Мемлекет кәсіпкерлерге 6 пайызбен несие береді
Аtr.kz/24 сәуір, 2020 жыл. Төтенше жағдай кезінде бизнес саласын қолдау мақсатында мемлекет «Даму» қоры арқылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорындарға жылдық 6%-бен несие беретін болады.
«Сонымен қатар, Үкімет әйел адамдар құрған шағын және орта бизнес (ШОБ) кәсіпорындарының өсуін ынталандырмақ» деп хабарлайды Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы.
Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау бағдарламасы Азия даму банкі мен Еуропа қайта құру және даму банкінің тартылған қаражаты шеңберінде іске асырылуда. Сондай-ақ, бизнесті қаржыландыруға ислам қаржыландыру бағдарламасы арқылы қаражат тартылуда. Қаржы шариғат қағидалары бойынша өз бизнесін дамытуға ниетті кәсіпкерлерге беріледі.
Оған қоса, шағын және орта бизнес үшін міндетті төлемдер мен салықтардың көптеген түрлері бойынша мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды. Бұл карантин режимінен шығу кезеңінде және одан әрі табысты даму үшін бизнеске түсетін жүктемені азайту мақсатында жасалуда.