Мас күйінде көлік жүргізген…
Atr.kz/12 тамыз, 2020 жыл. Облыста ішімдік ішіп, темір тұлпарды тізгіндегендер азамай тұр. Жыл басынан бері мұнайлы өңір полицейлерімен 467 мас жүргізуші ұсталды. Оның 370-і – Атырау қаласында ұсталғандар.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, барлық құқық бұзушылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, яғни, «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Тексеріс нәтижелерінде 46 адам мас күйінде көлік жүргізіп қана қоймай, олардың жүргізуші куәлігінің де болмағаны анықталды. Бұл құқық бұзушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қылмыстық кодекстің 346-бабы негізінде жүргізіліп, жауапқа тартылды, — деді Қамза Бақтығалиұлы.
Сонымен қатар, әуесқой көлік жүргізушілер арасында төрт мүмкіндігі шектеулі адам, үш жүкті әйел және кәмелетке толмаған екі жасөспірім болды. Мәселен, 15 шілдеге қараған түні облыс орталығында тәртіп сақшылары «Nissan Juke» көлігін тоқтатып, жүргізушісі 32 жастағы аяғы ауыр жүкті әйелдің ішімдік ішкен күйде екендігін анықтады. Мамандандырылған Әкімшілік соттың қаулысымен ол жүргізуші құқығынан айырылды.
Облыстың бас полицейінің айтуынша, осы жайтқа ұқсас дерек бір аптадан кейін тағы орын алды. Түнгі уақытта қаладағы Сәтбаев-Пушкин көшелерінің қиылысында 17 жастағы кәмелетке толмаған жасөспірім басқарған «Nissan Tiida» маркалы автокөлік тоқтатылды. Жүргізуші куәлігі жоқ жасөспірімнің сараптама қорытындысы мас күйінде болғанын дәлелдеді.
–Бұл ретте кәмелетке толмаған баланың ата-анасы жауапкершілікке тартылып, әкімшілік сот оларға 27 780 теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, ата-анасына қатысты заңдылық негізінде «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болуы» бойынша хаттама рәсімделіп, ювеналды сотқа жіберілді, — деді сұхбаттасушымыз.
Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені үшін жаза қатаңдатылды. Жазаның күшеюінің басты себебі – соңғы жылдары ел көлемінде жол-көлік апатынан қаза тауып, жарақат алғандардың санының артуы. Мұның барлығының алдын алу үшін қолға алынған заңдылықтар туралы аймақ полицейлері баса айтуда.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, биыл 11 қаңтардан бастап жүзеге асқан заңдылық бойынша мас күйінде көлік жүргізгендер жол апатын жасамаса да, оларға 15 тәулікке қамау жөнінде әкімшілік жаза тағайындалып, жеті жыл мерзімге жүргізушілік құқығынан айырылады. Ал, бұл заң бұзушылық қайталанған жағдайда, қамау мерзімі 20 тәулікке дейін, көлік құралдарын жүргізу құқығынан айыру сегіз жылға дейін ұзартылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА