«БЕРЕКЕДЕГІ» БІР КҮН…

lrolrlrlr Жаңалықтар

«БЕРЕКЕ» ШАҒЫНАУДАНЫ, №54, 55, 56 ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ӘЛІ КҮНГЕ КӨГІЛДІР ОТЫННЫҢ ҚОСЫЛМАҒАНЫНА, ЖҮРГІЗІЛГЕН ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ШИКІЛІГІНЕ НАРАЗЫ. ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ ЖИІ ӨШІП, СОНЫҢ САЛДАРЫНАН ЖЫЛУ ДА ӨЗ ЖҰМЫСЫН ЖИІ ТОҚТАТАДЫ. МҰНДАЙДА «БЕРЕКЕЛІКТЕРДІҢ» БЕРЕКЕСІ ҚАШЫП, БАЛАЛАРЫНЫҢ САУЛЫҒЫНА АЛАҢДАЙДЫ. СОЛ СЕБЕПТІ УАҚЫТША ЖАЛДАМАЛЫ БАСПАНА КЕЗІП КЕТКЕНДЕР ДЕ БАР. БҮГІНДЕ БАРЫ ЭЛЕКТР ПЛИТАМЕН ТАМАҚ ПІСІРІП, АЙ САЙЫН ҚОМАҚТЫ ҚАРЖЫҒА ШЫҒЫНДАНЫП ОТЫР. ЖАҢА ҮЙ АЛЫП ҚУАНҒАНЫМЕН, ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСАРА ҚОЙМАҒАН ТҰРҒЫНДАР АУА-РАЙЫНЫҢ ЖЫЛЫЛЫҒЫНА ТӘУБЕ ЕТІП, ЖАН БАҒУДА. ЖЕРТӨЛЕДЕГІ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІНЕН ШЫҚҚАН ҚОЛҚАНЫ АЛАР ИІС ТЕ ЖЫҒЫЛҒАНҒА ЖҰДЫРЫҚ БОЛҒАНДАЙ. АТАЛҒАН МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ «БЕРЕКЕДЕГІ» ЖАҒДАЙДЫ КӨЗБЕН КӨРІП, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БҰЙЫМТАЙЛАРЫН ТЫҢДАП, ТИІСТІ МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ЖАУАБЫНА ҚҰЛАҚ ТҮРІП ҚАЙТҚАН ЕДІК.

Газды күте-күте шаршадық…

Бұл үйлерде түрлі санаттағы тұрғындар қоныстанған. Тапқан-таянғанын жалдамалы үйге жұмсағаннан гөрі түбінде өзіне тиесілі болатын баспанаға төлегенді құп көргендер де бар. Қаңтар айында жаңа қонысқа көшіп келген №54 үйдің тұрғыны Назгүл Амангелдиева газдың жоқтығы өз алдына, үйдегі құрылыс жұмыстары да сын көтермейтінін айтып шағымданды.

– Істен шыққан дүниелерді жөндеуге сантехник, бригадирлерді шақырсақ, құрылыс материалдарының сапасы төмен екендігін айтады. Оның үстіне бір жерді жөндете қояйын десек, «ана жерді оямыз, мына жерді тесеміз» деп уақытылы істемейді. Тіпті тиісті жұмыстарын жасағаны үшін ақша дəмететіндері де бар. Лифті де істен шыққан. Оның бұғатталып қалғанын бізден көреді. Ал, газды күте-күте шаршадық. Жаңа үйлерге тұрғындардың толықтай орналаспағандығына біздің қандай кінəміз бар? Мұның барлығы жүйелі түрде ұйымдастырылып, басынан бастап шешілуі керек емес пе? – деді ол.

Көгілдір отынға тікелей жауапты «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ мамандары заң талабы бойынша тұрғын үйдегі пəтерлердің 80 пайызына халық орналаспайынша газ берілмейтіндігін баса айтты.

– Тұрғындар пəтерге толықтай орналасқаннан кейін, газ тұтыну жүйелеріне жəне газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаулары қажет. Біз алдымен үйдің кіреберісіне (подъезд) дейінгі газ жабдықтары талапқа сай ма, соны анықтаймыз. Содан соң үйішілік газ жабдықтарына қызмет көрсететін «Коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы-Атырау» (КҚЕО) ЖШС-мен келісім-шартқа отырады. Аталған серіктестік əр пəтерді қарап, тұрғындардың орналасқандығын анықтап, құрылғыларының дайындығын қарайды. Ал, «Береке» бойынша, жергілікті атқарушы орындар мен пəтер иелері кооперативі ортақ шешімге келуі керек. Жаңа пəтерлердің көбі бос. Көшіп келушілердің қарасы көбеймесе, яғни 80 пайызға жетпесе, əр пəтердегі газ тұрбасына арнайы бітеуіш орнатылады. Кейін келгендер оны алып тастап, қайта қоса алады. Сонда ғана қазір тұрғындары қоныстанған үйлерді газбен қамтамасыз етуге болады. Бірақ, бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы орын жасайды. Біз өз тарапымыздан тұрғындардың қауіпсіздігін басты орынға қоямыз, – дейді «ҚазТрансГазАймақ» АҚ АӨФ директорының бірінші орынбасары Серік Қыдыров.

