Мектептегі әлімжеттік: сот үкіміне марқұмның анасы наразы
Бұл оқиға Жамбыл облысында орын алған. 8-сынып оқушысының өліміне қатысы бар деген үш жасөспірімге сот үкім кесті. Жұдырығы жуан екі оқушы алты жыл сегіз ай бас бостандығынан айырылса, үшінші күдіктінің бір жылға бостандығы шектелді. Алайда, марқұмның анасы жазаны тым жеңіл деп санайды, — деп хабарлайды zakon.kz.
КТК дерегіне сүйенсек, қайғылы оқиға 2024 жылы оқу жылының соңында Байзақ ауданындағы Құмжота ауылында болған. 14 жастағы оқушы кеуде тұсынан алған ауыр соққыдан кейін мектеп дәретханасында жан тапсырды.
«Олар менің ұлымды өлтірді. Ол небәрі 14 жаста еді. Менің ойымша, оларға тым жеңіл жаза тағайындады. Олардың бірі тіпті — бір жылға ғана бас бостандығынан шектелді. Неліктен? Сәуір айының соңында ұлымыздың ортамыздан кеткеніне 1 жыл болады. Олар менің ұлымды үш жақтап ұрған. Біз апелляциялық шағым түсіріп, барлығына жазаны қатаңдатуды талап етеміз», — деді қайғыдан қан жұтып отырған ана Раушан Құдасова.
Айта кету керек, жұмыстан шығарылған директор мен мектептің екі меңгерушісі «салғырттығы үшін» айыпталуда. Олар мектептегі бұзақылық пен әлімжеттік туралы білген, дегенмен ешқандай шара қолданбаған. Бұл іс бойынша үкім әлі шықпады.
Мұнымен қоса, сот үкімімен сотталған екі оқушының жақындары 5 және 6 миллион теңгеден сот шығынын өтеуге міндеттелді.