Жарнама
Жаңалықтар

МАСА МАЗАНЫ АЛЫП ТҰР

Жалпы, мамандардың айтуынша, Атырауда масалар биылғы алғашқы жылылықпен, яғни мамырдың орта шенінде пайда болған. Сол кезде-ақ күресті бастап кету керек еді. Әйтсе де, бәрі тендерге байланысты. Қалалық әкімдіктің тұрғын үй құрылыс және жолаушылар тасымалы бөлімінің маманы Омарбек Қамаловтың айтуынша, жергілікті бюджеттен масалармен күреске үстіміздегі жылы 80 млн. теңге бөлінген. Оның аз-көптігін білмедік, бірақ, әзірге масамен күрестің нәтижесі көңілдегідей емес.

Мамандардың айтуынша, биыл жылылықтың күрт түсуі масалардың да тез таралуына әсер етіпті. Сәуірдің соңында-ақ ыстық 30 градусқа жетті. Ал, қазір қырықтан асқан. Осы орайда умен өңдеу шараларын аптасына бір рет жүргізген тиімді екен. Әйтсе де, қазіргі бөлінген қаражат айына бір мәрте ғана осындай шара жүргізуге жетеді.

Тағы да мамандардың сөзіне сүйенсек, табиғи таралатын масалар әлі шықпаған, олар дер кезінде жойылған. Әзірге жұртшылықты мазалап жүргендер – көп пәтерлі үйлердің жертөлесінен шыққандары. Бірақ, бұған қала маңындағы елді мекендердің тұрғындары сенер емес. Мәселен, Еркінқала селолық округіне қарасты «Балауса» ықшамауданының тұрғындары осымен екінші жыл қатарынан масалардан қорған таба алмай отыр. Әсіресе, биылғы ахуал тура мағынасында дабыл қағарлық. Облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллиннің айтуынша, бүгінде қалдық су көздері зерттеліп, оларды улы химикаттармен өңдеу шаралары алынуда. Оның кейбір қорытындылары ай соңында белгілі болады.

Осы материал дайындалып жатқанда редакцияға хабарласқан қаладағы Смағұлов көшесінің тұрғыны Рақым Шайхымов ақсақал атқарушы биліктің нендей шара алып жатқандығын білгісі келеді. Қазіргі заң талаптарына сәйкес масалармен күрес те еркін бәсекелестікке шығарылған. Демек, тендерге түсіп, бөлінген қаражатты жеңіп алуға әркімнің құқы бар. Биыл «Дезинфекция» АҚ бұл іспен айналыспайды. Ал, аты ағылшынша, заты жергілікті тендер жеңімпазына қоңырау шалғанымызбен, басшыларын орнынан ұстай алмадық.

Сонымен, масалармен күрес мәселесі әзірге ашық тұр. Оған таяуда оралып, оқырмандарымызды кеңірек хабардар етпекпіз. Тек сауда орындарында масаларға қарсы дәрі-дәрмектер бағасы көтеріліп барады.

М.СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button