Жарнама
Жаңалықтар

Масылдықтан арылудың кілті

Жастарды жұмыспен қамту – бүгінгі өзекті  мәселенің бірі. Бұқараның толғақты мәселелерін қамтыған жуырдағы сұхбатында да Президент жастарға жан-жақты қолдау көрсету мақсатында түрлі мүмкіндіктер жасалатынына тоқталды.

Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауы да, сұхбаты да азат елдің озат ойлы жалынды жастары үшін жарқын жетістіктерге жол ашатын мүмкіндіктердің бастауы болған сыңайлы. Жаңашыл реформалар мен нақты қолдаулар жастардың болашаққа деген сенімін күшейтетіні анық.

Енді жұмыссыз жастардың саны азаяр ма екен? Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қана қоймай, масылдықтың алдын алуы мүмкін бе? Қaзіргі тaңдaғы жасақталған мемлекеттік бағдарламалар жастар арасындағы жұмыссыздықты жоюға қаншалықты әсер етіп отыр? Масылдықтан қалай құтыламыз? NEET тобындағы жастардың санын азайтудың жолы қандай? Олар ертең жұмыссыздар армиясын құрамай ма? Осындай сауалдарымызды жас кәсіпкерлерге жолдаған болатынбыз. Ендеше, мархаббат…

Азамат АСЫЛБЕКОВ, кәсіпкер:

Жастар арасындағы жұмыссыздық

Жастардың арасында жұмыссыздық бар. Ол қайдан пайда болды? Кез-келген дамыған елде белгілі бір мөлшерде жұмыссыздық деген мәселе болады. Ал біздегі жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі тиісті мөшерден көп. Неге? Табысты болу үшін ғана емес, бақытты болу үшін де істеп жүрген жұмысыңды жақсы көру маңызды. Қазір ше? Жастардың дені өзі қалаған қызметінде жүрген жоқ.

Мысалы, мен 2009 жылы мектеп бітірген кезде ҰБТ тапсырдық. «Алтын белгімен» мектепті аяқтадым. Бірақ өзім қалаған оқу орнына грантқа түсе алмадым. Өйткені бәсекелестік жоғары болатын. Ақылы бөлімге түсіп, ата-анама ауыртпашылық салмау үшін кейінгі оқу орнына тапсырып, сол жерден білім алып шықтым. Тегін. Ешкімге өкпем жоқ. Көптеген жас өзі армандаған оқу орнына грантқа түсе алмағандықтан жүрегі қаламаған іспен айналысып жүр.

Мемлекет әр жастың арманына қол жеткізіп, қалаған мамандығын игеруі үшін де молынан мүмкіндік жасап отыр.

Кәсіппен кез-келген адам айналыса алады, бірақ, бәрі оны бірдей алып кете алмайды. Бизнеспен айналысқыңыз келе ме, кәсібіңізге сенуіңіз керек.  Басқалардан айырмашылығы болуы керек. Өзіңнің артықшылығыңа басымдық беріп, оны нарықта қалай пайдалану қажеттігін зерделеу қажет.

Қаржылық жеңілдіктер мәселені жеңілдетуі мүмкін, бірақ мәселені шеше алмайды. Бізде ақша бөлінеді, ол қаражат бюрократияланған болса, несиені алуда да аяғыңа тұсау болатын тұстар табылады. Мемлекеттің ақшасы болғаннан кейін ол қайтарылуы керек деген де принцип бар. Оның сұрауы жоқ емес. Құжаттарды тапсырып, есеп беріп отыру қажет болады. Бұл стартап бизнеске жүрмейді. Банкрот болуы мүмкін. Осы орайда кәсібін алғаш бастағалы отырған жастарға ерекше жағдай жасалуы керек. Қаражатты игере алмай қалу мүмкіндігі ескерілуі қажет. Иә, Үкіметке белгілі бір сомада зиян келеді. Бірақ жас кәсіпкерге ол тәжірибе болады. Келесіде ол кәсіпкер қателігінен сабақ алып, кәсібін сауатты жүргізіп, елдің экономикасына бірнеше миллион табыс әкелуі мүмкін.

Екінші сұрағыңызға келер болсақ, негізі жастарға да, жұмыссыз жандарға да мемлекет тарапынан бар мүмкіндік жасалып отыр. Осыдан 3 жыл бұрын жұмыс орнымнан қысқартуға ұшырадым. Қажеттілік болмаса да, жүйенің қалай жұмыс жасайтынын көру мақсатында, жұмыссыз адам ретінде жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Таңғалғаным, маған бұрынғы жұмысымдағы еңбекақымның 45 пайызы түсті. Күнде телефоныма вакансиялар келе берді. Тағы бір айта кететін дүние, жұмыссыз жүрген жандарға арзан несиелер беріледі.

Масылдық психологиясы халықтың белгілі бір бөлігінде бар. «Мемлекеттің байлығының бір бөлігі бізге берілуі керек» деп ұрандатамыз. Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан. Әділетті Қазақстан принципі  бойынша, Ұлттық қор табысының белгілі бір бөлігі балаларымыздың есепшотына түсетін болды. Ұлттық байлықты бөліп береді. Мемлекет сізді асырамауы керек, мемлекет жағдай жасайды, салық жүйесін жеңілдетіп, бизнесіңді біреу келіп тексеріп, кесірін тигізіп жатқан жоқ. Масылдықтың алдын алу үшін кәсіпкерлікті, кәсіпкерді насихаттау қажет болар. Мұғалім, дәрігердің мәртебесін көтергеніміз секілді кәсіпкерлікті де мейлінше дәріптеу қажет секілді.

Өткен жылы ғой деймін, колледж студенттерімен кездесуде болдым. Қатысушы жас жігіт электрик мамандығын оқып, жұмыссыз қалғанын айтады. «Мүмкін емес. Сен ТШО, НСОС-ке барған боларсың?». «Иә». «Оларға тәжірибең толысып, мықты маман болғанда ғана керексің.  Қазір сен өзіңе инвестиция жасауың қажет. Аз жалақыға, бірақ көп тәжірибеге жұмыс жаса. Кем дегенде, ПИК-ке барып еңбек ет» деген пікірімді айттым.

Бізде оңай нәрсеге асығу, танысқа сену секілді келеңсіздіктер әлі бар. Қазір адам бір-бірінен  білім-талабымен озатын заман. Жоғары жалақыны күтіп, жұмыссыз жүру – қоғамның масылдыққа жайбарақат қарауы. Бұрын көршіден нан сұрауға ұялатынбыз, қазір баладан тепсе темір үзетін жігіттерге дейін көшеде қайыр сұрауға қысылмайды. Бұған қарапайым халық та үйренген. Мән бермейміз. Қалыпты дүние ретінде қараймыз.

Жастар ақшаға ұмтылмаса, «үйінде өмір сүретіндей жағдай бар» деген сөз. Жыл сайын адамның өмір сүруі қиындап барады. Бұрынғыдай, мәжбүрлеп жұмыс жасатып, заң жағынан әсер етейін десеңіз, оның бостандықтары мен құқығына қол сұққаныңыз болады. Бұл санаттағы адамдарға да жағдай жасалып қойған бізде. Тұратын жері болмаса, уақытша орналастыратын орындар бар. NEET тобындағы жастардың дені көлеңкелі кәсіппен айналысады. Жұмыссыз жастардың бір тобы қаламаған мамандықты игергеннен кейін еңбек еткісі келмейді.

Екіншісі, жұмыстан біраз уақытқа шектеліп қалғандар. Олар осыған еті үйреніп қалады да, такси болып табыс тауып жүр. Үлкен агрегаторлар нарыққа келуде, мәселен Яндекс тіркелуді талап етеді. Осылай көп болып жұмыла жұмыс жасаса, көлеңкелі бизнеске тұсау қоюға болады. Нарыққа мүмкіндік берсе,  нарықтық механизм өзі реттейді. Жалпы, бағдарламалардың насихатталуы жетіспейді. Мұндай бағдарламалардың барын бірі білсе, бірі білмейді.

Перизат ҚАНАТҚЫЗЫ, 

«Perizat Tаttileri» кондитер желісінің негізін қалаушы:

Аз жалақыны менсінбейді

Елдің ең басты тірегіне, дүрсілдеп соққан жүрегіне айналған жастардың күш-жігері қоғамның үздіксіз дамуына ықпалын тигізеді. Жолдауда, жуырдағы сұхбатта айтылған мүмкіндіктерді әрбір жас жіті түсініп, кәсібін жүргізуге пайдаланатын болса, жұмыссыз жастардың да саны азайып, жаңаша серпіліс болар еді. Бүгінгі жастарға мақсатқа жетер жолдар көп. Пайыздық үстемемен берілетін шағын несиелер пайдалы болатыны сөзсіз.

Бұл – бар жобаны жоққа шығару деген сөз емес, мемлекеттік гранттың да пайдасын көріп, кәсібінің нәсібін жеп жүргендер бар. Бірақ грантқа қол жеткізе алмаған жастар кәсіп бастауы үшін 20 пайыздан астам үстемемен несие алуға мәжбүр болып отырғанын ескеруіміз керек. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы берілген мемлекеттік жеңілдетілген жобаны пайдаланғанның өзінде 6 пайыздық несие алады. Сондықтан аз пайызбен несие беру жастарға мол мүмкіндік сыйлайды дер едім.

Мына сұрағыңыз жөн екен, жұмыс жасамай, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. Тек Үкімет тарапынан бөлінетін жәрдемақыға өмір сүріп, алақан жаюға болмайды. Қоғамда кәсіппен айналысу идеясын насихаттай беру маңызды. Адал еңбегімен табыс табатын кәсіпкер – мемлекеттің тірегі.  Кәсіп ашу – масылдықтан арылудың кілті. Байқаймын, еңбек адамының қоғамдағы ролін төмендетіп алдық. Әлеуметтік желілердегі  әдемі өмір кеңінен насихатталады да, сол сән-салтанатқа, сол қаржылық жағдай қаншалықты еңбектің күшімен келетіндігі насихатталмайды. Соның салдарынан «тез байып кетсем, ақшаны оңай тапсам» деген түсінік қалыптасқан. Бізде мемлекет тарапынан қанша қолдау, гранттар, субсидиялар бөлінгенімен, өндірістің дамымай жатқанының бір себебі де осы – «Еңбек адамының» рөлі төмендегендігінен.

Келесі сауалыңызға жауабым, мегаполисте жақсы пайда әкелетін көптеген бизнес-идеялар ауылда сұранысқа ие болмауы мүмкін. Сондықтан егер сіз өзіңіздің кірісті бизнесіңізді ашқыңыз келсе, ең бастысы, қызметтің дұрыс бағытын таңдау маңызды. Кәсіпті бастамас бұрын бәсекелестердің ұсыныстарын мұқият зерттеп, тиісті қорытындылар жасау керек.

Көптеген адамдар шағын қалалар мен ауылдарда тек ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысуға болады деп санайды. Бірақ ол олай емес. Шағын инвестиция, арзан жұмыс күші және қымбат емес орынды жалға алу арқылы да жетістікке жетуге болады. Қазір ауылдың қыз-келіншектері ютуб, әлеуметтік желілерден фудблогерлерден түрлі тәттілерді пісіруді үйреніп алып, дүкендерге сатылымға қойған. Бұл хоббиларын шағын бизнеске айналдыруға мүмкіндік бар. Бизнес жоспарын дайындап, мемлекеттік гранттарға қатысып, бақтарын сынауға болады. Сол арқылы техникаларын алып, неге кондитерлік цех ашпасқа?! Табыс әкеледі, өзі секілді қыз-келіншектерді жұмыспен де қамтиды.

Қоластымда 20 шақты қыз-келіншек жұмыс жасайды. Жұмысқа адам таба алмаған кездер болды, жұмыспен қамту орталықтары арқылы бірнеше адамға телефон шалып, жұмыс ұсынғанымда 80-100 мың еңбекақыға ешкімнің келгісі келмеді. Айтатын сылтаулары көп. Қазіргі командамды негізінен әлеуметтік желі арқылы құрдым.

Түйін

Расымен, «алма піс, аузыма түс» дейтіндер көбейіп кетті. «Үкімет маған не береді» деп қол жаймай, керісінше «еліме мен не бере аламын» деген ойды санаға байлау адамның талмай еңбек етуіне жол ашар еді. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзімсіздік таныту, жеңіл табыс табуға ұмтылу сынды жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның кесірі болып отыр. Шындығында адам еңбек арқылы ғана жетіледі. Заман талабына сай табыс табуына, лайықты жұмыс жасауына, өз мүмкіндіктерін толық пайдаланып, құқықтарының шектелмеуіне жағдай жасау мемлекеттік органдардың басты міндеті болса керек.

Мемлекет басшысы жастарды жұмыспен қамту жайын жиі сөз етеді. Бұл бастама тек жұмыссыздықты шешіп қана қоймай, масылдықтың алдын алады деген сенім мол. 

Жалпы, қоғамдағы жастар пулы – үлкен күш. Мемлекеттік саясатта оны ескермеу мүмкін емес. Сондықтан Президент жастарды елдің драйвері ретінде танып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Пікір алысу қатысушыларға да, бізге де түйінді ой қалдырды. Бұқараның толғақты мәселелерін қамтыған Президент Қ.Тоқаевтың Жолдауы мен сұхбаты жастардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарлама іспетті болғанына спикерлер ерекше маңыз берді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Коллажды жасаған: Сая РАМАЗАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button