Мәжіліс пен мәслихат арасында байланыс нығаяды
Мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына тарту жалғасады. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісі мен AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов партия атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Енді, Мәжіліс пен Мәслихаттардың байланысы туралы. Мәжіліс пен Мәслихаттар жұптасып, пәрменді жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін өзара байланысты барынша нығайтамыз. Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фракцияларда талқылануы қажет. Екіншіден, өңірдегі депутаттар өзекті мәселелерді жиі көтереді. Сондықтан, біз мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына, партиялық алаңдар мен жобаларға белсенді түрде тартып жатырмыз. Бұл тәжірибе жалғасады», — деді ол.
Ерлан Қошанов осы форумға дайындық кезінде арнайы сауалнамалар жүргізілгенін атап өтті.
«Онда Мәжілістің, қоғамдық кеңестер мен фракциялардың қатысуымен орталық аппаратта ағылымдама ұйымдастыру мәселесі жиі көтерілді. Жақсы үрдіс, бұны мен қолдаймын. Партиялық менеджмент академиясына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын», — деді партия төрағасы.