
Мәжіліс депутаттары Жылыойдағы «Болашақ» шағынауданында болды
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Әділ Жұбанов пен Дүйсенбай Тұрғанов Құлсары қаласындағы су тасқынынан зардап шеккендерге 100 тұрғын үй салынған «Болашақ» шағынауданында болды. Мұнда барлық отбасы жайлы өмір сүруге жағдай жасалған жаңа үйлерге қоныстанған.

Жұмыс сапары барысында Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов шағынауданда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Қазір «Білім-Инновация» мектебі мен балабақша құрылысының жобалары әзірленуде. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» АҚ заманауи спорт кешенін салу ісі жоспарланып отыр, бұл шағынаудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына мұрындық болмақ.

Депутаттар «Болашақта» әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтіп, білім және спорт нысандарын құру жұмыстарын жеделдету қажеттігін қаперге берді.

Дайындаған Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