
Мақат ауданында республикалық бәйге ұйымдастырылды
Мақат ауданындағы Бәйгетөбе алаңында аудан әкімдігі, аудандық прокуратура және облыстық «Бәйге» федерациясының ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Мұса Баймұхановтың 115 жылдығына арналған республикалық ат жарысы өтті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бәйгенің ашылу салтанатында аудан әкімі Азамат Мәмбетов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мақат ауданында республикалық бәйге ұйымдастырылды.

-Ат бәйгесі тек жарыс емес, бұл – намыс пен жігердің, төзім мен тәртіптің сыналар сәті. Осындай игі дәстүрді жалғап, ұлттық спортты ұлықтап отырған барша ұйымдастырушы мен қатысушыларға алғысымды білдіремін,- деді ол. Мерекелік шарада аламан бәйге, топ бәйге, құнан және тай жарыстары өткізіліп, жүйрік аттар мен шабандоздар арасындағы мықтылар анықталды. Атап өтсек, тай жарысынан Сағыз ауылының шабандозы үздік атанып, 250 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Құнан жарыстан Ақтөбе қаласының қатысушысы 350 мың теңге, ал аламан бәйгеде ең жоғары нәтиже көрсеткен Құрманғазы ауданының қатысушысы 1 млн 500 мың теңгені ұтып алды. Жабытай мен топ бәйгенің жеңімпаздары да ақшалай сыйлықтарды қанжығалап, марапатталды.
