Жарнама
ЖаңалықтарҚұқық

Мал ұрлығы азаймай тұр…

Қанша жерден айтылып, тиісті шарасы алынғанымен, қазіргі таңда халықты алаңдатып отырған жайдың бірі ­– мал ұрлығының азаймауы.

Атырау облысы бойынша полиция департаменті криминалды полиция басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Абай Жұмабаевтың айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты, былтырдан бастап мал ұрлығы орта дәрежедегіден ауыр қылмыс түріне ауыстырылған. Ендігі жерде, мал ұрлығына қатысты заң бұзушылық әрекеттер ауыр қылмыс ретінде бағаланып, біреудің малына «жиендік» жасап, барымташылыққа барған азаматтар соған сай қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын алатын болады.

Осылайша, өткен жылдың өзінде облыста жалпы саны 30 мал ұрлау дерегі тіркеліп, осынша қылмыстық іс көтерілді. Алайда, сотқа дейін жүргізілген медиациялық шаралардың нәтижесінде талапкер мен жауапкер тараптардың өзара татуласы себепті, 24 қылмыстық іс өндірістен қысқартылған. Қалған 6 іске қатысты жинақталған тергеп-тексеру материалдары прокурорлық айыптау актісімен бірге соттың қарауына жолданып, үкім шығарылған.  Сол сияқты, биылғы жыл басынан бергі 10 айда мал ұрлығымен байланысты 19 қылмыстық іс тіркеліп, 17-сі сотқа жіберілген, екеуі жоғарыдағыдай, медиаторлардың араласуымен өндірістен қысқартылған болып шықты. Есепті мерзімде барлығы тұрғындардың меншігіндегі 64 бас мал далада жайылып жүрген жерінен қолды болып, жедел іздестіру жұмыстарының қорытындысында оның 30-ына қылмысты қатысты көтерілген қылмыстық іс толықтай ашылып, айыптылар анықталды. Жалпы, қылмыс санының өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіден  4,5 % -ға төмендегеніне қарамастан, ұрланған мал азаймауда.

Бұдан бөлек, жақында ғана республика көлемінде өткізілген «Мал өрісі» жедел профилактикалық шаралары кезінде мал ұрлығымен айналысып жүрген 2 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Оның біріншісіне қатысты екі және екіншісі бойынша төрт мал ұрлау фактісі анықталып, тиісті шарасы алынды. Жасыратыны жоқ, оңай жолмен табылған олжаны базарларға апарып сатып, тұтынушыларға өткізу жағдайлары да тыйылмауда. Өкінішке қарай, мұндай әрекеттер әшкереленгенімен, ұрланған малдың нақты қай уақытта, кімдерге сатылғанын анықтау мүмкін бола бермейді. Сол себепті, қылмыс жасаған адамның айыбын бетіне басып, жазалауға келгенде қиындықтардың туындайтыны да рас.

Ал, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Абзал Әліпқалиевтің түсігдіруінше, мал ұрлығының ауыр қылмыс түрі болып саналғандықтан,  қолданылатын жаза да күшейтіледі. Бұдан былай бақташысыз, бағусыз, «сайда саны, құмда ізі» ғана қалған төрт түліктің иелерінен де жауапкершілік сұралады. Мұның сыртында, темір жолдың, қалаберді, автотрассалардың бойында жүріп, көлікке қағылып, өліп жатқан мал қаншама?

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button