Жарнама
Жаңалықтар

Медиацияны дамытуға – соны серпін

 Дүйсенбіде облыстық әкімдікте өткен жиында Елбасының «100 нақты қадамында» белгіленген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев пен облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғанов өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Алқалы басқосуға облыс әкімдігінің, судьялар корпусының, Қазақстан халқы Ассамблеясы медиацияны дамыту орталығы, адвокаттар коллегиясы, нотариалдық палатаның өкілдері қатысты. Дауларды медиация тәртібімен шешу – кеше ғана қолға алынған шаруа емес. Облыс басшысы оның тарихы әріден бастау алатынына тоқталды. «Қазіргі өзекті мәселенің бірі – дауды баламалы тәсілдермен шешуді жолға қою, нығайту және жетілдіру. Осыған орай біз дауларды реттеуде, азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғауда өзара келісім рәсімдерін қолдануға ерекше мән беруге тиіспіз. Қоғамдық медиацияны күшейту – тек сот жүйесіне ғана емес, жалпыға ортақ мәселе. Әкімдіктер жанынан медиация кабинеттерін құрудың басты мақсаты да – осы» деп атап өтті. Бүгінде кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың базасы жинақталған. Онда 61 кәсіби емес медиатор тіркелді. Жергілікті әкімдіктер жанынан 40 медиация кабинеті ашылды. Жыл басынан бері 72 дау, оның ішінде 9 қылмыстық, 63 азаматтық іс қаралды. Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде де осындай кабинет жұмыс жасауда. «Мұның бәрі – бастамасы ғана. Біздің алдымызда осы бағытты дамытуда үлкен міндеттер тұр. Оны іске асыруға дайынбыз» деді Нұрлан Асқарұлы. Облыстық соттың төрағасы Марғұлан Жұбанышұлы аймақ басшысына сот жүйесінің алдындағы тапсырмаларды бірігіп атқаруға ықпал жасағаны үшін алғыс айтты.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button