Мал ұрлығымен айналысқан топ «Атырау-Астрахань» тас жолында ұсталды (ВИДЕО)
Атырауда мал ұрлығымен айналысқан топ «Атырау-Астрахань» тас жолында ұсталды. Олар — Өзбекстан Республикасының азаматтары болып шықты.
Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Жол-патрульдік полиция қызметкерлері 12 қазан күні, сағат 04:00-де «Атырау-Астрахань» жолынан «Nexia» маркалы көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында көліктің жүк салғышынан сиыр малы сойылған күйінде табылыпты. Ал, сол мезгілде көлікте үш өзбекстандық азамат болған.
Ұсталған шетелдік азаматтардың айтуынша, олар сиырды Махамбет ауданының аумағынан сойып алған. Қазіргі таңда малдың иесі Жалғансай ауылының тұрғыны екені анықталып отыр.
Бүгінде Қылмыстық Кодекстің 188-інші бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың өзге де қылмыстарға қатыстылығы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Айдос Қарабала
Фото және видео Атырау облыстық ІІД-нің Facebook-тегі парақшасынан алынған