Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекет басшысы ұстаздарға алғыс айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесіне қатысушыларға құттықтау жолдады.

Президент құттықтауын Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова оқып берді.

«Сіздерді білім саласы қызметкерлерінің республикалық тамыз кеңесінің басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа оқу жылы қарсаңында педагог мамандардың басын қосып, өскелең ұрпаққа білім, тәрбие беру мәселесіне қатысты алқалы жиын өткізу игі дәстүрге айналды. Бұл — еліміздің болашағына ықпал ететін маңызды басқосу. Сапалы білім беру бәсекеге қабілетті, өркениетті ел болудың кепілі. Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы ілім, ғылымның жемісі екендігі сөзсіз. Сауатты ұрпақ өсіру арқылы ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастыра аламыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Мектептің жаны мұғалім, мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы», деген. Еліміздің ертеңі жас ұрпақтың білімді, еңбекқор әрі отаншыл болуына байланысты», — деді Мемлекет басшысы құттықтауында.

Президент жастарды адал азамат етіп тәрбиелеу, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіру аса маңызды міндет екендігіне назар аудартты.

«Осы жауапты жұмысты абыроймен атқарып жүрген ұстаздар қауымына шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет білім саласын өркендетуге әрдайым баса мән береді. Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай оқу орындары көптеп салынуда. Арнайы заң қабылданып, педагогтардың мәртебесі құқықтық жағынан реттелді. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бас назар аударылып жатыр. Осындай қолдау іс-шаралары болашақта да жалғаса береді. Бүгінгі басқосуда жас ұрпаққа озық білім, өнегелі тәрбие беру мәселесіне қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, толағай табыс тілеймін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button