![«Мамандық таңдауда қателескім келмейді!» 1 suret](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/suret-780x470.jpg)
«Мамандық таңдауда қателескім келмейді!»
Бүгінде өңірде болашақ мамандарға кәсіби бағдар беру мәселесіне айрықша мән беріліп отыр. Өйткені мектеп партасындағы оқушылар қазірден-ақ білім беру орындары туралы көбірек мағлұмат алып, мамандықтармен таныса беруі тиіс. Жақында осындай миссиямен С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжінің өкілдері Д.Қонаев атындағы BINOM мектеп-лицейіне барып, шәкірттермен жүздескен болатын.
![«Мамандық таңдауда қателескім келмейді!» 2 surettt](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/surettt-1024x574.jpg)
Иә, әлі оңы мен солын танып үлгермеген жасөспірімге мамандық таңдау оңай емесі белгілі. Өзінің жүрек қалауымен нарықтағы сұраныс, ата-ананың кеңесі тоғысқан сәтте жастар қайда барарын, қандай мамандық таңдарын білмей ойы сан-саққа жүгіреді. Сондықтан психолог-мамандар «оқушылар 6-7 сыныпта оқып жүргенде-ақ болашақ мамандықтарын таңдап, сол салаға бейімделе беруі керек» дейді. Себебі әрбір адам зейнет жасына дейін таңдаған мамандығымен жұмыс істейді, сол қызметінде өмірінің көп бөлігін өткізеді. Қазақта «Адам екі түрлі жағдайда қателеспеуі керек: бірі – жар таңдағанда, екіншісі – мамандық таңдағанда» деп текке айтылмаса керек. Қазіргі заман да соны талап етіп отыр. Демек, кәсіби бағдар мәселесіне атүсті қарауға болмайды.
С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі мұнай-химия, ІТ, энергетика, машиналар, қозғалыс, сервис салалары бойынша мамандарды даярлайды. Өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасайтын оқу орнының серіктестері дуалды білім беру жүйесі бойынша студенттерді жұмыспен қамтуға да айрықша мән беріп отыр. Айталық, мұнайлы өлкеде жүзеге асырылатын «Бутадиен» жобасы бойынша болашақта 100-ге тарта маманды жұмысқа орналастыруға келісім-шарт жасалған. Яғни құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң осы колледжде білім алған жас маман бірден еңбекке араласады.
Аталған колледжді былтыр электрмен қамтамасыз ету мамандығы бойынша үздік аяқтап, жұмысқа орналасқан Ерасыл Қайратұлы оқу орны қабырғасында жүріп-ақ түрлі облыстық, республикалық, халықаралық білім додаларына қатысып, жеңімпаз атаныпты. 3D модельдеу, Fablab бағдарламаларын үйрену арқылы мамандықтар арасында өткен сайыста жүлдегер болған. Осыдан екі жыл бұрын республикалық жарыста жеңімпаз атанып, Польша, Франция елдеріндегі жарыстарға қатысқан. «Мұның барлығы колледжде алған білімімнің арқасы. Қазір жұмысқа орналасып та үлгердім» дейді ол.
Ал ІТ мамандығы бойынша оқуға түсіп, былтыр оқу орнын «қызыл дипломмен» аяқтаған Бекзат Қанатұлы бүгінде еңбекке араласып үлгерген.
Оқуға түсер кезде біздің де алдымызда үлкен таңдау тұрды. Сол кезде политехколледжді таңдағаныма ерекше қуандым. Біздің арнаулы оқу орнымыз 56 кәсіпорын-мекемемен серіктес. Яғни, студенттер оқып жүріп-ақ өндірістің «қазанында қайнайды, — деп бөлісті ойын Бекзат Қанатұлы.
Кәсіби бағдар бойынша өткен шарада колледждің психолог ұстаздары оқушылар арасында мамандықтар бойынша қызықты ойын өткізіп, естелік сыйлықтарын табыс етті. Әсерлі шарада ерекше эмоциясымен бөліскен аталған мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Байсар Сабыров болашақта жоғары білімді хирург-дәрігер мамандығы бойынша АҚШ-тың оқу орындарынан алуды жоспарлап жүргенін жеткізді. «Менің арманым – хирург болу. Бала кезден осы мамандыққа қызығамын. Биология, химия пәндеріне ықыласым ерекше. Шара өте қызықты болды» дейді Байсар.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