Мектеп бітірушілердің кеші қалай өтті?
Әне, міне дегенше жазғы каникулдың да бір айы өте шықты. Мемлекеттік емтихандар мен ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы кезеңі де өз мәресіне жетті. Түлектердің бір тобы шығармашылық емтихандарға құжаттарын тапсырып, енді сынақ күнін тосып жүрсе, енді бір тобы мемлекеттік грантқа құжат қабылдар күнді асыға күтуде. Бұл кезең мектеп бітіруші түлектер үшін «сындарлы сәт» десек те артық айтпаспыз. Ертеңгі күнге елеңдеп жүрген жасөспірімдерге шынымен қоғамның қолдауы қажет. Бірақ, бізді алаңдататын мәселе бұл ғана емес…
«Ұстаз» түлектері ұлығыланды
Жуырда облыс мектептерінде ХІ сынып бітіруші түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтіп, 6 мыңға жуық жасөспірім үлкен өмірге қанат қақты. Биыл аймақта «Алтын белгі» төсбелгісіне 159, үздік аттестатқа 272 түлек қол жеткізіп, оқуды озат аяқтады.
Он бір жыл бойғы білімнің нәтижесіндей көрінетін аттестат тапсыру сәтінің түлектер үшін маңызы жоғары. Қолына жалпы орта мектеп бітіру туралы аттестат пен ұлттық бірыңғай тесілеудің сертификатын ұстаған мыңдаған жас енді еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге бағын сынамақ.
Биыл 20 маусымнан басталған шығармашылық мамандықтарға құжат қабылдау 7 шілдеге дейін жалғасса, 8-15 шілде аралығында шығармашылық емтихандар өтеді. Ал, 13-20 шілде аралығында мемлекеттік гранттарға өтініш қабылдау басталмақ.
Облыстың өзге де білім ұяларымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жанынан құрылған, дарынды ұлдарға арналған «Ұстаз» мектебі биыл екінші мәрте түлектерінің қанатын қатайтты. Салтанатты шараға университеттің Басқарма төрағасы-ректор Саламат Идрисов қатысып, ел үмітін ақтайтын ұлдарды құттықтап, түлектерге сәттілік тіледі. Білім іздеген жас талапкердің бар ынтасын өзіне аудара білген «Ұстаз» мектебін биыл 35 бала бітіріп отыр.
Ойлы іске көңіл бөлінсе…
Естеріңізде болса, бұрынғы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова мамыр айында өткен брифингте биылғы оқу жылының соңында мектептерде салтанатты іс-шараларды өткізуге қойылатын талаптар туралы анықтап айтқан еді. Вице-министр салтанатты түрде аттестаттарды тапсыру кезінде, педагогикалық этиканы сақтау және сыбайластық құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ата-аналардан іс-шараны өткізуге немесе аниматорларды, мерекелік кеш ұйымдастыратын агенттіктерді, жеке студияларды жалдап шақыру үшін қаражат жинауға тыйым салынатынын да ескертті. Педагогтар мен мектеп әкімшілігіне сыйлық жасау бойынша ата-аналардан қаражат жинауға министрлік тарапынан қатаң түрде тыйым салынатынын да атап айтты. Алайда, биыл да ата-аналар мұғалімдерге сыйлық жасау мен мейрамханалардан бас тартты деп айта алмаймыз. Ата-аналар комитетінің шешімімен «дәстүрлі» түрде сыйлық беріліп, мейрамханаларда аста-төк дастархандар ұйымдастырылды.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова да мектеп бітіруші түлектерге аттестат табыстау мектеп қабырғасындағы ресми шарамен ғана шектелуі керектігін айтады.
– Мектеп түлектерінің жыл сайынғы өткізілетін аттестат табыстау шарасы салтанатты түрде мектеп қабырғасында өтеді. Оған ата-аналар, мұғалімдер мен мектеп бітіруші түлектер қатысады. Біріншіден, ақылы және ойын-сауық шараларынан бас тарту балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырған қадам. Көпшілік осыны түсінсе дейміз. Өйткені, осындай шаралар барысында бұрынғы жылдары қайғылы оқиғалар да орын алған еді. Халықтың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, түлектердің ақылы қызметтерге жүгініп, мейрамханаларда шара өткізудің дұрыс емес екендігі жыл бойына түсіндіріліп келеді.
Екіншіден, осы кезде білім беру мекемелерінде ұлттық бірыңғай тестілеу өтіп жатқанда, мейрамханада қоштасу кешін өткізу қаншалықты орынды?! Бұл баланың болашақ өмірі үшін маңызды сынақ болғандықтан, көңілдерін өзге нәрсеге аудармағаны абзал. Балалардың болашағы алда. Оқу орнына түсіп алған соң отбасымен атап өтсе, бұл қуаныштың маңызы одан да арта түсер еді. Қазір түлектердің бір ғана мақсаты болуы тиіс, ол – жоғары оқу орнына түсу үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізу. Сондықтан, мұндай шараларды өткізуге тыйым салу қажет. Ойын-сауық кешін өткізу жөнінде ұсыныс көбінесе ата-аналар тарапынан түсіп, өздері ұйымдастырады. Мұндай шараларға мүдделі болудың қажеті жоқ, керісінше әр ата-ана баласына жағдайды ақылмен түсіндіріп, бар ойын жоғары оқу орнына түсіп, мамандық меңгеруге аударса дейміз, — деді Айнагүл Байғанинқызы.
Әрине, ата-ана жиған-тергенін баласының қызығынан аяп қалмасы анық. Алайда, оның шығыны да қазіргі күні отбасы бюджетіне кәдімгідей ауырлық әкелері түсінікті. Мысалы, бір қыз балаға мектеп бітіру кешіне орта есеппен 150-200 мың теңге жұмсалса, ер бала бір кеш үшін 100-150 мың теңге шығындайды екен. Оған алдағы өзге өңірлерге барып оқуға түсу, жолақы, орналасу шығындарын қосыңыз. Ал, мұны екінің бірі көтере ала ма, әңгіме сонда!..
Басты талап – бала қауіпсіздігі
Біз адам құқығын шектей алмаймыз, әйтсе де ересектер шашетектен шығынға батыратын мектеп бітіру кешін емес, әуелі перзентінің қауіпсіздігі туралы ойланғаны абзал ма дерсің. Тұрғындарға Атырау облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ерлан Биғамбаевтың бейнеүндеуінің мақсаты да құқық бұзушылықтар мен оқыс оқиғаларға жол бермеу болатын. Өйткені, мектеп бітіру кешінен кейін түлектердің қатысуымен орын алатын оқиғалар жыл сайын қайталанып отыр.
Басқарма басшысы өз жазбасында жыл сайын оқыс оқиғалар көшедегі су бұрқағына шомылу, өзен, көлдерге бару, автокөлікпен кортеж жасап жол ережесін бұзу, суицид, табиғат аясында демалу (пикниктерге шығуы), мейрамханаға баратын күндері таңды қарсылау, алау жағу салдарынан орын алатынына тоқталды. Сондықтан, ол әр ата-ана аттестат берілген күні, сонымен қатар мейрамханадан шыққан кезде өз баласын үйіне алып кетуді, кез-келген түлектің құқық бұзушылығына ата-ана жауап беретінін қатаң ескерткен еді.
Өйтпеске амал жоқ, биыл да соңғы қоңырау соғылған күні-ақ мектеп бітіруші түлектердің көлік руліне отыруы салдарынан Атырау қаласының Қызылбалық ауылында жол апаты орын алды емес пе?! Соның кесірінен екі адам (оның бірі кәмелет жасына толмаған) түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Ел құлағын елең еткізген бұл оқиға кезінде «оқушылар жазым болды» деген жалған ақпарт та тарады. Абырой болғанда, балалар дін аман. Бірақ, бұл оқиға да бұқараға құдай сақтанғанды ғана сақтайтынын, ал ата-анаға өз баласына бас-көз болуды ескерткендей.
Түйін:
Білім – инемен құдық қазғандай. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеу мектепте алған білімнің нәтижесін татар сәт сынды. Дегенмен, соңғы жылдары облыс оқушыларының ҰБТ-дан жоғары нәтиже бермей жүргені жасырын емес. Ата-аналар да үкілі үмітін мұғалімге сеніп тапсырғанымен, мектептегі білім сапасына іштей күмәнмен қарайтын болды. Осындай жағдайда «қатардан қалмайық» деген жалған намыспен аттестат алуды тойға ұластырудың қаншалықты қажеті бар?! Баланың болашағын ойлап, қаражатты білім алуына жұмсағанның тиімділігін түсінер кез әлдеқашан жетті емес пе?
Бізді мектеп бітіру кешін жыл сайынғы дәстүрге айналдыру кемшілік екенін көре тұрса да, қалың бұқараның бұдан бас тарта алмайтыны ойландырады. Мұндай астамшылықты тоқтатып, мектеп бітіру кешінің жаңа, бірыңғай, материалдық тиімді жүйесін жасаудың кезі жеткендей. Ал, сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..
Мәлике ҚУАНЫШЕВА