Мәжіліс депутаты көмек көрсетті
Биылғы жазда Атырау өңіріне жұмыс сапары барысында Құрманғазы ауданының шекара шебінде орналасқан ауылдарда болып, тұрғындардың мұң-мұқтажымен танысқан «AMANAT» партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әділ Жұбанов туындаған проблемаларға назар аударған еді. Соның ішінде орталықтан шалғайда орналасқан Сүйіндік ауылына аса қажетті, қатқыл жолға төзімді медициналық автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешу жөнінде қолынан келген көмегін көрсетуге уәдесін берген болатын.
Сертіне берік халық қалаулысы сол уәдесін орындау үшін жақында Атырауға арнайы атбасын бұрды. «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің ауласында демеушілік көмекпен алынған су жаңа автокөліктің кілтін Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры Саида Уахапқызына тапсырды.
Өз кезегінде емдеу мекемесінің басшысы Сүйіндік ауылының тұрғындары мен әріптестерінің атынан азаматтық танытып, көмегін ұсынған Мәжіліс депутаты Әділ Орынбасарұлына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген автор