарламалар да қабылдануы мүмкін.
Президент Үндеуі арқылы халық көптен бері өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауап алды деп ойлаймын. Әсіресе, алда күтілетін конституциялық реформалар қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеріне қазірден-ақ нық сенім ұялатқаны ақиқат.
Алпамыс ҒИЛЫМОВ,
Атырау мұнай және газ университеті
ректорының кеңесшісі: