МАСАҒА ҚАРСЫ – ХОШ ИІСТІ АҒАШ

Былтыр мұнайлы өлкенің бас шаһарында көгалдандыру жұмыстары кеш қолға алынды. Оған себеп, қазіргі мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптарына сай ағаш, гүл көшеттері егілетін алаңдарға жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтауға, оны мемлекеттік сараптамадан өткізуге ай жарымдай уақыт жоғалтты. Бұдан соң мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге тапсырыс беріліп, тендер әуелі мүгедектер құрған қоғамдық бірлестіктер арасында өткізіледі. Олардан тиісті тапсырыс түспеген жағдайда  ғана әлеуетті өнім берушілер арасында қайтадан конкурс ұйымдастырылады. Міне, осының ақыры қаладағы көгалдандыру жұмыстарының жаз ортасына дейін жүргізілмеуіне әкеліп соқтырды.

Атырау қалалық әкімдігіндегі басқосуда өткен жылдың ащы сабақтарынан тиісті нәтиже шығару және биылғы атқарылар шаруаларды нақтылау мәселелері күн тәртібіне ұсынылды. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаевтың төрағалығымен өткен жиынға құзырлы мекемелердің басшылары мен қаланы көркейту-көгалдандыруға қатысы бар кәсіпкерлік субъектілерінің жетекшілері шақырылды.

Жиналыста қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімі басшысының орынбасары Эдуард Оспанов шаһар мен оның аумағына қарасты елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының жайы туралы баяндады. Қаладағы даңғылдар мен көшелер аумағындағы 20 учаскедегі бұрыннан бар 29 мың дана ағашқа, 8788 қума метр бұта қоршамдарына, 42 мың шаршы метр аумақтағы газондарға күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, хабарламашы қаланы көгалдандыру, гүлзарлар отырғызу нысаны бойынша 17 учаскеге және 190 дана кіші сәулеттік үлгілерге 10,7 мың шаршы метрді құрайтын гүлзарлар отырғызылып, күтіп-баптау жұмыстарына 127 млн. теңге бөлініп, игерілгендігін айтты.

Биыл қаланың көгалдандыру ісін ұйымдастыруға бюджеттен 240 млн. теңге қаржы бөлінбекші екен.

Жиында шаһарда дезинсекциялық (масаға қарсы) шараларды жүзеге асыру жайы да сөз болды. Осы бойынша тендер жеңімпазы деп танылған «AG Disinfection Servises» ЖШС көпқабатты үйлердің жертөлелері мен кіреберістеріне, кәріздік тазалау құрылғыларына, буландыру алаңдарына және қала көшелерінің ашық жерлеріндегі шалшық суларға, саябақтарға, алаңдардағы жасыл-желек  төңірегіне дезинсекциялық жұмыстарды тұрақты жүргізіп отырғандығы аталып өтті. Осы шараларды орындауға арнайы автокөлік пен құрылғылар және маман бөлінген.

Мәселені талқылауға қатысқан бұған дейін «AG Disinfection Servises» ЖШС басқарған Назгүл Меңдіғазиеваның пікірінше, адамдарға ерте көктемнен қоңыр күзге дейін маза бермейтін масамен күресте хош иісті ағаштар егіп өсіру  маңызды.  Дезинсекциялау шараларын наурыздың орта шенінен бастап қолға алу, су тоғандары мен жайылымдарды масаға қарсы улаудың тиімді екендігін қаперледі.

«Қала гүлдері» ЖШС директоры Болат Мұсабеков те Исатай-Махамбет алаңында, облыстық әкімдік ғимараты алдындағы Жайық жағалауында қарағаштан гөрі басқа декоративтік ағаш түрлерін егу қажеттігін ұсынды.

Жиынды қорытқан Нұрлыбек Жұмахметұлы өткен жылғы қаланы көгалдандырудағы «Зеленстрой» ЖШС-нің жұмысына қанағаттанбағандығын, базасының жоқтығын, оны жауапсыз мердігер ретінде тану жөнінде сотқа беруді, осы шаруамен айналысатын мекемені 1 наурызға дейін анықтауды, табиғи-климаттық жағдайлары бізге ұқсас Қызылорда, Ақтау қалаларына тиісті мамандарды тәжірибе алмасуға жіберуді, жазғы су құбыры желісіне сызба жасақтауды қала әкімінің орынбасарларына міндеттеді.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз