Медиацияны дамыту – қазақ қоғамына қажет дүние

mediaciia Жаңалықтар

         Сот тәртібінде қаралатын даулардың санын қысқартып, оларды шешудің баламалы тәсілін қолдану, оның ішінде бітімгершілік рәсімдері ретінде медиация әдісін қолдану – адам құқықтарының әділ сақталуының кепілі деуге болады.

Медиация дегеніміз – дауласушы тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың  жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды  реттеу рәсімі.

Ал, медиацияның мақсаттары – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу. Сотқа жүгінуші азаматтардың дауласушылық деңгейін төмендету болып табылады.

Қызылқоға аудандық сотымен, медиация, Билер институтын дамыту бағытындағы жұмыстар үнемі насихатталып, ол бойынша әр түрлі шаралар өткізіліп, газет бетінде мақалалар жарияланып, ауданға қарасты ауылдық округтерге барып халықпен кездесулер өткізіп, медиацияның, Билер кеңесінің атқаратын жұмысы туралы, оның мән-маңызы халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріліп келеді.

         Медиация рәсімдерін қолдану, дауды сотқа жеткізбей шешу бүгінгі күнгі өзекті тақырыптардың біріне айналды деуге болады. Жалпы елімізде дауласушылық деңгейді төмендетудің, тараптарды татуластырудың маңызы зор деп білемін. Осы орайда, қазіргі таңда қала орталықтарынан ашылған татуласу орталықтары, соттардағы медиация кабинеттері нәтижелі жұмыстар атқарып, ол бойынша Билер кеңесі мүшелері, кәсіби және қоғамдық медиаторлар өз жұмыстарын тиімді атқарып отырғанын көруге болады.  

Қазіргі таңда  2023 жылға Қызылқоға ауданы бойынша  – 13 қоғамдық медиатор тізілімге енгізілген. Ауданға қарасты 10 округ бар болса, солардың барлығынан да қоғамдық медиаторлар тағайындалған. Биылғы сайланған медиаторлардың көпшілігі жаңадан тізілімге енгізіліп отыр. Өйткені «Медиация туралы» заңға өзгерістер енгізіліп, медиаторлар жаңа өзгерістерге сай қоғамдық кеңес мүшелерімен сайланған. Ал, бұрын медиаторлар тізілімінде болған тұлғалардың көбісі сол қоғамдық кеңестің мүшесі болғандықтан, олардың өздерін сайлауға мүмкіндік берілмеген.

Атап өтіп кететін жағдай, Миялы округі бойынша қоғамдық медиаторлар қатарына Қызылқоға Билер Кеңесі жұмыс тобының жетекшісі Хасанов Құмар ағай да енгізіліп,  медиатор болып тіркелді.

Осы тұста, қоғамдық медиаторлардың біліктілігін арттыру жұмыстары жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау көрсетіліп, Атырау облыстық қоғамдық келісім жанынан Миялы ауылдық округінің қоғамдық медиаторлары Бағыт Нығмет пен Құмар Хасанов «Мектеп медиация» тақырыбындағы семинарға қатысып, біліктіліктерін арттырып, арнайы сертификат алып келді.

Қуанарлық жағдай. Татуластырудың қыр-сырын терең меңгерген осындай медиаторларымыз көбейсе, кез-келген дауды өршітпей, бейбіт жолмен шешуге зор септігін тигізер еді. Осындай семинар сағаттары жалғасын тауып, басқа да округтегі медиаторларымызды тегін оқытуын ұйымдастырса нұр үстіне нұр болар еді.

Біздің ауданның халқы бір-бірімен аралас-құралас,көз таныс жандар. Бірақ пенде болған соң, олардың да дауласатын, сөзге таласатын, кикілжіңді сот арқылы шешкісі келетін кездері көп. Осы тұста, аудандық сот  тарапынан, тараптарды бітімге шақырып, ортақ келісімге келтіру үшін барлық жағдай жасалады. Азаматтарға соттасудың ұзаққа созылатынын, үлкен шығынды талап ететінін, жүйкені жұқартатынын, сыйластыққа сызат түсіретінін, заңға сәйкес түсіндіріп отырады.

Былтыр елімізде, татуластыру рәсімдерін күшейтуде қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сай, «Татуластырушы судья», азаматтарды татуластырудың «сотқа дейінгі хаттама» деп аталатын  жаңа институттары енгізіліп,  іске асырылуда. Сондықтан қазір азаматтық істерді қарау барысында, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейтетін «Сотқа дейінгі хаттама» деп аталатын жаңашыл норма басшылыққа алынып, татуластырушы судьямен тараптарға сотқа дейінгі хаттама жасау арқылы татуласудың тиімділігі мен салдары түсіндіріліп, татуластыру шаралары жүргізіліп келеді. Нәтиже де жоқ емес.Үстіміздегі жылдың 3 айы ішінде қаралған азаматтық істердің 9-ы медиация тәртібімен тоқтатылып, барлық қаралған істің 21%-ін құрап отыр.

    Медиация жұмысын жандандыру – бүкіл қазақ қоғамына қажет дүние. Ел ішіндегі татулықты сақтау, дауласушылық деңгейді төмендетуде Сіз бен біз болып атқарылатын жұмыстар екенін біле жүрген абзал.    

Халқымыздың «Дауласу – ырысты кемітеді» деген нақыл сөзін ұстанып, дауласуды болдырмай, бола қалған кезде, татулық жолымен шешілуіне баршамыз жұмыла кірісейік.

Базаргул Абдуалиева,

Атырау облысы

Қызылқоға аудандық соты әкімшісінің бас маманы       

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз