
Мәжілісте жер қойнауын тиімді пайдалануға бағытталған заң жобасының таныстырылымы өтті
Мәжілістің Экология және табиғатты пайдалану комитеті «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекске көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша түзетулер енгізу туралы заң жобасының таныстырылымын өткізді. Құжат Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген.
Мәжілістің Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиынға Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар, салалық сарапшылар, қауымдастықтар мен қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Іс-шараға жетекшілік еткен аталған комитет төрағасы Еділ Жаңбыршин өз баяндамасында заң жобасының негізгі бағыттарын таныстырып, жер қойнауын барлау мен игерудің өзекті мәселелеріне тоқталды.
-Заң жобасы Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, еліміздің минералдық ресурстарын тиімді әрі ашық игеру механизмдерін жетілдіру мақсатымен әзірленген. Әсіресе, геологиялық зерттеулерге инвестиция тарту, уран және мұнай-газ салаларының тұрақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық беріп отырмыз, – деді Еділ Жаңбыршин.
Комитет төрағасының айтуынша, заң жобасы қабылданса, геологиялық барлауға инвестиция тарту мүмкіндігі артады. Бұл Қазақстанның зерттелмеген аумақтары бойынша маңызды ақпарат алуға және шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, көмірсутек саласында ұлттық компаниялар резервтегі кен орындарын игеру мерзімін шектеп, олардың қызметін реттеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта 53 учаскенің 10-ы бойынша жер қойнауын пайдалану келісімшарттары жасалды, ал 8 учаске мемлекетке кері қайтарылды, қалғандары әлі резервте тұр. Заң жобасы көмірсутектер саласындағы ұлттық компанияларға басымдықпен берілген жер учаскелерін резервке қою мерзімін шектеп, босаған учаскелерді аукцион арқылы инвесторларға бере отырып, бәсекелестікті арттыруды көздейді.
Уран саласында барлау мен өндіру құқығы ұлттық компанияға беріледі. Уранды қайта өңдеу және байыту технологияларын Қазақстанда дамыту жөнінде міндеттемелерді белгілеу немесе өндіру көлемін ұлғайту арқылы өндіріс мерзімін ұзарту, инвесторлардың жауапкершілігін арттыру сияқты новеллалар қарастырылған. Бұл сала дамуын жеделдетуге ықпал етеді.
Таныстырылым барысында Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек заң жобасының жер қойнауын пайдалануды дамытуға ықпалы туралы айтып, шетелдік тәжірибені ескере отырып, жаңа тәсілдер енгізу қажеттігін атап өтті.
Депутаттар тарапынан ауыр мұнайды игеру, уран өндірісі орналасқан Түсркістан облысының Созақ ауданына қолдау көрсету, өнеркәсіптік үлестердің тиімділігін қамтамсыз ету, ұлттық компаниялардың жер қойнауын тиімді пайдалануы, уран өндірісін әртараптандыруға қатысты бірқатар мәселе көтерілді.
Заң жобасы одан әрі Еділ Жаңбыршин жетекшілік ететін жұмыс тобы отырыстары аясында жан-жақты талқыланып, барлық мүдделі тараптардың ұсыныстары ескерілетін болады.