Мақатта Солтүстік Каспийдегі Теңіз операцияларының 30 жылдығы тойланды
Мақат ауданының орталығында Солтүстік Каспийдегі Теңіз операцияларының басталғанына 30 жыл толуы аталып өтілді, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараның алғашқы күні орталық алаңда Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен NCOC N.V. компаниясының бірлесе ұйымдастыруымен «KASHAGAN JUDO CUP 2023» облыстық турниры ұйымдастырылды. Іс-шара басында аудан әкімі Ринат Ибрагимов, Атырау облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов және NCOC N.V. компаниясының жергілікті басқарушы органдармен және жұртшылықпен байланыс менеджері Сұңқар Құлжанов аудан жұртшылығын мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Балуандар бәскесіне Атырау қаласы мен аудандардан барлығы 7 команда, 42 спортшы қатысты. 23 жасқа дейінгі жас спортшылар 66 келіден 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, өздерінің шеберліктерін көрсетті.
Жарыс қорытындысымен мақаттық жігіттер бірінші орынды жеңіп алса, күміс жүлде Атырау қаласына тиді. Ал Исатай ауданы қола жүлдеге табан тіресе, жылыойлықтар «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен марапатталды.
Келесі күні мерекенің құрметіне Мақат кентінде гала-концерт өтті. Алдымен аудан өнерпаздары және Атырау қаласынан шақырылған әншілер өнерлерін көрсетті. Концерт соңына қарай кештің басты қонақтары Ақылбек Жеменей, Qanay, Qarakesek өз өнерлерін ортаға салды.
Концерт барысында NCOC N.V. компаниясының өндірістік операциялар жөніндегі директоры Қуанышкерей Мұхтаров кен тұрғындары мен қызметкерлерді құттықтады.
-Мұнай өнеркәсібі – еліміздің экономикасының тірегі. Ал Қазақстан мұнайының тарихы осыдан 120-дан астам жылдан астам уақыт бұрын алғаш мұнай ұңғымасы ашылған Атырау облысынан басталады. Осы бір ғасырдан астам уақыт ішінде мұнай-газ саласы Қазақстанның тұрақты дамуына елеулі ықпал етіп, ел экономикасының локомотивіне айналды, — деді ол.