Майдангер есімі – көше атауында
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысы негізінде Атырау қаласына қарасты Еркінқала ауылдық округі әкімінің қолдауымен және облыстық ономастика комиссиясының шешіміне орай «Еркінқала-2» ауылындағы №44 көшеге Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Ахмет Қарақұловтың есімі берілді.
Қоғам қайраткері Нұрпейіс Мақашев, ардагер-журналист Любовь Монастырская, ауылдық округ әкімі Мұхтар Құмарғалиев, бауырлары мен ұрпақтары болмысы бөлек Ахмет ақсақалдың адами асыл қасиеттері туралы естеліктерімен бөлісті.
Ахмет Қосымбайұлы жастық шағын майдан даласында өткізіп, елін неміс-фашист басқыншыларынан қорғауға арнады. Кеудесі орден-медальға толы елге оралған майдангер бейбіт өмірде халқына қалаулы азамат ретінде балық өнеркәсібінің дамуына, қоршаған ортаның байлығын сақтауға, көбейтуге және оны браконьерлерден қорғауға зор үлесін қосты.
Майдангер А.Қарақұлов кезінде Гурьев қалалық, облыстық партия және атқару комитеттерінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Астраханның балық өнеркәсібі институтын бітіріп, балық өнеркәсібі басқармасында кадр бөлімінің бастығы, уылдырық зауытының және балық-құты комбинатының тоған шаруашылығын басқарды. «Гурьеврыбпром» өндірістік бірлестігінде ұзақ жыл жұмыс істеп, өңірде балық қорын қорғауға, өсіруге оны келешек ұрпаққа мұра етіп қалдыруға бір кісідей тер төккен ардагер болатын.
Ағамыз облыстың қоғамдық өміріне де белсене араласа жүріп, өзін толғандырған ел мәселелерін баспа беттерінде «Каспий теряет сына», «Залп по реке», «Сохранить живое серебро Каспия для потомков», «Балық жайлауына да күтім керек», басқа да өзекті мақалаларын жариялады. «Баламасы жоқ байлық» атты кітабы да ел назарына ілікті.
Басқосу барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов бұл шараның кейінгі жас ұрпақ тәрбиесіне, өткен тарихымызды санада жаңғыртып, осынау асыл азаматтың өмір жолын үлгі-өнеге етуге үлкен септігі болатынын жеткізді. Ол облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа шешімімен «Атырау облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен куәлігін Ахмет Қарақұловтың шаңырағын ұстап отырған ұрпағына табыс етті.
Ахмет қарт көзі тірісінде соғыстан оралмаған әкесін 30 жыл бойы іздеумен өткізді. Ақыры, Польшаның Бельско-Бяло қаласында бауырластар зиратында жерленгенінен хабар алып, әкесінің рухына тағзым етіп, бейітіне туған жердің бір уыс топырағын салып оралған еді. Осылайша әке алдындағы перзенттік парызын орындаған адал азамат екенін дәлелдеді.
– Мен Польшаның Катовице қаласындағы Бизнес академиясында оқып жүрген кезімде Қосымбай атаның зиратын тауып алдым. Сонда ата рухына арнап шелпек пісіріп, дұғамды оқып, гүл шоқтарын қойып тағзым еттім. Осы екі атамның өмір дастаны бізге, ұрпақтарына өнеге болуға тиіс, — дейді ардагердің жиеншары Эленора Еділбаева.
Еске алу рәсімінде ұрпақтары атынан ардагер рухына құран бағышталып, ас берілді.
Бақытжан ЖҰМАТ,
облыстық ономастикалық комиссияның мүшесі