
Медиация институтын дамыту бойынша келісім жасалды
Атырау қалалық сотының төрағасы Жасұлан Жақсылық пен «Қоғамдық келісім» КМК-і басшысы Жанар Ильясова облыстағы медиация институтын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Құжат қоғамдағы ажырасу деңгейін төмендетуге, татуластыру арқылы дауларды шешу мәдениетін дамытуға, азаматтардың құқықтық саналарын жоғарылатуға бағытталған.
-Бұл меморандумның отбасылық құндылықтарды насихаттап, бірлескен іс-шараларды өткізуде тиімділігі бар. Сондай-ақ, сот тәртібімен қаралуға жататын даулар санын қысқартудың, оларды шешудің балама тәсілдерін енгізудің, татуластыру рәсімдері мен медиацияны дамытудың маңыздылығына назар аудару, — деп түсіндірді қалалық сот төрағасы.
Өз кезегінде «Қоғамдық келісім» КМК-і басшысы Жанар Ильясова «облыстағы өзге ұлт өкілдері арасындағы татулықты нығайту, ерлі-зайыптылар арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тегін психологиялық кеңес беру жұмыстары» жүргізілетіндігін айтты.
Бұл бағытта атқарылатын жұмыстың тиімділігін арттыру жөніндегі ортақ ұсыныстарды жүзеге асыру үшін тараптар өзара іс-қимылдың әртүрлі формаларын пайдалануға, ақпаратпен тұрақты алмасуды жолға қоюға келісті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА