Мазаны алған масаға қарсы қандай шаралар жүргізілуде?
Atr.kz/24 шілде, 2020 жыл. Атырау тұрғындарының мазасын маса алуда. Қазір жұртшылық кешкілік уақытта таза ауамен тыныстаудың мүмкіндігі жоқтығына, тыста еркін жүре алмайтынына шағымданып жатыр. Себебі, ыссылық аздап басылған кезде ызыңдаған қансорғыш буып кетеді. Жылдар бойы айтылып, күрес жұмыстарына қомақты қаражат бөлінгенімен, оның нәтижесі көңіл көншітпеуде.
«Далаға шығудан қалдық»
Шын мәнінде, жұртшылықтың өкпе- реніші орынды. Кешкілік мезгілде далаға шығып, таза ауамен демалудың өзі мұңға айналғанын Атырау тұрғындары жақсы біледі. Қаланың орталығында да, оған қарасты елді мекендерде де маса қаптап тұр. Қазір әлеуметтік желілерде де талқыға түскен басты проблема осы болды.
– Қазіргідей қауіпті індет алқымнан алып тұрғанда өкпенің жұмысын қалыпқа келтіру үшін дәрігерлер таза ауаның пайдасы зор екендігін айтады. Ал, шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығында күндіз далаға шығу мүмкін емес. Кешке шығайын десең маса жүргізбейді. Мазасы қашқан балалар да асыр салып далада ойнай алмайды. Қансорғыштан қашып, кешке үйге тығылады. Күні бойы онсыз да төрт қабырғада телміріп отырған оларды аяйсың. Негізі, жазда еліміздің әр өңірінде маса кездеседі. Елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласында да солай. Бірақ, дезинфекциялық шаралар тұрақты жүргізілгендіктен, жағдай дәл біздегідей емес. Осыны ретке келтіретін уақыт жетті ғой, — дейді қала тұрғыны Ләйла Қуанбаева.
«Мистраль» мен «Бомбей» – жаңа препарат
Иә, жері сортаңдау аймақта жаз мезгілінде қансорғыштың шамадан тыс көбеюі – маусым сайын қайталанатын жағдай. Әр жылда онымен күрес жұмыстарына қазынадан қомақты қаражат бөлінеді. Алайда, қансорғыштар біздің климатқа әбден бейімделіп алған секілді. Тіпті, бұған дейін қолданылып келген дезинсекциялық құралдарды «пысқырмайтын» көрінеді. Биолог- энтомолог Айнагүл Дәулетиярованың айтуынша, бұған дейін бізде Кремльдің айналасындағы масаларды улайтын дәрілер пайдаланылған. Өкінішке қарай, қансорғыштар оған да бой үйретіп алыпты.
– Қазіргі уақытта, облыс орталығын жаппай улаудың жетінші сатысы жүргізіліп жатыр. Жылдан-жылға маса улау жұмыстары күрделене түсуде. Өйткені, адам қанымен қоректенетін қансорғыш экологияның кез келген жағдайына тез дағдыланады. Соның салдарынан, маса улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді. Мәселен, соңғы төрт-бес жыл бұрын масаны дәрілеуге «Циперметрин», «Солфак» секілді препараттар қолданылса, қазір олар күшін жойған. Ал, 2018 жылдан бастап ресейлік өнім «Медилис ципер» препараты пайдаланылды. Дегенмен, кейіннен бұл дәрілік зат та әсер етпеді. Өйткені, масалар улы заттарға әбден машықтанып алған. Сондықтан, соңғы уақытта, жаңа «Мистраль» препараты қолданысқа еніп жатыр, — деді биолог-энтомолог.
Күні бүгінде мамандар жаңа препараттың экологияға әсерін зерттеп жатқан көрінеді. Өйткені, «Мистраль» дәрісінің күші жоғары. Оны көп көлемде қолдануға болмайды.
– Сол себепті, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы «Бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада бұл дәрілік зат тәжірибеде оң нәтижесін көрсетті. Қазіргі уақытта, жаппай улаудың 7-ші сатысында жүрміз, әлі 8,9,10-шы кезеңі бар. Айта кетейік, масаны улау екі түрге бөлінеді. Біріншісі, дәріні түтіндету, екіншісі сумен араластырып буландыру. Қолданыстағы дәрілердің күші басым болғандықтан, түтіндетіп улау экологияға қауіп туғызады. Сол себепті, су арқылы буландырып шашуды қолға алдық, — деді Айнагүл Дәулетиярова.
