Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі
Нұрсәуле Сайлауова,
облыстық білім беру басқармасының басшысы.
Мемлекеттің негізі – мұғалімнің қолында
«Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан, қоғам дамуында білім берудің ең маңызды мәселе болып табылуы – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық тарихында еліміздің мемлекеттігін нығайтуда ұстаз еңбегінің өлшеусіз үлесі бар екенін көрсетеді. Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметтi де қадiрлi мамандықтардың бiрi. Өйткенi, адами қасиеттердi бойына сiңiрген мұғалім өз шәкiрттерiнiң бойында бiлiмге деген құштарлықты және Отанына деген сүйiспеншiлiктi оятады.
Бәсекеге қабілетті болудың басты құралы
Білім – ұлттың бәсекеге қабілеттігін арттырудың басты құралы. Бұл – педагогтар қауымының алдында тұрған үлкен жауапкершілікті іс. Елбасы Н.Назарбаевтың: «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан, ұстазға жүктелетін міндет ауыр» деген сөздерінде қарапайым мектеп мұғалімдеріне бүтін бір елдің болашағына жол салар, жас ұрпағын нұрлы аспанға көз тіктіріп, ұлы армандарға қанаттандырар құдірет иесіне деген үлкен сенім, жауапкершілік жатыр. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректілік деп бағалауға болады.
Облысымыздың білім беру ұйымдарында «өз уақытын аямай» қызмет етіп жүрген 11639 ұстаз қауымы үшін биылғы жылдың тың жаңалықтары баршылық. Ағымдағы оқу жылынан «100 нақты қадам: баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары, Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында жаңа білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен көшу жұмыстары басталды.
Атап айтатын болсақ, жаңа оқу жылында 1 сыныпқа қабылданған 14367 оқушыға жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім беру жүзеге асуда. Осы бағытта 1909 педагог курстардан өтті. Әр ұстаз өз білімін көтеріп, заман талабына сәйкес кәсіби біліктілігін үнемі үздіксіз жетілдіріп отыруы тиіс. Мұғалім оқытудың жаңа әдістерін барынша жетік меңгеріп, неғұрлым шығармашылығы жоғары болса, оның кәсіби құзыреттілігі соғұрлым кең болмақ. Қазіргі заманауи талапқа сәйкес өзіндік көзқарасы бар жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру мұғалімдер үшін маңызды мәселе болып отыр. Осыған орай Назарбаев Зияткерлік мектебі Педагогикалық шеберлік орталығы әзірлеген жаңа форматтағы деңгейлік біліктілік арттыру курстарынан 2061 мұғалім, 89 мектеп басшысы білімдерін жетілдіріп, білім беру ұйымдарының оқу-тәрбие үдерісіне тың жаңалықтар енгізуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда кезең-кезеңімен жаңартылған бағдарлама бойынша мектеп басшыларының біліктілік арттыру курстары жүргізілуде.
Бүгінгі күні білім беру ұйымдарында ұстаздардың жан-жақты жұмыс жасауы мен ақпараттық қолжетімділігі үшін жасалған жағдайлар жыл сайын жалғасын табуда. Облысымызда 162 мектепке Вilimland.kz сайтының ресурстарын пайдалануға жағдай жасалды. Мұның өзі бұл мектептердің мұғалімдеріне мектеп бағдарламасы бойынша жасалған он мыңға жуық интерактивті сабаққа жол ашады, мұғалімдерге арналған мыңдаған көрнекі құрал ұсынады, жаратылыстану пәндері бойынша әлемдегі ең үздік виртуалды зертхананы пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, шалғай елді мекендерде орналасқан 15 шағын жинақты мектеп интерактивті құралдармен жабдықталатын болады.
Мектепке робототехника ене бастады
Қазіргі таңда білім кеңістігіне «Робототехника негіздері» бөлімін енгізу өте маңызды және өзекті болып отыр. Бұл дегеніміз – оқушыларды техника саласындағы зерттеулерге, техникалық ақпарат және бастапқы инженерлік біліммен алмасуға бағыттайды деген сөз. Осы мақсатты жүзеге асыру – алдымызға тағы бір келелі міндеттің жүктелгенінің айғағы. Облысымыздың іргелі оқу орны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті аймақ орталығындағы 10 мектепте «Робототехника» курсын өткізуге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Бұл білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуде университет пен мектептің инновациялық-әдістемелік, ғылыми-педагогикалық әлеуетін бірлесе тиімді пайдалануға, оқушыларды ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін толық меңгертуге, баулуға және ақпараттық жүйелер саласындағы мамандықтарға кәсіби бағдар беруге мүмкіндік туғызуда.
Жұмыс сапасы – ұстаз мерейі
Білім сапасы – мұғалімдер қызметінің басты көрсеткіші. Оқушыларға нені үйрету керек екенін мемлекеттік стандарттар, бағдарламалар белгілейді. Ал, «қалай оқыту керек?» деген сауалға жауапты тек мұғалімнің кәсіби даярлығынан, өз ісін жоспарлай білуінен, өзінің нақты мақсаттарын болжап, көре алуынан, баланың әрекетін ұйымдастыра білетін шеберлігінен іздеу керек.
Қазақтың XX ғасырдағы белгілі ағартушысы Ж.Аймауытов: «Қазіргі қазақ мектебіне қажеттісі – тек білім беруші мұғалім ғана емес, баланы өмір сүруге үйретуші ұстаз!» — десе, ал, А.Байтұрсынов: «Мектеп керектері» деген мақаласында: «…Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім» — деген екен. Бұл сөздердің бүгінгі күні де мәні өте жоғары. XXI ғасыр ғылым мен білімнің қарыштап дамыған ғасыры болады деп күтілуде. Сондықтан, бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, қатаң бәсеке жағдайында өмір сүріп, еңбек етуге дайындайды. Бұл істе нәтижеге қол жеткізу мұғалімнің өзінің жан-жақты білімдарлығына, ой-өрісінің кеңдігіне, шығармашылығына тікелей байланысты. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері, қоғам, халық өзінің үміті мол болашағын тапсыратын сенімді өкілі.
Жетістігіміз – мақтанышымыз
Ұстаз алдынан білім алған шәкірттеріміздің берісі республика, әрісі халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып, көзге түсуі – облыс ұстаздарының кәсіби әлеуетінің айқын дәлелі деуге болады. Атап айтқанда, оқушыларымыз Көкшетау қаласында өткен «Зерде» республикалық байқауында командалық есепте жүлделі I орын, Алматы қаласында өткен республикалық ғылыми жобалар конкурсында командалық есепте жүлделі II орын, республикалық ғылыми пәндер олимпиадасының қоғамдық-гуманитарлық бағытында облысымыз командалық есепте жүлделі I орынның иегерлері атанды.
Қырық бір оқушы – халықаралық олимпиада және ғылыми жарыстардың, 35 оқушы – республикалық жарыстардың жүлдегерлері. Сонымен қатар, Үндістанда өткен «Ментальды арифметика» байқауында тоғыз шәкіртіміз және «Жас музыканттар» республикалық байқауында 31 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
Талантты, шығармашыл, ізденімпаз педагогты анықтау, мұғалім беделін арттыру мақсатында жыл сайын ұйымдастырылатын республикалық «Үздік педагог» конкурсында облысымыздың үш бірдей мұғалімі төл мерекелері қарсаңында «2016 жылдың үздік педагогі» атағына, Білім және ғылым министрінің айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшеріндегі сыйақысына ие болды. Білім ошағында өз білімін ұштап, үнемі жетілдіріп отыратын, жүктелген істі бар ынта-жігерімен орындайтын, адамгершілігі жоғары мұғалім ғана биік белестерді бағындыра бермек, өз жұмысының нәтижесін көрмек. Сондықтан да, білікті ұстаз ретінде өзінің кәсіби шеберлігі мен шығармашылығын көрсете білген облыстық қазақ-түрік лицейінің география пәні мұғалімі Гүлсара Нұрғалиева, Атырау қаласындағы №10 орта мектептің химия-биология және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі Күләш Мұңайтбасова, Атырау политехникалық колледжінің оқытушысы Нұрлы Нұржан сынды ізденімпаз ұстаздарымызды мақтаныш тұтамыз.
Алдымызда үлкен мейрам Мұғалім күні жақындап келеді. Бұл мереке бір күн ғана тойланып өтіп кетсе де ұстаздардың шәкірт жүрегіне салған ізі мәңгілік сақталып, ешқашан ескірмейді. Керісінше барлық естеліктер қайта жаңғырып, ұстаз еңбегінің ұлылығы асқақтай түседі. Ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға ұстаз еңбегінің ұлағаты тарих болып жатталып, сарғайған қағаз беттеріне хатталады. Жыл сайын ұрпақтың ұлы мұраты жолында талмай еңбек етіп жүрген ұстаздардың төл мерекесі «Мектеп – білім тірегі, ұстаз – оның жүрегі» деген дәстүрлі сөздермен жалғасын тауып, ұлы көшке айналып келе жатқаны осы мамандық иелерінің орны ерекше екендігін білдірері сөзсіз.
Болашақтың жаңалықтарына тоқталсақ, 2020 жылға қарай жоғары оқу орындары барлық техникалық және медициналық мамандықтар бойынша ағылшын тілінде оқуға көшеді. 2019 жылдан бастап білім беру ұйымдарында төрт пәнді: химия, биология, физика, информатиканы ағылшын тілінде оқытуды енгізу кезең-кезеңімен, мұғалімдер мен оқушылардың дайындығына қарай жүзеге асырылса, ағымдағы жылдан 2019 жылға дейін 10-11 сыныптар үшін пән мұғалімдері мен ағылшын тілі мұғалімдерінің дайындығы жүргізіледі.
Қазірдің өзінде республика бойынша бес мыңнан астам ұстаз өздері тілек білдіріп, 4-9 айлық тілдер курсына жазылған. Бұл кезде олардың жұмыс орны мен еңбекақысы сақталады.