КЕМЕЛ КЕЛЕШЕГІМІЗДІҢ КЕПІЛІ

Сан ғасырлық арманнан ақиқатқа айналған тарихи мереке - Қазақстан Республикасының Конституция күні егемен еліміз үшін айтулы мереке. Өйткені, халық – биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі болса, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Негізгі Заңымыз – тәуелсіздікпен егіз ұғым. 

Осынау атаулы мерекеге орай Махамбет атындағы қазақ драма театрында болып өткен жиын алдымен мемлекеттік Туды салтанатты түрде ортаға әкеліп, Әнұранның орындалуымен басталды. Бұдан соң мінбеге көтерілген облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев жиналғандарды аймақ басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан айтулы мерекемен құттықтады.
Мемлекет дамуының, ел тынысының стратегиялық құжатпен тікелей байланысты екендігін айтқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 трлн. 257 млрд. теңгені құрағандығын атап өтті. Есепті кезеңде 16,1 млн. тонна мұнай және 7,4 млрд. текше метр ілеспе газ өндірілгендігін айтқан ол «көп қабатты 46 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 1005 пәтерлік 22 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 1,4 трлн. теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске асырылуда» деп мәлімдеді.
Алғашқы жартыжылдықта жалпы құны 6 млрд. теңгені құрайтын құбыр жүргізуші арматура шығатын зауыт іске қосылған болса, екінші кезеңде алты жоба іске асырылады деп күтілуде. Белгілі болғанындай, аталған жобалар аясында 250-ден астам жұмыс орны құрылатын болады.
«Өңірдегі ең ірі әлемдік маңызы бар отандық жобаның бірі – Қашаған кеніші. Қазір осы кеніштің мұнайын газдан айыратын «Болашақ» зауыты толыққанды жұмыс істеуге әзір. Таяу уақытта теңіз табанындағы қара алтынды Қазақстан халқының қажетіне жарататын боламыз» деген Ғұмар Дүйсембаев одан әрі ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік, құқықтық салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Бұдан соң мемлекеттік қызмет, медицина, педагогика саласының бір топ қызметкері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Салтанатты жиын одан әрі мерекелік концертпен жалғасты.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз