Жарнама
ЖаңалықтарМедицина

МӘМС: дайындық барысы қалай?

Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл. Келесі жылы облыста денсаулық сақтау саласын қаржыландыруды 1,2 есеге яғни, 39,32 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланды. Бұл туралы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі өңірлік штаб отырысында айрықша айтылды.

Медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге дайындық барысы талқыланған жиынға  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Ерік Байжүнісов қатысып, келесі жылдың 1 қаңтарынан  бастап іске қосылатын аталған жүйені қаржыландырудағы жұмыстар туралы баяндады. «МӘМС жүйесін енгізу шараларын қоса алғанда, денсаулық сақтау саласының бюджет көлемі 2020 жылы ел бойынша 1 561,4 млрд. теңгені құрайды. Оның 573 млрд. теңгесі – МӘМС аударымдары. Қаржыландырудың жалпы көлемі биылғы деңгейден 52 пайызға артады» дейді Е.Байжүнісов.

Спикердің сөзінше, Атырау облысы бойынша 2020 жылы 39,32 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру жоспарлануда. Бұл биылғы бюджетпен салыстырғанда 1,5 есе жоғары. Сондай-ақ, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында – 25,65 млрд. теңге, ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 13,67 млрд теңге бөлінеді. Аталған жүйе шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту деңгейі жалпы ел бойынша 95 пайыздан асады. Ал, Атырау облысы бойынша бұл қамту 96 пайызды құрайды және аймақ халқының 4 пайызы немесе 24 мыңға жуық адам «шартты түрде сақтандырылмаған» болып есептеледі. Бүгінде бұл көрсеткіш бойынша мәртебені анықтаудағы жұмыстар жалғасуда.   

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Байтолла Ғазизовтың айтуынша, әлеуетті жеткізушілердің мәліметтер базасында аймақта 89 денсаулық сақтау субъектісі тіркелген. Оның ішінде 63-і тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша шарт жасады.

Штаб отырысының қорытындысында Атырау қаласы және аудандар әкімдеріне тұрғындар арасында жүйені енгізу тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының қатаң түрде орындалуын,  монополистік мекемелер арқылы төлем түбіртектеріне МӘМС туралы түсіндірмелерді енгізіп шалғай елді мекендердегі тұрғындарға дейін жеткізілуін қолға алу тапсырылды.

7923b765 2a2b 4a34 80fc 093b828b2ff5

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, бүгінде бүкіл ел бойынша медициналық көмектің жаңа пакеттерін – ТМККК және МӘМС енгізуге байланысты медициналық көмекті ұйымдастырудағы медицина қызметкерлерінің құзыретін арттыру мақсатында оқыту семинарлары қолға алынды. Бұл күні мұндай шараның бірі облыстық ауруханада да ұйымдастырылды. Атырау қаласындағы басқосуға  жалпытәжірибелік дәрігерлері, денсаулық сақтау менеджерлері және орта медициналық қызметкерлерінен 100-ге жуық сала мамандары қатысты.

Жиында денсаулық сақтау саласының сарапшысы Марат Мамаев Президент тапсырмасына сәйкес, аталған жүйені енгізуде әрбір жұмысқа жауапкершілікпен қарап, реформадан еш кемшілік кетпеу қажеттігін және жарналардың аударылуы туралы айрықша айтты. «Аударымдар мен жарналарды 25 екінші деңгейлі банк кассалары арқылы жүзеге асыруға болады. Бүгінде төлем жасаушылардың «Қазпошта», «Kaspi Bank», «Шинхан Банк Қазақстан», «Tengri Bank», «Bank RBK» АҚ, «Қазақстандағы Қытай Банкі», «Қазақстан-Зираат Халықаралық банкі» ЕБ АҚ, сондай-ақ, «Қазақстан Халық банкі» және «Қазпочта» АҚ өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы төлемдерді өтеуге мүмкіндігі бар.

Сондай-ақ,  жыл соңына дейін еліміздің барлық медициналық мекемелерінде өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдарын (QIWI, Касса24) орнату, «Форте банк» және «Банк ЦентрКредит» АҚ интернет банкинг, мобильдік қосымшасын қосу жоспарланды. Көрсетілген арналар медициналық мекеме ғимаратынан шықпай, МӘМС жүйесінде медициналық қызметті талап ететін сақтандырылмаған тұлғаға терминал, интернет банкинг, мобильдік қосымша қызметтерін пайдалануға және МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуға мүмкіндік береді» деді М.Мамаев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

*Сіз не дейсіз?

Сағытжан АЙДАРӘЛИЕВ,

Атырау қалалық №7 емхананың директоры:

Бүгінде емханаға қарасты 38 224 тұрғын бар. Оларға екі жылға жуық уақыттан бері МӘМС жүйесінің тиімділігі туралы кеңінен айтылып, түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте бас дәрігердің орынбасары деңгейінде арнайы мобильді топ құрылды. Олар емхананың қамту аумағындағы мекемелерді, сауда орындарын, білім ордаларын аралап және емханаға келушілерді аталған жүйе туралы ақпараттандыруда. Біздің денсаулық сақтау ұйымына тіркелген азаматтардың мәртебелерін анықтаудағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Әзірге 25 адамның ғана мәртебесі белгісіз. Жуырда мұның барлығы анықталады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button