«Atyraý»-ға арналған дода

dsc06880 Жаңалықтар

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, сенбі күні «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің қызметкерлері арасында аймақтың ата басылымы – облыстық «Atyraý» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған мекемеішілік спартакиада өтті. Былтырдан басталған спорт сайысы биыл да жалғасын тауып, екінші мәрте өткізіліп отыр. Серіктестік қызметкерлері арасындағы достық пен бірлікті нығайтуды мақсат тұтқан спартакиадаға «Әкімшілік» бөлімі, «Atyraý» газеті, «Прикаспийская коммуна» газеті, «Электронды БАҚ және контент» бөлімі, «Баспахана» бөлімі, «Аудандық газеттер» командасынан 70-тен астам ойыншы қатысып, футбол, волейбол, үстел теннисі, дойбы, шахмат ойындарынан бақ сынады.

Ғасырлық той былтыр басталды

Спартакиадаға арнайы келген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов сайыстың ашылу рәсімінде сөз алып, өңірдің дамуы мен өзекті мәселелерінің шешілуіне үлес қосып жүрген БАҚ өкілдерінің еңбегіне тоқталды.

– Құрметті «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің қызметкерлері, халықты ақпараттандыру бағытында қажырлы қызмет етіп келесіздер. Ал, спартакиада сіздер үшін өмірдің жарқын сәті деп есептеймін. Себебі, қағаз бен қаламды ғана серік етпей, өздеріңіздің ептіліктеріңіз бен шеберліктеріңізді де көрсетіп, достықты да арттыруларыңызға мүмкіндік аласыздар. Мереке қарсаңындағы тартысты ойында сіздерге табыс тілеймін. Алдағы уақытта да ұжымда ауызбірлік мығым болып, спартакиаданың жалғасын табуына тілектеспін. Төрешілер әділдік туын берік ұстайтынына сенімдімін, – деп сөзін түйіндеді Нұржан Мақсотұлы.

Сонымен қатар, спартакиаданың ашылу салтанатында серіктестіктің Бас директоры Жасын Біркенов былтырдан бастап қолға алынған спорттық іс-шараны жыл сайын өткізу жоспарланғанын айтып, серіктестіктің алдағы жұмысына қысқаша тоқталды.

– Былтыр спартакиаданы Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың туғанына 100 жыл толуына арнаған едік. Сол кезде ақылдасып, спартакиаданы жыл сайын өткізуді жоспарладық. Биыл спартакиаданы ғасырлық тойын тойлағалы отырған «Atyraý» газетіне арнап отырмыз. Тарихы тереңде жатқан бас басылымның 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараны қыркүйек айының екінші жартысында атап өту жоспарланған. Облыс әкімінің қолдауымен өтетін іс-шараға мәртебелі меймандар арнайы шақырылады. Бүгінгі іс-шараға серіктестікке қарасты әр ұжымнан командалар қатысып отыр. Бұқаралық және мәдени іс-шараларға әрдайым белсенділік танытқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Ал, спартакиаданың өтуіне арнайы қолдау көрсеткен қалалық әкімдікке де ерекше ризашылығымды айтамын. Баршаңызға шығармашылық табыс тілеймін! – деп, Жасын Ерсінұлы мереке қарсаңында облыс әкімдігінің қолдауымен ардагер-журналистерге де құрмет көрсетілетінін атап өтті.

Спартакиаданың құрметті қонақтарының бірі – серіктестіктің ардагерлер кеңесінің төрағасы, «Atyraý» газетінің бұрынғы бас редакторы Нұрлан Қабылов сөз алып, ата басылымның ғасырлық тойына арналған іс-шаралар былтырдан басталғанын тілге тиек етіп, құттықтау лебізін арнады және қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Бұған дейін де газеттің мерейтойлары аталып өтіп жатыр. Бірақ, осындай ұзақ мерзімге созылған мерейтой алғаш рет болып отыр. Меніңше, «Atyraý» газетінің 100 жылдығына арналған салтанатты шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылады деп ойлаймын. Газеттің ғасырлық тойына арналған шаралардың қатарында ұмыт қалған әріптестердің есімдері көшеге беріліп, тұрған үйлеріне мемориалдық тақталар қойылып жатыр. Бұл серіктестік пен газет басшыларының ұйымшылдығының, көрегендігінің, ойға алған дүниені жүзеге асыра білулерінің көрінісі деп білемін. Осындай спорттық іс-шаралар тоқсан сайын өтіп тұрса да артық болмас еді. Өйткені, спорт – ұжымды біріктіруге қызмет ететін құрал. Сіздерге мықты денсаулық тілеймін. Жұмыстарыңыз жемісті, қаламдарың қарымды, адымдарың алымды, жүректерің жалынды болсын! – деді Нұрлан Достанұлы.

Спартакидада командалық ойындардың тартысқа толы болғанын айту керек. Жарыс болған соң жеңімпаз да біреу болатыны белгілі. Десе де, жарысқа қатысушы ойыншылар өздерінің мықтылығын танытып, дүбірлі додада үздік шығу үшін барын салды. Бұл жолы құрамдағы әр ойыншы командалық және жекелей сында өнер көрсетуге мүмкіндік алды.

