Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ АТЫРАУДАҒЫ ЖҮН ӨҢДЕУ ЦЕХЫНА БАРДЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ЖҰМЫСЫ ЖАНДАНҒАН КӘСІПОРЫНҒА БАРДЫ.

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев жұмыс сапары аясында бірнеше жыл үзілістен соң қайта жандана бастаған «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Кәсіпорын 2014 жылы іске қосылған. Түйе және қой терісін өңдеп, жіп орамдары және жамылғы шығарумен айналысатын бірегей кәсіпорын өндірісі «Атырау» ӘКК-ке берешегінің пайда болуынан тоқтап тұрған еді.
Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде өсімақы мен айыппұл санкцияларын есептеу тоқтатылып, жұмысқа қан жүре бастаған.
«Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-нің директоры Назгүл Есмақанованың айтуынша, кәсіпорынды Ақтөбе, Шымкент және Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық қожалықтары шикізат көзімен қамтамасыз етіп тұрғандығын айтады.
– Кәсіпорынның өндіріс қуаты 500 тонна. 150 тонна түйе, 350 тонна қой
жүнін өңдейміз. Бізде жүн сатып алу – өзекті проблема. Негізінен жүнді Оңтүстік облыстардан аламыз. Жергілікті шаруа қожалықтары біздің кәсіпорынмен келісімшартқа отырып, жүнді өткізгені үшін салық төлеуі керек. Ал, олар мұны қиынсынады.
Атырау облысында түйе жүні қырқылмайды. Түйе жүнін қырқу шығынды талап етеді. Қырқылған түйеден 4 келі жүн алынады. Оның әр келісіне 500 теңгеден алғанда, бұған ешкімнің жұмыс істегісі келмейді. Сөйтіп түйенің жүні далада жүріп, түсіп қалады. Ол үшін ауыл шаруашылығы министрлігі түйенің жүніне субсидия бөлсе, шаруалардың қызығушылықтары артар еді, – дейді кәсіпорын директоры.
Аумағы 8878,4 шаршы метрді құрайтын кәсіпорын 6 бөліктен тұрады. Мәжіліс депутаты кәсіпорынның ішін аралап, жұмыс процесін көрді.
– Жергілікті әкімдіктегілер кәсіпкерлердің жұмыстарының жандануына
қолұшын беруі керек деп есептеймін. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың атына кәсіпкерлер тарапынан көптеген арыз-шағымдар келіп жатады. Пленарлық жиналыста да мұны көтеріп жүрміз. Мұның дамуы үшін Үкімет корпорацияның жұмысын реттеу керек. «Caspiy Lana Atyrau» ЖШС-ін толғандырған ұсыныс-пікірлерін менің атыма жолдауын сұрадым. Әрі қарай халық пен биліктің ортасында көпір болып, мәселелерінің оң шешілуіне атсалысамыз, — деді Серік Сәрсенұлы.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button