Мал азығын дайындау қатаң бақылауда
«Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов шұғыл жиын өткізіп, өңірдегі мал азығын дайындаудың барысын пысықтады»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға ауыл шаруашылығы саласының жауапты мамандары мен селекторлық режимде аудан әкімдері қатысты.
«Қазірден бастап қысқы мал азығын дайындауға қамданып, жем-шөп жинау науқанын тиісті деңгейде атқаруымыз керек. Биыл ел ішіндегі кейбір өңірлерде қуаңшылық болып, қиыншылықтар туындауда. Алдағы қыс мезгілінде мал басын аман сақтап қалу үшін шұғыл қамдану қажет»,-деді М.Досмұхамбетов.
Ал, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев бұл бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Қ.Нұрлыбаевтың айтуынша, облыста 184 мыңға жуық мүйізді ірі қара, 591 мың қой-ешкі, 95 мыңнан астам жылқы мен 33 мыңдай түйе болса, оларға 573 700 тонна ірі сабақты мал азығы қажет етілмек.
«Былтырдан 22100 тонна мал азығы қалып отыр. Ендігі қажетті 551600 тонна азықтың 358000 тоннасы өз облысымыздан дайындалса, қалған 193600 тоннасы өзге облыстардан келісім шарт арқылы жер алып және дайын ірі сабақты мал азығы сатып алынбақшы. Ал, бүгінгі таңда оның 55,8 мың тоннасы, яғни 10,1 пайызы дайындалған»,- деді Қ.Нұрлыбаев.
Сондай-ақ, Қ.Нұрлыбаев аталған салаға бөлінетін субсидияның да маңыздылығын атап өтті. Айталық, былтыр облыс әкімінің қолдауымен 300-дей шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарына 700 млн теңгеге жуық субсидия бөлінсе, биылғы жылы да 600 млн теңгедей қаражат керек етілетінін айтты.
Қазіргі уақытта Махамбет, Индер аудандары БҚО жерінен, Исатай ауданы Каспий өңірінен, Жылыой, Мақат аудандары Қызылқоға және Ақтөбе облысының Байғанин ауданы жерлерінен мал азығын дайындауда.
Өңір басшысы әрбір ауданның жағдайын жеке сұрап, әкімдерге өз аумақтарындағы ахуалды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Жиын соңында, Махамбет Досмұхамбетов межелеген жоспарды тиісті деңгейде атқаруға пәрмен беріп, аудандарда мал азығын дайындау жедел штабын құру керектігін айтты. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар және олардың иелігіндегі техникаларды біріктіре отырып, әрбір ауылдық округтер аумағында шөп дайындау бригадаларын ұйымдастыруды міндеттеді. Көршілес облыстармен сөйлесіп, тиісті меморандумдарға қол қоюды тапсырды.