Мамандық таңдау – маңызды қадам
Болашақ бүгіннен басталады. Сондықтан, «алтын ұямен» қоштасып, мамандық таңдар сәтте «мың рет өлшеп, бір рет кескен» дұрыс. Ал, мектеп түлектеріне кәсіби бағдар беріп, жол сілтеуге «Жеке даму Integrity» көмектеседі. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен жүзеге асып жатқан әлеуметтік жобаның екінші маусымы бастауын алды. Биылғы лекте Атырау қаласымен қатар Жылыой және Құрманғазы аудандарынан алты жүзге тарта оқушыны қамту жоспарланып отыр. Бұған дейін онлайн түрде өткен дәріскерлердің шеберлік сабақтары облыстың жоғары оқу орындары мен колледждеріне экскурсия жасау шараларымен толықты. Енді олар ЖОО-лартың тыныс-тіршілігін көріп, студенттердің өмірімен, мұғалімдермен таныса алады. Тегін жоба жастарға кәсіптік бағдар берумен қатар тұлға болып қалыптасуына да оң әсерін тигізбек. Бұл туралы баспасөз орталығында өткен брифингте атап айтылды.
«Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын» білім ордасын аяқтап, жоғары оқу орнына түскен кезде әрбір жас пен ата-ананың алдында екі үлкен мәселе тұрады. Оның бірі — сұранысқа сай мамандық таңдау болса, екіншісі- сапалы білім алып, жақсы маман иесі атану. Сол себепті, бүгінде жастарға кәсіби бағдар беруге айрықша маңыз берілуде. Демек, оқушыларды белгілі бір мамандыққа жоғары оқу орны қабырғасында емес, мектептен-ақ баулу бүгінгі заман талабы болып отыр. Ендеше, «арман қуып, алға бастым» деп, қиялдың жетегінде кету аз. Жоғары оқу орнын таңдар алдында барлығын жан-жақты зерделеп, ақылға салу қажет. «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылай қолдауымен іске асып жатқан «Кәсіптік бағдарлау – болашақты таңда жэәне басқар» жобасы осы мақсатта ұйымдастырылып отыр. Яғни, жасөспірім бірнеше кәсіби дәріскерлердің шеберлік сабақтарынан өтіп қана қоймай, психолог-мамандардан да кеңес алады.
Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Дүймекенованың айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 200-ге жуық орта мектеп болса, одан биыл 5800-ге жуық түлек түлеп ұшпақ. Ал, мұнайлы өлкеде қазір 138 мың оқушы білім алып жатыр.
–Жастарға кәсіптік бағдар беру тек педагогикалық қана емес, әлеуметтік мәселе болып табылады. «Кім боламын?» деп тәуелсіз өмірге қадам басу тек жасөспірімнің ғана емес, бүкіл қоғамның алдына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мамандықты дұрыс таңдау арқылы жастар бәсекеге қабілетті бола алады және жеке тұлға болып қалыптасады. Сондықтан мұндай жобаның жастарға берері мол , — дейді ол.
«Кәсіптік бағдарлау – болашақты таңда және басқар» жобасының үйлестірушісі Шәрбат Бисәлиеваның айтуныша, өткен жылы бастауын алған жобаның бірінші маусымында 14-17 жас аралығындағы екі жүзге тарта мектеп оқушысы қамтылған. Бағдарлама бойынша кәсіптік бағдарлау тестілері, кеңестер, шеберлік сыныптары және «Болашақты таңда және басқар», «Тиімді оқыту», «Эмоционалды интеллект» модульдері бойынша тренингтер өткізілген. «Бұл жобаның басты ерекшелігі – тренингті тек балалар ғана емес, ата-аналар да өтеді. Яғни, қазіргі нарыққа керекті, сұранысқа сай мамандық таңдауға балалардың ата-аналарына да кеңестер беріледі. Қазіргі «Z ұрпағы деп атаймыз ғой, олардың әлемі тіптен өзгеше. Оның үстіне, заманауи өзгерістерге байланысты еңбек нарығы жаңа қызметтермен толығып жатыр»,- деді Ш. Бисәлиева.
Жалпы, сабақтар екі тілде жүргізіледі. Бірінші маусым нәтижесінде 70 оқушы өз мамандығын таңдады. Солардың бірі Санат Асуат бұл жобаның маңызды шешім қабылдауға ықпалы болғанын атап айтты.
«Шынымды айтсам, мамандық таңдау кезінде екі ойлы болатынмын. Тіпті, керегі бар, қажет емесі бар семинар-тренингтерге көп қатысатынмын. Осы жобадан кейін көңілдіме көп нәрсе түйдім. Жүрек қалауым болған өнерді таңдадым. Тәжірибелі мамандармен тілдесе отырып, «ақпарат ағымында» адасып қалмауға үлкен кеңес алдым. Тренерлер мен менторлар менің жаңа өміріме жол сілтеді»,-деді ол.
Ал, «Теңізшевройл» ЖШС-нің әлеуметтік жобалар бойынша жетекші маманы Бақытгүл Көшекова бірлескен кәсіпорын үкіметтік емес ұйымдар арқылы 94 әлеуметтік жоба асырып, 400 мыңнан астам жанға көмектескенін атап өтті. Компания қоғамға қажетті жобаларды алдағы уақытта да жалғастыра бермек. «Кәсіптік бағдар – борлашақты таңда және басқар» жобасының екінші ауысымы наурыз, маусым, тамыз айларына жоспарланып отыр. Оқушыларды бұл шараға белсендірек қатысуға шақырамын», — деді Б. Көшекова.
Айбөпе САБЫРОВА,
Суретті түсірген: автор