Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

Медициналық сақтандыру жүйесі халыққа несімен тиімді?

денсаулық

Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жарналарды төлеуді бастаймыз. Аталмыш жүйе елімізде кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Яғни, 2018 жылдың қаңтар айынан бастап, жарты жыл бойы төлеп келген жарнамызды кәдеге жарата бастаймыз. Осы кезге дейін ауырып қал-ғанда, қалтамызға қарайтын едік. Егер қаржың болмай қалса, ауруыңды жасыра тұруға тура келеді. «Ақшам болған күні толық тексерілермін, қазір үйдегі дәріні іше тұрайын»  дейтінбіз.  Қаржы болғанда, тағы да шаруларың шығып қалады. Сөйтіп, денсаулық ұмытыла береді. Ақыры, жағдай ушыққанда  дәрігерге көрінесің. Ол кезде одан да көп қаржы керек болады. Міне, осылай денсаулыққа атүсті қарап жүре беретініміз жасырын емес.  Ендігі кезекте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы   бірінші орында денсаулықты құнттауға мүмкіндік бар. Өйткені, қаржым жоқ демейсің, бар жиған-тергеніңнің бәрі өзіңнің қорыңда сақтаулы тұр. Кез келген жерде, кез келген уақытта емделе аласың.

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында енгізілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайында біз көпшіліктің пікірін білген едік.

Күдіктенуге себеп жоқ

Зәуре  ІЗБАЕВА,

Атырау қалалық №2 емхананың психологы:

Жаңа жүйе бойынша медициналық қызметтердің бірнеше түрі тегін болады. Атап айтқанда, мемлекет жедел жәрдем қызметін, санитарлық авиацияны, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуді, төтенше жағдайда көмек көрсетуді және алдын алу шараларына қатысты екпелерді өз міндетіне алады.

Дегенмен, бұл модельге көшпес бұрын халықтың көңілінде күдік те барын айтуымыз керек. Өйткені, бұған дейін де бұл тәжірибе біздің елде енгізіліп, сәтсіз аяқталғанын көпшілік ұмытқан жоқ. Дегенмен, қазіргі кезді бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Өйт-кені, 1996-1998 жылдары қорға кірістер, төлемдер жиналмады. Көптеген кәсіпорындардың үлкен қарыздары болғандықтан, сақтандыру жарналарын төлей алмай, сақтандыру төлемдеріне заттай ақы төлеу жүйесін қолдануға мәжбүр болды.  Сондай-ақ, жұмыссыздық  деңгейінің  өсуі де жергілікті бюджетке ауыр тиді. Жергілікті атқарушы органдардың белсенді емес халық үшін тиісті жарна деңгейін қамтамасыз етуге жағдайы келмеді. Міне, осы секілді бірнеше фактор  жүйенің жұмысын жандандыруға кедергі болды.

Ал, бүгінгі таңдағы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тағы бір ерекшелігі – коммерциялық емес, яғни акционерлік қоғам болып табылады. Қордың құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Үкіметі. Түсетін жарналарды бақылау ісі Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетіне жүктеліп отыр. Сондықтан, қазіргі жағдайда күдіктенудің себебі де жоқ деп ойлаймын. Керісінше, медициналық сақтандыру – қазіргі кезде ең бірінші қажеттілік.

Төлемдерді жинақтау шілдеде басталады

Маржан ЖАБАСОВА,

Атырау қалалық №1 емхананың бөлім меңгерушісі:

Келер жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні белгілі. Жүйе енгізілгеннен кейін еліміздің барлық тұрғыны – баладан бастап зейнеткерге дейін тегін медициналық көмек аясында барлық қажетті дәрігерлік көмекті  алады.

Жүйені енгізу кезеңдеріне келетін болсақ, 2017 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жұмыс берушілердің, жеке кәсіпкерлердің, жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттардың, кәсіби медиаторлардың, жеке тұлғалардың аударымдары мен жарналарының қорға төлеу мерзімі басталады. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет әлеуметтік аз қамтылған азаматтар үшін жарналарды төлеуді бастайды. Осылайша, Қазақстан  Республикасының  азаматтары мен оралмандарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығы жүзеге асырылады.

Экономикалық белсенділігі төмен тұрғындар үшін жарнаны мемлекет төлесе, жалдамалы жұмыскерлер үшін олардың жұмыс берушілері төлейді. Салық төлеу органдарында тіркелген жұмысшылар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар жарна төлеуді өздері қамтамасыз етеді.

Біздің міндетіміз  –  сапалы да тиімді медициналық көмек көрсету арқылы емделушілердің сеніміне ие болуына қол жеткізу. Осы орайда  Атырау  қалалық  №1 емханада  «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» тақырыбында емхана қызметкерлеріне дәріс жүргізілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл мемлекеттің әлеуметтік мүдделерін қорғау саласындағы халықтың денсаулығын сақтау жүйесі.

Қарапайым халыққа тиімді

Зәрипа  Өткелбаева, «Алтын алқа» иегері:

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарнасын төлеуден босатылатын 15 санаттың ішінде көп  балалы аналар да бар. Бұған дейін ауырған кезде түгелдей тегін медициналық көмек алып көрген жоқпыз. Ендігі кезекте біз үшін бәрі тегін болмақ.

Яғни, төлемді енді мемлекет төлейді. Сөйтіп, өзіміз  таңдаған кез  келген емханадан ем алуға мүмкіндігіміз болады. Мәселен,  мен жұмысшы болсам да солай.  Бүгінгі таңда ауырып қалсам, өзіме жарна төлеп отырған жоқпын. Ендігі кезекте мен үшін жұмыс беруші төлейді. Сондықтан, бірінші кезекте  қарапайым халық үшін тиімді жүйе деп есептеймін. Осы сақтандыру арқылы жекеменшік және мемлекеттік ауруханалар арасында бәсекелестік орнайтыны да рас. Себебі, медициналық сақтандыруы бар азамат медициналық мекемені өзі таңдай алады. Осы арқылы жекеменшік ауруханалардың қызмет көрсетуі қалай болса, өзіне емделушілердің келуі үшін мемлекеттік ауруханалар да қызмет сапасын арттырары сөзсіз. Себебі, медициналық сақтандырудың арқасында сол ауруханаларға қаржы түседі. Науқаспен дәрігерлердің қарым-қатынасы да түзелер еді.

Жаңа жүйе бойынша, азаматтардың жеке шығындары да азаяды. Әдетте,  денсаулық сақтаудың жалпы шығындары бойынша елімізде 35 пайыздан жоғары болса, ал,  дүние  жүзі  елдерінде  20 пайыз деңгейінде екен. Осыған дейін көрініс алып келген дәрігерлерге «ризашылығын» білдіру үшін берілетін «бейресми төлемдер», медициналық көмекке өз қалтасынан төленетін қаражаттың кемитінін айта кеткен абзал.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button