Марат ЖЫЛАНБАЕВ: «Алдыма мақсат қойсам, жетпей қоймаймын»
Ол – есімі жеті мәрте Гиннестің рекордтар кітабына жазылған жалғыз қазақ. Адам мүмкіндігінің шексіздігін өз ісі арқылы дәлелдеп, шамамен 160 мың шақырымды жүгіріп өткен желаяқ. Әлемге әйгілі шөл далаларды шарлап, шашасына шаң жұқтырмаған спортшы. Ол туралы талай әңгіме-әфсаналар айтылған. Аты аңызға айналған марафоншы Марат Жыланбаев қазір қайда? Немен айналысады? Атырауға сапары барысында атышулы спортшымен аз-кем тілдесудің мүмкіндігі туған болатын.
«Қашып кетуге бейім бала болдым»
– «Қашып кетуге бейім». Сіздің балалар үйіндегі анкетаңызда осылай жазылған екен. Демек, жүгіруге бейімдігіңіз бала күннен бар болып тұр ғой…
– Балалар үйінің қабырғалары менің тынысымды тарылтатын. Бірақ, олар мені шыңдады. Ерте есейдім. Маған айналамды, әлемді тану қызық болды. Бір барған жерімнен де қашық жерлерді көргім келді. Сондықтан, үнемі қашып кететінмін. Нанды кептіріп, азық дайындап қоямын. Әсіресе, жылы күндері жиі кетіп қалушы едім. Балалар лагерьлеріне жіберген кезде апайларым «Ол қашуға бейім. Біреу бірдеңе десе де, бір нәрсеге ренжісе де қашып кетеді» деп мұқият тапсырып отыратын.
– Жалпы, жетістіктерге жетуіңізге әу баста не әсер етті: денсаулығыңызға байланысты спортпен айналысу керектігі ме, әлде балалар үйіндегі қиын өмір ме?
– Расында да, мен бала күнімде өте көп ауырдым. Тұмау, өкпе қабынуы, тамақ аурулары, әйтеуір, әлжуаз болдым. Сосын дене шынықтыру сабағынан беретін ағайым: «Сен спортпен айналысуың керек» деді. Сөйтіп, күреске жазылдым, кейін бокспен де аздап шұғылдандым. Бұдан кейін спорттық бағдарлау (карта мен компас арқылы белгісіз жерлерді белгіленген уақыт аралығында жүріп өту) түріне бет бұрдым. Кеңестер Одағы бойынша жасөспірімдер арасында жеңімпаз атандым. Алайда, жаттықтырушым «Марат, сенің жетістіктерің жақсы, бірақ, жүгіруге дайындығың аздау» деп, марафоншылар тобына жіберді. Содан жүгіруге бет бұрдым.
– Осыдан соң сіз бұл салаға біржола келдіңіз. Рекордтар жасадыңыз. Әлемге танылдыңыз. Бірақ, дәл осы тұста күйзеліске душар болдыңыз… Бұған себеп мемлекеттен қолдау болмағаны ма әлде шаршадыңыз ба?
– Менің күшім де, мүмкіндігім де көп болған тұста мемлекетте ақша жоқ болды. Осы себеппен мені қаржылай қолдау емес, тіпті, тағайындалған олимпиадалық стипендия, ақшадан да айырды. Мен шет елге шыға алмай қалдым. Бұған дейін әлемдік жарыстарға барып жүргенімде тіпті үшінші орын да алып көрмеппін. Үнемі не бірінші, не екінші болып келетінмін. Жарыс туралы естісем, өз мүмкіндігімді, шамамды білемін, жеңетініме сенімдімін. Бірақ, қаржы жоқтығынан қалып қойдым. Осылайша, спорттан сырт айналдым. Бұл 1995 жыл болатын. 17 жыл бойы мүлдем спортты ұмытып, кәсіпкерлікке кеттім.
– Жалпы, жүгіру бөлек те, адамның максималды күшін қажет ететін марафон мүлдем бөлек. Сіз де өміріңізге қауіп төндірмей-ақ, жай желаяқ болуды таңдауыңызға болатын еді ғой.
– Негізі, жүгірудің өзі қашықтығына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Ал, мен таңдаған марафон түрі – 42 шақырымнан асатын, бір, не бірнеше тәуліктік жарыстар. Яғни, бұл жерде спортшы өз ағзасына өзгерістер енгізуі керек болады. Ең бастысы – төзімділік. Ал, ол үздіксіз дайындық жасау арқылы қалыптасады.
«Маған тең келер жан болмады»
– Спортшылар сіз таңдаған жарыс түрі бойынша негізінен топтасып жүгіруді таңдайды екен. Бірақ, сіз көбіне жалғыз жүгірдіңіз. Неліктен?
– Мен де топтасып жүгірер едім. Бірақ, маған бәсекелес болмады. Менің мүмкіндігіме тең келер адам жоқ болды. Тіпті, бала күнімнен солай. Балалар үйінде жүргенде-ақ қасымдағыларға «ана жаққа кеттік, қашайық» десем, ешкім келіспейтін. Алматы, Қарағанды, Ташкентке қашуды жоспарлағанда, әрине, жалғыз кеткім келген жоқ. Бірақ, маған серік болуға ешкім тәуекел етпеді.
– Сіздің әр рекордыңыз көп қаржылық шығынды қажет еткен екен. Мұны көбі біле де бермейді. Осы орайда ақшалай шығыныңызды кім өтеді? Мемлекет пе?
– Мемлекет маған Канададағы 100 шақырымдық арзан жарыста ғана қолдап, демеуші болды. Басқаларын өзім тапқан адамдар өтеді. Олардың арасында әйгілі «Адидас» компаниясы да, өзге де шетелдік, австралиялық, америкалық компаниялар болды. Ал, негізінен ең басты демеушім – «Екібастұз көмір» компаниясының бас директоры Вячеслав Каландарашвили еді. Негізінен, бұл жұмыс адамның өзіне байланысты. Олай дейтін себебім, грузин Каландарашвили басшылықтан кетіп, компанияға жаңадан қазақ басшы келгенде ол мені қабылдаудан бас тартты.
– Теңдессіз рекордтар жасауға сізді қандай күш итермеледі: өз мүмкіндігіңіздің шегін байқау ма, әлде әлемге танылу ма?
– Менің мақсатым – адам мүмкіндігінің шексіз екендігін көрсету. Адам өз алдына ешқашан шектеу қоймауы тиіс. Себебі, ешқандай шектеу жоқ! Мен бір ойға келсем, айналам «жоқ, ол мүмкін емес» дейді. Мен сосын оны дәлелдеймін.
– Сіз бір кездері жалаң аяқ жүгірдіңіз. Бұл да өз мүмкіндігіңізді сынау ма?
– Иә, солай десе де болады. Бір жыл бойы қысы-жазы жалаң аяқ жүгірдім. Сол жылы ұйымдастырылған Алматы, Қарағанды, Омск, Мәскеудегі жарыстарға да аяқ киімсіз қатыстым.
«Аңнан емес, адамнан қорқу керек»
– Шөл даланы жалғыз шарлаған, атышулы «өлім алқабын» да кесіп өткен ержүрек адамсыз. Қорқу сезімі сізде мүлдем дамымаған секілді?
– Жоқ, неге олай ойлайсыз, мен қорқамын. Сол сапарларымның алғашқы түндерінде аздаған қорқыныш сезімі болды. Екінші күні ол азайды. Ал, үшінші күннен кейін үйреніп кеттім. Жыланға кезіксем, оны ұстап алып, жей беремін. Сарышаян, тасбақаны да солай. Олар өте дәмді! Негізі, аңнан гөрі адамнан көбірек қорқу керек секілді.
– Шәкірттеріңізге жүгіру кезінде су ішуге тыйым салатын көрінесіз. Сізді әлемдік спортшылар «Түйе» деген лақап атпен атайды екен. Шөл далада жүгірген сәтте қалай шыдадыңыз. Тың әдісіңіз бар ма?
– Иә, суды аз мөлшерде пайдалануға өз-өзімді үйреттім. Ал, жарыс кездерінде түйе құртын сорамын.
– Сіздің достарыңыз сан ұлттың өкілдері секілді…
– Мен достарымды ұлтқа бөлмеймін.
– Елден кету, шет елге көшу секілді ойыңыз жоқ па?
– Ондай ұсыныстар болған. Әлденеше рет. Көріп отырсыз, мен бас тарттым. Бұл тоқсаныншы жылдары болатын.
– Не себеп болды?
– Себеп дейсіз бе? Бәлкім, патриот шығармын…
– Қазір қайдасыз? Соңғы жылдары спорт саласында да есіміңіз көп аталмайтын секілді. Біржола кәсіпкерлікке ден қойдыңыз ба?
– Мен қазір кәсіпкерлікті де қойдым. Бизнесімді жалға бердім. Жай жаттықтырушымын. Қазір мен үшін бірінші орында – отбасым мен балаларым.
– Жаңадан рекорд жаңарту, жүгіруге қайта оралу ойыңызда жоқ па?
– Жоқ. Қазіргі жұмысым – салауатты өмір салтын, спортты насихаттау. Астанада жабық жүгіру жолағын жасағым келеді. Жалпы, дұрыс жүгіру жүйесін қалыптастырсам деймін. Себебі, адамдар көбіне жүгіруге жеңіл қарайды. Жүгірем деп, аяғын жаралап алады, тізесін ауыртады… Ал, дұрыс жүгірмегендіктен жүрегіне салмақ түсіріп алғанын білмей қалуы мүмкін.
«Өткенге өкінбеймін»
– Бір кездері батыс елдерін мойындатқан, талантыңызбен талайдың таңдайын қақтырған суретші едіңіз. Қазір де қолыңызға қылқалам алатын күндеріңіз бар ма?
– Жоқ. Мен бір кезде оны мүлдем тастап, спортқа кеткенмін.
– Ал, күндердің күнінде спортты тастап, еркін суретші болып кетуіңіз мүмкін бе?
– Мен – негізі алдыма бір мақсат қойсам, соған жетпей қоймайтын адаммын. Ал, жетсем, одан айырылмай, бір жерде отырып қалу – маған жат. Негізі, училищеде токарь мамандығын оқығанмын. Үш айдан соң екінші разряд аласың дегенде, мен төртінші разряд алдым. Бұл дәреже тек бірнеше жыл жұмыс жасағаннан кейін ғана беріледі. Сурет салған кезде де солай. Алдыма мақсат қойдым. Менің картиналарым әлемнің әр түкпіріне баруы керек және ақшаға сатылуы керек деген. Мақсатыма жеттім. Сосын оны тастадым да спортқа кеттім. Спортта да жетістіктерге жетіп, рекорд жасаған соң кәсіпкерлікті қолға алдым.
– Сізді көп балалы әке деуге болатын шығар, бес балаңыз бар. Сіздің бала күніңіз жоқшылықпен өтсе, керісінше, олардың әкесі бақуатты, кәсіпкер. Барлығын алып беруге тырысасыз ба?
– Көп еркелетпеуге тырысам. Тіпті, ұлымды перзентханадан шыққан бойда салқын суға шомылдырдым.
– Сіздің ұсынысыңыз бойынша сұхбатты орысша жүргізіп отырмын. Жұбайыңыз қазақ. Ал, балаларыңыз ше? Орыстілді ме?
– Балаларым екі тілді қатар меңгерген. Үйде аналарымен өз-өздері қазақша сөйлеседі. Маған ғана орысша сөйлейді. Қытай, ағылшын тілдерін де меңгеруде. Ал, мен тілді әлі үйрене алмай келемін. Негізі, бала күнімде қазақша білетінмін.
– Сіз балалар үйіне, мүгедек жандарға жиі демеушілік жасайсыз…
– Қазақстандағы тұңғыш ашылған мүгедектерге арналған каналды жабдықтап, ашқанмын. Марафондар өткізген кезде де мүгедектерді міндетті түрде қатыстыруды қолға алдым. Бұл ең бірінші рет 1988 жылы басталды. Мүгедектер үйіне барып, оларды жүгіруге шақырдым. Негізі, оларға арналған жарыстар бар-ау. Бірақ, мен олардың жалпы жарыстарға қатыстырылуына мүдделімін. Бұл – әлемде бар үрдіс. Тек олардың уақытын жалпы топтан бұрынырақ бастау керек. Бар болғаны сол ғана.
– Еш партияға мүше емес екенсіз. Жалпы, саясатқа қалай қарайсыз?
– Мен спорттың жанашырымын, маған саясат ұнамайды.
– Көлік жүргізесіз бе? Негізі, сіз үшін барар жеріңізге жаяу жеткен тиімдірек шығар?
– Негізі солай. Бірақ, өмір ағымынан қалуға болмайды. Машинам бар. Алайда, баяғыда-ақ таңдаған көлігімді алуға мүмкіндігім болса да, ең соңына дейін бас тартуға тырысқаным рас.
– Сіз үшін бақыт деген не?
– Отбасым мен балаларым.
– Жүрегіңізді ауыртқым келмейді. Сонда да сұрайын, ата-анаңыздан айырылғанда бес бала қалдыңыздар. Қазір бауырларыңызды көресіз бе?
– Ең кіші інім өмірден өтті. Қалғандары Екібастұзда тұрады. Араласып тұрамыз.
– Бір рет болса да спортты таңдағаныңызға өкінген кезіңіз болды ма?
– Мен ешқашан өткенге өкінбеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Гүлжан Әмірова