Жарнама
БілімЖаңалықтарҚоғам

Мектеп жетіспеушілігі мәселесі қалай шешіледі?

Atr.kz/13 тамыз, 2019 жыл. Еліміздің  Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекет мектеп жетіспеушілігі мәселесін қалай шешетінін айтып берді.

«Мектептегі орын жетіспеушілігі мәселесін біз Үкіметтің отырысында көтердік. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет бүгінгі таңда бұл мәселеге ерекше назар аударып, қыруар қаражат бөліп жатыр. Қазіргі таңда еліміз бойынша 200-ге тарта жаңа мектеп салынуда. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында туу мен көшіп келу көрсеткішінің саны артқаннан соң бала саны бір жылда 20 мыңға өседі. Алматы облысында бір жылдың ішінде үш ауысымды мектептердің саны 30-дан 53-ке көбейіп жатыр. Бұл тек туу көрсектішіне қатысты емес, көші-қонға байланысты мәселе. Сондықтан, бұл тарапта қазір министрлік жаңа мектептерді салу әдістемесін жасап жатыр», — деді Асхат Аймағамбетов Үкіметтің баспасөз-орталығында.

 Министрдің айтуына қарағанда, осыдан бірнеше жыл бұрын балабақша санының жетіспеушілігі өте өзекті мәселе болып тұрған. «Балабақшалар бойынша жан басына қаржыландыру жүйесін енгізгеннен кейін қазіргі таңда балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші жағынан 95,2 пайызға жеттік. Сондықтан, мектеп мәселесі бойынша жекеменшік мектептердің үлесін өсіруге үлкен назар аударудамыз. Қазіргі уақытта жан басына қаржыландыру механизмі дайын. Үкімет отырысында көрсеткендей, қысқа мерзімнің ішінде ғана 25 жаңа мектеп ашылып жатыр. Жыл соңына дейін біраз мектептер ашылады. Бірақ, ол да жетпейді. Сондықтан, қайта құру механизмін енгіздік», — деді министр.

 Асхат Аймағамбетовтың айтуына қарағанда, мектеп құрылысы мәселесіне келгенде мәселен Нұр-Сұлтан қаласында жер тапшылығы проблемасы бар. «Бірақ, дайын тұрған ғимараттар баршылық. Сол ғимараттар арқылы мектепке жағдай жасайтын болсақ, ғимараттарды да мектеп ретінде ашуға болады. Сол себепті, бұл өте кешенді мәселе. Министрлік тиісті шешім қабылдайды», — деді Білім және ғылым министрі.

 Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап берген елорда әкімі Алтай Көлгінов мектеп бойынша қалада 17 мың орынның жетіспейтінін хабарлаған болатын.

Дереккөз: «Қаз Ақпарат»

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button