Бақа мен инеліктер жоғалып барады
Мамандар «соңғы жылдары масаны жоюдың табиғи жолы жоқ» деп дабыл қағуда. Өйткені, масаны азық ететін бақа, инелік сынды жәндіктер жойылып барады. Соның салдарынан, қансорғыштардың қатары жылдан-жылға көбеюде. Оның үстіне, табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы да кері әсерін тигізіп отырған жайы бар.
– Химиялық өңдеуден басқа табиғатта реттеп отыратын биологиялық реттеуші күш болады. Яғни, оған бақа, инеліктер жатады. Мен бірнеше күннен бері Жайықты бақылап жүрмін. Өкінішке қарай, бірде-бір бақаны кездестірмедім. Ал, инсексицид – химиялық препарат. Ол тек масаны ғана емес, жалпы жәндік атаулыны, тіпті, гүлдерді тозаңдандыратын көбелектерді қырып тастайды. Көп реттерде, тұрғындар тарапынан масаға қарсы дәрінің құрамын үнемдеп, аздап қосады деген әңгімені жиі еститін болдық. Алайда, бұл – қате пікір. Егер біз препараттардың құрамын көбейтсек, ол барлық жәндік атаулының өліміне әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, тек масаны жоюға арналған инсектицидтерді ғана пайдаланамыз, — деді әңгімелесушіміз.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты «AG Disinfection services» мердігер м е к е м е с і д е з и н с е к ц и я л ы қ жұмыстарды наурыз айында бастады. Сол уақыттан бері күні бүгінге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлесі мен кіреберістері қансорғыштардан тазаланып келеді.
Алдымен, масаны дәрілеудің бірінші сатысы бойынша ашық су айдындары залалсыздандырылған. Айталық, «иесіз» үйлерге дезинсекция жұмыстары сенбі- жексенбі күндері жүргізілсе, ПИК қызмет ететін тұрғын үй секторлары жұмыс күндері рет-ретімен уланады. Ал, жеке тұрғын үй секторлары, ауылдық округтерде белгіленген кесте бойынша кешкі уақытта дезинсекциялық шаралар жүргізіледі. Тұрғындармен байланысты нығайту үшін мамандар әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашқан. Олар өздерін мазалаған сұрақтарына 87015294749, 87782489122 «қауырт желі» телефондарына хабарласып, жауап ала алады.
Лас сулар – қансорғыштар ошағы
Жалпы, масамен күрес жұмыстары үшін бір жылға 130 млн. теңге қаражат қаралады. Оның 65 млн. теңгесі «AG Disinfection Services» ЖШС-не бөлінген. Улау жұмыстары жүргізілгеннен кейін сегіз-он күнде нәтиже береді.
– Масаны түбегейлі жоя алмаймыз. Бірақ, санын азайтуға бар күш- жігерімізді салып жатырмыз. Дезинфектор мамандарымыздың барлығы осы жердің адамы болғаннан кейін олар жағдайды жақсы біледі, балаларының қансорғышқа таланғанын қаламайды. Олар масаны азайтуға барын салып жатыр, — деді биолог-энтомолог маман бізбен әңгімесінде.
Бүгінгі таңда Атырауда масаның үш түрі кездеседі. Жайық, Каспий теңізі маңын мекендейтін «Aedes Caspins», көшені паналайтын «Culex pipiens» және жертөле мен үй ішіне дағдыланған «Culex modestus» деп аталатын түрлері адам денсаулығына аса қауіпті емес. Мамандар ыссылықтың тұрақты түрде 12 күн бойы сақталуы да масаның өршуіне себепші болғанын жасырмады. Сонымен қатар, биыл Жайыққа су жылдағыдан көбірек келді. Онымен бірге масаның қанатшалары да жеткен. 40 градустың үстіндегі ыстық температура лас судың ылғалданып, көтерілуі қансорғыштың негізгі ошағының бірі екен.
P.S.
Жыл сайын әлемде 700 миллионнан астам адам маса шаққаннан кейін ауруға шалдығады. Оның 750 мыңы қансорғыштар арқылы берілетін науқастан көз жұмады екен. Тіпті, кейбір елдерде мутацияға ұшыраған масалар түрлі аурудың негізгі ошағы саналады. Бетін әрмен қылсын, бізде ондай жағдай кездескен жоқ. Десек те, тері аурулары дәрігерлері көшеге шығарда немесе далалық жерге барған кезде міндетті түрде арнайы спрей, гельдерді жағып жүруге кеңес береді.
Ал, қансорғыш шағып алған жағдайда «псилобальзам» секілді жақпамай, гельді қолданған абзал. Бұл – басқа препараттарға қарағанда тиімдірек. Егер аллергиялық қышыну, ісу реакциялары байқалса, өз бетінше емделмей, міндетті түрде дәрігерге қаралған жөн.
Айбөпе САБЫРОВА