Мектептегі ұлттық тәрбие: Оқушылар асық ойнап, ләңгі тебуде
Атырауда жекеменшік мектептердің бірі ұлттық құндылықтарды дәріптеуде ерекше бастама көтерді. Бұл мектеп қоңырау уақытын балалар үшін пайдалы әрі қызықты өткізу мақсатында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше әдіс енгізді. Мектеп директоры оқушылармен бірге асық ойнап, ләңгі тебуді дәстүрге айналдырды.
Мектеп басшысы бұл бастама арқылы ұлттық ойындарды қайта жаңғыртып, оқушылардың дәстүр мен мәдениетке деген құрметін арттыруды көздеп отыр. Қоңырау кезінде ұлттық ойындармен айналысу балалардың белсенділігін арттырып қана қоймай, оларды ептілікке, дәлдікке және достық қарым-қатынасқа баулып келеді.
–Біз балалардың ұлттық құндылықтарға жақын болуын қалаймыз. Асық ойнау мен ләңгі тебу тек қызықты ойын ғана емес, сонымен қатар бұл — ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа мирас болған мұра, аманат. Осы дәстүрлерді жаңғырту арқылы оқушыларымызды ұлттық құндылыққа, мәдениетке құрметпен қарауға тәрбиелейміз, — дейді «Happy choice» мектебінің директоры Алмабек Абдолов.
Бұл бастама ата-аналар мен оқушылардың арасында үлкен қолдау тауып, мектептің ерекшелігіне айналды. Енді ұлттық ойындар тек білім ордасының аумағында ғана емес, балалардың бос уақытында да жалғасып, кеңінен таралады деп сенеміз.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА