МЕДСАҚТАНДЫРУ: Жаңа жүйенің тиімділігі неде?
Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. Биыл бірінші қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қазақстанда денсаулық сақтау саласында алғаш рет енгізіліп жатқан ірі медициналық жобаның тиімділігі неде? Аталмыш жүйеде облыс тұрғындарын медициналық қызметпен қамту деңгейі қандай?
Атырау өңіріне іссапармен келген еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің мәлімдеуінше, бұл бастама арқылы әрбір емделуші үшін жылына 19 мың теңге жарна төленсе, ол бір жыл медициналық қызметтерді тегін ала алады.
«Ал, 15 санат бойынша, яғни, әлеуметтік деңгейі төмен немесе көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, оқушылар, жүкті әйелдер және басқа да емделушілер мәртебесіне қарай тегін медициналық көмек алады. Олар үшін қажетті жарнаны мемлекет төлейді. Бұл ретте әркім өзінің тұрақты тіркелген емханасына барса болғаны» дейді Олжас Әбішев.
Медициналық сақтандыру бойынша денсаулық сақтау саласында тегін қызметтерді алу үшін әрбір адамның мәртебесін анықтау маңызды. Мәртебесі анықталмағандар 1 сәуірден бастап ақылы түрде қызмет алады. Оған дейін барлық азаматтар денсаулық сақтаудағы қызметтерді бұрынғыша пайдалана береді. Біздің облыста аталған жүйеде тұрғындарды медициналық қамту көрсеткіші 96,4 пайызды құрайды. Яғни, облыс тұрғындарының 3,6 пайызы «шартты түрде сақтандырылмағандар» болып саналады. Бұл ретте тұрғындар арасында әлі де түсінік жұмыстарын жүргізіп, Медициналық сақтандырудың маңыздылығын баса айту қажет. Бұл турасында облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов өңірлік штаб отырысында да құзырлы органдарға тапсырма берген болатын.
«Ең алғаш 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінде статусын өзектендіруді талап ететін облыстың 54,7 мың тұрғынының тізімі анықталып, 43 мың адамның статусы нақтыланды. Бүгінгі күнге дейін әлі де шамамен тізім бойынша 11,6 мың азаматтың статусы белгісіз» дейді «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Әйгерім Намазғалиева.
Спикердің сөзінше, 2020 жылға медициналық қызмет көлемдерін орналастыруға өтінім бермеген ұйымдардың бар екенін есепке алып, медициналық қызметке қосымша сатып алу жарияланды. Биылға сатып алу жоспары 36 139 163 мың теңгені құрайды, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі – 24 414 479 мың теңге, ал, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін – 11 724 683 мың теңге.
Биыл бірінші қаңтардан бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. Қазақстанда денсаулық сақтау саласында алғаш рет енгізіліп жатқан ірі медициналық жобаның тиімділігі неде? Аталмыш жүйеде облыс тұрғындарын медициналық қызметпен қамту деңгейі қандай?
ЖАРНА ҚАЛАЙ АУДАРЫЛАДЫ?
Жұмыс берушілер үшін сақтандыру қорына аударатын аударымдар мөлшері биылдан бастап жалақының 2 пайызын құрайды. Ал, қызметкерлердің жалақысынан 1 пайыз жарна ұсталады. Қарамағында жалдамалы жұмыскерлері бар жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері жарнаны осы тәртіп бойынша төлейді. Осы орайда «Медициналық сақтандыру аясында жарна төлеуде бірнеше жерде жұмыс істейтін адам үшін төлем қалай жүзеге асырылады?» деген сауал туындайды.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың мәлімдеуінше, егер адам екі немесе одан да көп жерде жұмыс істесе, онда жарна әр табыс көзінен бөлінуі керек.
«Егер адам екі жерде жұмыс істесе, жарна ортақ табыс есебінен төленеді. Бұл жерде бөлінетін жарна шектеулі: ай сайын 6 мыңнан аспауы керек» дейді Айбатыр Жұмағұлов.
Ал, аударымдар мен жарналарды аудару тәртібін екінші деңгейдегі 25 банк кассаларынан жүзеге асыруға болады.
«Жеделдік, уақыт үнемдеу, сонымен бірге қаржылық жүктемені төмендету мақсатында жеке тұлғаларға – медициналық қызметтерді төлеушілерге, Қормен төлемдердің онлайн каналдарын кеңейту мәселесі бойынша екінші деңгейдегі банктермен жұмыс жүргізілді.
Қорытындысында қазіргі уақытта сақтандыру қорына төлемдерді интернет-банкинг «Қазпошта», «Kaspi Bank», «Шинхан Банк Казахстан», «Tengri Bank», «Bank RBK», «Қазақстандағы Қытайдың ДБ ДБ Банк», «ДБ Казахстан Зираат Интернешнл Банк» АҚ, сондай-ақ, «Қазақстанның Халық банкі» және «Қазпошта» АҚ өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі бар» дейді Әйгерім Намазғалиева.
Медициналық қызметтердің орындалысында оның сапалылығы да басты назарда. Осы орайда әрбір пациент медициналық сақтандыру қорына өз сауалдарымен бес тәсіл бойынша хабарласа алады. Тұрғындардың дәрігердің дөрекілігіне, медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне қатысты сұрақтары болса, тегін медициналық қызметтерге ақы төленгенде, олардың сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға қатысты өз ұсыныстарын білдіреді.
Бірінші тәсілде кері байланыс үшін өзінің деректерін көрсетіп, бас дәрігердің атына жазбаша өтініш жазады. Екінші тәсіл – MVOTER мобильдік қосымшасында медициналық ұйымға баға беру. Ол үшін сақтандыру қорының пайдаланушысы қосымшаны жүктеп, денсаулық сақтау мекемесінде Медициналық сақтандыру қорының жеткізушісінің QRкодын сканерлеп, қызмет сапасын бағалау қажет.
Сондай-ақ, азаматтар қор сайтының «Халықтық бақылау» бөлімінде мына сілтеме арқылы http:fms.kz/ru/leavecomplaint жазбаша өтініш қалдыра алады. Ал, бесінші амалда қордың әлеуметтік желідегі мессенджерлеріне хабарлама жібере алады. CALL ОРТАЛЫҚ – СІЗДЕР ҮШІН! Бұдан басқа, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша Call орталыққа тегін хабарласуға болады.
Сақтандыру қорының жұмысына қатысты сұрақтардың жауабын 1406 нөмірінен алуға болады. Аталмыш орталық азаматтарды жиі мазалайтын сұрақтарға жауап беру арқылы пациенттердің мүддесін қорғау мақсатында қолға алынды. Орталық жеті сағат бойы жұмыс істейді. Бұл қор жұмысының ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жасалған. Мұнда әрбір сұрақ жеке-жеке қарастырылады. Егер белгілі бір медициналық мекемеге қатысты шағымдар жиі түссе, қажет жағдайда ол мекемемен жұмыс тоқтатылады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
- Медициналық сақтандыру аясында қымбат тұратын қызмет түрлерінің біріне КТ/МРТ жатады. Бұл қызметке жоспарланатын барлық сома – 1 364 632 мың теңге. Облыста барлығы 5 КТ және 2 МРТ аппараты қызмет етеді. Сақтандырылған азаматтар бұл қызметті тегін алады және бағасы қымбат оталар қолжетімді болады. Сондай-ақ, 18 жасқа дейінгі балалар дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі. Ал, тегін медициналық көмек түрлері қала береді. Соның ішінде жедел жәрдем, санитарлық авиация және тағы басқа қызметтер бар.
ОБЛЫС БОЙЫНША:
МӘМС-ті жүзеге асырушы медициналық мекемелер – 58
Мемлекеттік – 31 (53,4%)
Жеке меншік – 27 (46,6%)
Амбулаторлық-поликлиникалық көмек – 19
Тәулік бойғы стационар – 11
Стационар алмастырушы көмек – 25
Консультативті-диагностикалық көмек – 20