Тартысты ойын көрсетті

Алғаш жарыстың көркін қыздырған волейболшылар мен футзалшылар болды. Екі топқа үш-үштен бөлінген 6 команда алдымен топтық кездесулерін өткізіп, топтық ойында жоғары ұпай жинаған 4 команда жартылай финалдық ойындарға жолдама алды.

Волейбол бәсекесінің жартылай финалдық ойынында әдемі ойын үлгісін көрсеткен «Аудандық газеттер» командасы мен «Баспахана» құрамасы финалдық бәсекеде күш сынасса, жартылай финалда жеңіліс тапқан «Atyraý» газеті мен «Прикаспийская коммуна» газеті жүлделі үшінші орынды сарапқа салды. Тартысты бәсекелерде «Аудандық газеттер» командасы ойынның жеңімпазы атанса, «Баспахана» командасы екінші орынға табан тіреді. Үшінші орын «Прикаспийская коммуна» газетіне бұйырса, «Atyraý» командасы бұл бәсекені төртінші болып аяқтады.

dsc06859

Футзал ойыны да әдеттегідей бәсекеге толы болды. Бір-бірінің осал тұсын білетін ойыншылардың бұл жолғы дайындықтары да жақсы екен. Жартылай финалдық ойында үздік шыққан «Аудандық газеттер» командасы мен «Баспахана» командасы финалдық бәсекеде күш сынасып, «баспаханашылар» волейболда кеткен еселерін қайтарды. Жартылай финалда жеңіліс тапқан «Әкімшілік» командасы  мен «Прикаспийская коммуна» командалары қола медаль үшін барын салды. Дегенмен, «ПК-лықтар» спартакиададан жүлдесіз қайтпайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Осылайша, аяқдоп жарысында «Баспахана» командасы жеңімпаз атанып, «Аудандық газеттер» командасы екінші орынды місе тұтты. Үшінші орын көк жейделі «Прикаспийская коммуна» газетінің уысында кетті. Ал, намысқа тырысып баққан «Әкімшілік» командасы футзал ойынында төртінші орынға табан тіреді.

Жекелей сында шеберліктерін сынаған ерлер мен әйелдердің ойындары да тартысқа толы болды.

Үстел теннисінен «Atyraý» командасының мүшесі, ардагер-журналист Нұрлан Қабылов үздік деп танылса, «Баспаханалық» Серік Төлебаев II орынға ие болды. Жүлделі III орын «Аудандық газеттер» командасынан Жанай Амантурлинге бұйырды.

Әйелдер арасында үстел теннисінен «Электронды БАҚ және контент» командасының ойыншысы Қасиет Бахкерейқызының мерейі үстем болды. Екінші орын «Баспахана» командасының ойыншысы Раушан Ашықбаеваның еншісіне тисе, «Аудандық газеттер» командасының белді мүшесі Кәмшат Әбіш үшінші орынды қанжығасына байлады.

Дойбыдан ерлер арасындағы бәсекеде «Баспахана» командасының ойыншысы Алмас Текешов I орын, «Прикаспийская коммуна» командасының ойыншысы Қайрат Сатаев II орын, «Atyraý» командасының ойыншысы Дәулетқали Аруев III орынға табан тіреді.

hjkhh

Әйелдер арасындағы ойында «Баспахана» командасының ойыншысы Майра Ізбасарова I орын, «Әкімшілік» командасының ойыншысы Лена Нұрбаева II орын, «Atyraý» командасының ойыншысы Эльмира Әбілхайырова III орынға ие болды.

Шахмат спортынан ерлер арасында «Аудандық газеттер» командасының ойыншысы Бауыржан Бердіғалиев жеңімпаз атанса, «Баспахана» командасынан Мирас Нұрмұханов II орын, «Әкімшілік» командасының ойыншысы Қаныш Есенғалиев III орынға ие болды.

Ал, әйелдер арасындағы сында «Әкімшілік» командасының ойыншысы Факия Иманғалиева I орын, «Аудандық газеттер» командасынан Ақмарал Бокирова II орын, «Atyraý» командасынан Сая Рамазанова III орынға қол жеткізді.

Спартакиаданың салтанатты жабылу рәсімінде белсенділігімен көзге түсіп, үздік өнер көрсеткен Қайрат Сатаев, Факия Иманғалиева, Қасиет Бахкерейқызына Алғысхат пен ынталандыру сыйлығы табысталды.

dsc06876

Ынтымақ – басты жеңімпаз

Спартакиадада ең бастысы достық пен бірлік жеңді. Жалпыкомандалық есептің нәтижесінде «Atyraý» командасы үшінші орын мен 70 мың теңгелік, «Аудандық газеттер» командасы екінші орын мен 100 мың теңгелік серификаттарға ие болды. Ал, жарыс жеңімпазы – «Баспахана» командасы 150 мың теңге мен кубокты қанжығалады.

Спартакиаданың жабылу рәсімінде серіктестік басшысы алдағы күндері БАҚ қызметкерлеріне арналған бірнеше іс-шаралар легі барын, оның ішінде облыс әкімдігінің қолдауымен «QUIZ» интеллектуалды кеші мен облыс әкімінің кубогіне арналған волейбол, қалалық әкімдік тарапынан боулинг турнирлері ұйымдастырылатынын айтты.

Расында, ұжымдық бірлестік пен әріптестік қарым-қатынасты нығайтуды көздейтін іс-шара БАҚ қызметкерлерінің мәртебесін көтеріп, ұжым мүшелеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз