Жарнама
ЖаңалықтарФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

Мектеп туризмін қалай дамытуға болады?

Аtr.kz/30 сәуір, 2020 жыл. Мектеп туризмі – тек физикалық тәрбиелеу құралы ғана емес, ол оқушының жеке тұлға ретінде адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда маңызы зор.

Туризммен шұғылдану балаларды еңбексүйгіштікке, қайсарлыққа тәрбиелейді. Туризм арқылы балалар көп нәрсені үйренеді. Жанға дауа, таза ауада жорықтарға шығып, туған өлке табиғатын тамашалайды, зерттеу-іздестіру жұмыстарын жүргізеді, денелерін шынықтырады, ұйымшылдыққа тәрбиеленіп, қоршаған ортаны танып біледі. Туристік жорықтардың денсаулықты нығайтуға, баланың шымыр да, ширақ болып өсуіне үлкен ықпалы бар.

Туризм – бір тәуліктік немесе бірнеше күн ішінде орындалатын жаяу жүру, велосипедпен серуендеу, жүзу құралдарымен саяхат жасау сияқты физикалық жаттығулардың формасы ретінде өскелең ұрпақты сауықтыратын басты құралдың бірі болып табылады. Егер бала бір немесе бірнеше күнге сапарға шықса, ол қаланың қапырық ауасынан, ерсіліқарсылы көліктері сапырылысқан қарбалас тірлігінен құтылып, бой сергітеді.

Оқушы тұрғылықты үйінен, ата-анасынан жырақта жүріп жақындары мен төңірегіндегі адамдардың қадірін түсінеді. Түрлі жағдайларда өзі шешім қабылдап, жауапкершілікті ұғынады. Әртүрлі адамдармен сапарлас бола жүріп, олармен дұрыс қарым-қатынас жасауға дағдыланады. Ой өрісін дамытып, өзін солармен салыстыра бастайды.

Сапар барысында экстремалды табиғи жағдайлардан шығудың жолдарын үйренеді. Сіріңкесіз от жағу, жұлдыздар мен күнге, ағаш діңгектеріне қарап жол бағытын анықтау тәсілдерін меңгереді. Мектеп туризмінің басты ерекшеліктерінің бірі, оқушылар саяхат
жасау барысында география, тарих, дүниетану, экология, биология, химия, физика, геометрия пәндері бойынша алған білімдерін пысықтап, қосымша білім алады.

Оқушы саяхат барысында әр елдің салт-дәстүрімен танысады және өз туған өлкесін зерттейді, өлкетану және экология бағытында өзінше ой дарытады. Сонымен қатар, ғалымдардың айтуы бойынша, мектеп туризмінің ең басты қызметі – сауықтыру. Оқушылардың күнделікті демалысын жүйелі жоспарлау олардың қимыл белсенділігін дамытады және ағзаларының функционалды жоғарылауына мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, мектеп туризмі моториканың, қабілеттің, ақыл-ойдың, эстетикалық және адамгершілік даму деңгейінің өсу тепе-теңдігін сақтай отырып, дене тәрбиесі мәселелерін шешеді.

Бүгінгі күні мектеп туризміндегі жарыстар оқушылардың жасанды және табиғи кедергілерді еңсеруі арқылы өткізіледі. Бәсеке барысында сынға түсушілер спорттық бағдарлау әдісімен күш байқасады. Бұл спорт түрін 1918 жылы Стокгольм әуесқой спорт қауымдастығының президенті, майор Эрнст Киландер ойлап тапқан.

Спорттық бағдарлау шартына сай қатысушы карта мен компас көмегімен белгілі қашықтықты жүріп өтіп, межеленген жерге жетуі тиіс. Көбіне бұл 5-15 шақырымды құрайды. Жарыс нәтижесі ара қашықтықты жүріп өту көрсеткіші мен жинаған ұпайға байланысты анықталады. Бағдарлаудың бұл түрі «түлкі аулау» деп те аталады. Оған 6 жасар баладан 90 жастағы қарт та қатыса алады. Олар жергілікті карта (әдетте 1: 15000 масштабты ), компас және бағыттаушы антеннасы бар радиоқабылдағышты пайдалана отырып, жасырылған шағын радиоқабылдағыштарды («түлкі») іздеп табулары керек. Бұл жарыстарға қатысу физикалық, техникалық, тактикалық және психикалық дайындықты қажет етеді.

Спорттық бағдарлаудың төрт түрі бар: 1. Берілген бағытты бағдарлау. Картада жүріп өтер қашықтықтың басталу және аяқталу нүктелері, бақылау пунктері, бағыттау сызықтары көрсетіледі. Жарыс жеңімпазы ара қашықты жүріп өту уақытына байланысты анықталады. 2. Спорттық лабиринттегі жарыстар (ультра-спринт).

Бұл жарыстар жасанды кедергілермен жабдықталған шағын ауданда өткізіледі. Жарыс жолының ұзындығы 100500 метр болып, әдетте лабиринт карталарында масштаб 1: 100 болады. 3. Таңдау бойынша бағдарлау. Қатысушылар бұл ара қашықтықты еркін түрде жүріп өтеді. Жарыс алдында қатысушыларға басталу және аяқталу орындары, сондай-ақ бақылау пункттері көрсетілген карта беріледі.

moopopoprop
rsrpchaprrarara
rsrparara
МЕКТЕП САЯХАТЫНАН ҰМЫТЫЛМАС СӘТТЕР

Осындай жарыстарды өткізудің үш нұсқасы бар. Бірінде белгіленген межені ең аз уақытта өтіп шыққан адам жеңімпаз болса, екіншісінде – берілген уақыт ішінде ең көп ұпай жинаған ұтады. Ал, үшіншісі – күрделілік пен ауқымға байланысты тағайындалады. 4. Белгіленген жолдағы бағдарлау жарысы. Жарысқа қатысушылар белгіленген бағыт бойынша картаға (ине немесе арнайы компоспен) жол бойында кездесетін басқару пункттерінің орналасқан жерін енгізеді.

Мәреге жеткенде төрешілер бақылауөткізу пунктінің орналасқан жерін анықтаудың дұрыстығын тексеріп, қатысушының қателігіне байланысты айыппұл салады. Командалар жарыс өтетін жерге келгеннен кейін далалық лагерь орынын дайындайды. Қатысушылар шатырлар тіге бастағанда команда өкілдері мандаттық комиссиядан өтіп, төрешілер жеребе суырады. Қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған экологиялық және өлкетану топтары алғашқы күндерден бастап жарыс өткізетін аймақты, ауданды зерттейді.

Жарыстың соңында, мектеп туризміне қатысушылардың барлығы экологиялық және өлкетану конкурсында бақ сынайды. Конкурсқа қатысушылардың есебінде аймақтың географиялық орналасуы мен өткізілетін орны, әлеуметтік-экономикалық дамуы, флора мен фаунасы, экологиялық жағдайы және аймақтың тарихнамасы көрсетілуі керек.

Кешкі демалыс кезінде туристік алау жағылып, ән мен би, түрлі конкурстар, жарыстар ұйымдастырылады. Қазіргі таңда мектептегі туризм аясында экологиялық және өлкетану экскурсиялары, саяхаттар, экспедициялар бөлек өткізіледі. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, экология және өлкетану ғылымдары бір-бірімен тығыз байланысты. Осы себепті, оны бірге өткізген тиімді. Табиғаттағы, сәулеттегі, адам ағзасындағы барлық өзгерістер экологияның әсерінен болады. Өз кезегінде экологияның өзгеруіне адамның қатысы бар.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына жасаған жолдауының алтыншы тармағында: «Өз жеріңді танып біл» жаңа бастамасы аясында еліміздің өңірлері бойынша жаппай мектеп туризмін қайта жаңғырту керек» деген болатын. Осыны басты мақсат қылған Атырау облысының білім басқармасына қарасты аймақтық дене шынықтыру және спортты дамыту орталығы осы мектеп туризмін дамытуды төрт бағытта жүргізуде.

Ол ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық дене шынықтыру ғылымипрактикалық орталығының спорттық іс-шараларының күнтізбесіне сәйкес мектепішілік, қалалық және аудандық, облыстық, республикалық деңгейде өткізіледі. Яғни, мектепішілік жарыстар мектеп әкімшілігімен бірлесіп дайындалса, қалалық және аудандық бәсекелерді балалар мен жасөспірімдерге арналған дене шынықтыру клубтары (БЖДШК) ұйымдастырады.

Сәдіржан ЖЕКЕНОВ,

Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button