«Береке» шағынауданындағы тұрғындарды алаңдатқан газ, тағы басқа мəселелерге байланысты Атырау қалалық əкімдігіне хабарласқанбыз. Алайда, олардан тұшымды жауап ала алмадық.

«Атырау коммуналдық қызметтерді есептеу орталығы» ЖШС басшысы Аполлон Бектаубаев тұрғындардың заң талабына бағыну керектігін, газдың су мен жарыққа қарағанда қауіпті екендігін алға тартты.

– Тұрғындар қазіргі қалыптасқан жағдайды дұрыс түсінулері керек. Пəтерде кішкене ұшқын шықса, ақаулар туындап, ол дер кезінде қараусыз қалып, үй жарылса кім жауап береді? ПИК мамандары жаңа қоныстанған тұрғындардың санын бізге беріп отырады. Өйткені, тұрғын үйлерде адамның бар-жоғын кооператив өкілдері анықтайды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ үйдің кіреберісіне дейінгі жұмыстарына жауапты. Ал, біздің серіктестік кіреберістен бастап пəтердегі газ плитаға дейін жауап береді. Барлығы техникалық талаптарға сай болған кезде ғана газ береміз. Егер, тұрғындар толықтай қоныстанса ПИК өкілдеріне ескертіп, кездесу ұйымдастырамыз, – деді Аполлон Исаұлы.

Жауапкершіліктен қашпау керек Бүгінгі таңда тұрғындардың мəселесі газбен ғана шектелмей отыр. №54 үйдің тұрғыны Айгүл Салихованың айтуынша, қыстың көзі қырауда температура төмендесе, пəтерлер лезде салқындап кетеді екен. Үп еткен желге «дірілдей» қалатын бұл қандай баспана? Үй құрылысын жүргізген «ЗападСтройЕРС» ЖШС учаске бастығы Ғалымжан (тегін айтпады) №53, 54, 55, 56 үйлерге газ берілмегенін, жалпы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын тілге тиек еткен болатын. Алайда, «артық сөз айтып қоямын» деп қауіптенді ме, мəн-жайды басшыларынан сұрауды ескертті.

Тұрғындар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімі пəтерлерді бөлген кезде, ішкісыртқы жұмыстары бітпеген пəтерлерді қабылдап, кілтін таратқанына наразы. Бұл жөнінде бөлім қызметкерлеріне сауал жолдағанымызда бөлімге қатысты мəселе жоқтығын айтып, қысқа қайырды. Ал, «Раяна» ПИК басшысы Гүлнара Бахитова газдың жоқтығына ПИК-ті кінəлаудың орынсыз екендігін айтты.

– Менің түсінбейтінім, газдың жоқтығына ПИК-ті кінəлі етіп көрсеткісі келетіндігінде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автомобиль жолдары бөлімінен бірнеше рет пəтер иелерінің тізімін сұраттық. Тізімнің əлі дайын еместігін айтып бермеген болатын. Берген тізімдері бойынша пəтердегі əр тұрғынға хабарласып, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен келісімшартқа отырулары керектігін ескерттік. Халыққа қолымыздан келгенше газ қосып беруге жұмыстанудамыз. Пəтерге орналасқандарды базаға тіркеудеміз. Құрылыс компаниясынан бос тұрған пəтердің кілтін алып, бітеуіш салып қойдық. Кілт алмаған үйлерге басында бітеуіш орнату керектігін білген жоқпыз, тиісті мекемелер ескертпеді, – деді Гүлнара Төрəліқызы.

Осылайша, «Берекенің» берекесін алған мәселелердің жауабын білмек болып, бірнеше құзырлы органмен хабарластық. Бірі – заңдылығына жол сілтесе, бірі бұл мәселеге «қол сілтеген» сыңай танытты. Көштен бұрын келген тұрғындардың да кінәсі жоқ. Біреудің ипотекаға алған жалғыз баспанасы болса, келесісінің басқа барар жері жоқ. Келмеген кісінің де з уәжі бар шығар. Біздің міндет – мәселені саралап, оны жауапты орындарға жеткізу. Қалғаны уақыт пен ар-ұяттың еншісінде.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Коллажды жасаған: Дәурен Мұхамбеталиев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз