Мақаттық шаруалар шабындықтың жоқтығынан пішенді қымбат бағаға сатып алып отыр
Atr.kz/17 қаңтар, 2020 жыл. Атыраудағы табиғи су көздері, жайылымдық және шабындық жері тапшы өңірлердің бірі – Мақат ауданы.
Соған қарамастан, соңғы кездері мұнда ауыл шаруашылығын өркендету бағытында оң қадамдар жасалынуда. Алайда, жоғарыда аталған жайлар бұл саланы табысты дамытуға кедергі келтіріп отыр.
Аудан әкімдігі қордаланған проблеманы шешу үшін көршілес Қызылқоға ауданының аумағынан 400 мың гектардан астам жерді жалға алып, пайдалану жөнінде келісім-шарт жасаған. Соған сәйкес, биылдан бастап мақаттық шаруагерлерге жайылымдық және шабындық жер телімдерін беру ойластырылуда.
Бүгінгі таңда шаруа қожалықтары мен жеке шаруашылық иелерін малдың ішетін суы мен қыстық жем-шөбі де қинап отыр. Ауданда 33 шаруашылық құрылымы тіркелсе, солардың бірі – «Аян» шаруа қожалығы.
Аталған шаруашылық бірнеше жылдан бері Доссор кентінен 20-25 шақырым жердегі «Қырыққұдық» қыстағын қоныстанып келеді. Кезінде бұл аумақта шынымен қырық құдық болыпты. Бүгінде бәрінің де суы тартылып кеткен. Оның үстіне, мұнда малы бар жеке тұрғындар да қыстақты осында өткізеді. Жалпы ауданы 1 000 гектарды құрайтын бұл участок кезінде ұзақ мерзімге жалға беріліпті.
– Доссордың маңында мал ішетін судың жоқтығы былай тұрсын, жайылыс та тапшы. Сол себептен, жеке меншіктегі мүйізді ірі қара мен жылқы көше кезіп, тұрмыстық қалдықтарды талғажау етеді. Ауылдық жерде тұрғасын, әркім де мал өсіргісі келеді. Алайда, оған мүмкіндіктің жоқтығы қинайды. Зейнеткерлікке шықсам да, бала-шағаның қамы үшін малдан айырылмай, көптен бері осы орында қыстап келемін, — дейді жергілікті тұрғындардың бірі Мәруаш Ұлжанова.
Шабындық жердің жоқтығынан мақаттықтар малына керекті пішенді қымбатына (бір орамасын 7 000 теңгеден) сатып алуға мәжбүр. Мәселен, бір қожалықтың бағымындағы малды қыстан аман алып шығуға кем дегенде 100 орама шөп алу үшін 700 мың теңге ақша қажет екен. Ал, қауқары жететін кейбір шаруашылықтар жүздеген шақырым қашықтықтағы Қызылқоға өңірінен дайындап алады. Десек те, осы күнге дейін қыстық мал азығын өз күшімен әзірлейтін қожалықтардың бірде бірі мемлекеттен берілетін субсидияны алып көрмепті. Бұл мәселе аймақ басшылығының кәсіпкерлермен өткізген кездесуінде де көтерілген еді.
Мақат аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Азамат Шанғалаевтің пікірінше, субсидия негізінен түлік тұқымын асылдандырумен шұғылданған және ірі сабақты мал азығын дайындаған шаруашылықтарға ғана тиесілі екен.
Ал, қыстақтағылар мал ішетін судың 10 000 теңгелік бір рейсін арнайы көлікпен тасымалдап жеткізетін көрінеді. Сайып келгенде, шөп пен суды аспандаған бәсіне сатып алғаннан шаруаның жағдайы оңала қоя ма? Бұл мәселе қашан шешімін табады?
Дәулетқали АРУЕВ