Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария етті
Atr.kz/23 наурыз, 2019 жыл. Бүгін Түркістан облысы активімен өтіп жатқан жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымындағы мақсатын жария етті.
Жиын барысында Қазақстан Президенті ең алдымен барша жұртшылықтың Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтады. «Биылғы 19 наурызда, көктемнің шуақты күнінде бәріміз еліміздегі тарихи оқиғаға куә болдық. Мемлекет болашағын ойлаған Тұңғыш Президентіміз маңызды шешім қабылдады. Осындай сындарлы кезеңде Елбасыны және мені қолдаған барша халқыма ризашылығымды білдіремін. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүниежүзі тарихында бұрын болмаған. Бұл ең алдымен Елбасының парасаттылығын, кеңдігін, сондай-ақ халқымыздың даналығын білдіреді. Біз әлемге өркениетті ел екендігімізді танытып, үлгі көрсеттік. Осылайша халқымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік», — деп атап өтті Президент Қасым — Жомарт Тоқаев.