«АҚ БҰЛАҚ» ӘР АУЫЛҒА ЖЕТСЕ…

бұл – мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты 

2011-2020 жылдар аралығын қамтитын «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында Атырау облысында 80-ге тарта ауыз сумен қамту нысандарын жаңғырту және құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Күні бүгінге дейін соның 22-cі бойынша белгіленген іс-шаралар толықтай аяқталып, пайдалануға берілген. Бізді осы жайлардан хабардар қылған облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы-облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Өмірзақ Зинуллин мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысында баяулықтың басымдығын, сол себепті де аймақта әлі де ауыз судың азабын тартқан елді мекендердің азаймай тұрғандығын жасырмады. 

 Атырауда да атқарылар шаруа аз емес

Атырау қаласында мемлекеттік бағдарламадан тыс, қалалық құрылыс бөлімінің тапсырысымен 2009 жылдың тамыз айында бір нысанның құрылысы қолға алынған-ды. Нақтылай кетсек, Жайық өзенінің оң жақ жағалауындағы Береке елді мекенінің тұсындағы суды жинақтау-тазарту ғимаратының №5 жүзбелі сорғы стансасының құрылысы аяқталмастан қалған. Сол сияқты, облыс орталығы мен Мақат ауданын сумен жабдықтаушы «Атырау Су Арнасы» КМК-на қарасты №2 сүзгілеу бекеті, су тазарту қондырғысындағы бірінші деңгейлі су көтеру-сорғылау стансасы бойынша белгіленген жұмыстар да тиянақталмастан тоқтаған. Бұған жергілікті бюджеттен бөлінген 2 млрд. 61 млн. 667 мың теңге көлеміндегі қаржының 741 млн.153 мың теңгесі немесе 36%-ы ғана игерілген. Жалпы, 2012-2014 жылдары шаһар аумағындағы 14 елді мекенде ұзындығы 221 490 метрді құрайтын ауыз су құбырын тарту жоспарға енгізілген. Содан, осы мезгілге дейін Ақжар мен Амангелді ауылдарында ғана су құбырының құрылысы бітіп, іске қосылған. Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап осындай жұмыстар Ақсай, Жұлдыз-3, Атырау, Өркен, Бірлік, Сарықамыс-2 елді мекендерінде жалғасуда.

 

Ақаулы кәрізден қауіп көп

 «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберіндегі шаралар алдыңғы жылы Жылыой ауданында да басталған. Мұнда Тұрғызба, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Майкөмген ауылдарына тартылатын топтық су құбырының құрылысы 2013 жылы тәмамдалуға тиіс болатын. Соның ішінен алдыңғы үш елді мекенге қатысты межеленген жұмыстар 70, соңғысында 90%-ға орындалған. Биыл осы ауданға облыстық бюджеттен бөлінген 640 млн. теңгенің игерілуі (448 млн. теңгесі) де 70%-ға тұрақтаған. Аудандағы алты су тазарту қондырғысының біреуі ғана залалсыздандыру құрылғысымен және зертханамен қамтылған. Қалған бесеуінде суды хлорлау жұмысы қолмен атқарылады. Оның үстіне, сол бар қондырғылардың да санитарлық-техникалық жағдайы сын көтермейді. Мәселен, Жаңа Қаратондағы су айдау стансасының айналасы тиісінше қоршалмаған, ауласына әжетхана орнатылмаған. Арнаулы автокөліктерге су құятын шлангалар да өз орнына қойылмаған. Бұдан бөлек, аудан орталығы Құлсары қаласында кәріз суын айдайтын 17 сорғы стансасына 2008-2009 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі кезде солардың екеуі электр жүйесіне қосылмағандықтан жұмыс жасамай тұр. Жобада қарастырылғанымен бас қабылдау-тазарту стансасының салынбауына байланысты лас су тазартылып, залалсыздандырылмайды. Соның салдарынан Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон кентінен шыққан кәріз суы бірден булану алаңына лақтырылады. Апатты жағдайлар тіркеліп, құзырлы құрылымдар тарапынан ескертулер берілгенмен, орын алған ақаулар қалпына келтірілмеген.

 

Зертхана жоқ жерде тазалық та болмайды

Исатай ауданында құрылысы жоспарланған тоғыз нысанның бесеуі дер мезгілінде қолданысқа енгізілсе, төртеуінде аяқталмаған болып шықты. Бұлардың қатарында өткен жылы іске қосылатын Аққыстау мен Зинеден селоларындағы ауыз сумен қамту қондырғылары бар екен. Сондай-ақ, аудан орталығы мен Жанбай ауылындағы су қондырғыларының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деген үміт те жоқ емес.  Әттеген-айы сол, қолданыстағы су тазарту  қондырғылары түгелімен зертханамен қамтылмаған. Басқалай мүмкіндіктің жоқтығынан өндірістік бақылау сынамалары аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығымен айына бір мәрте, бір нүктеден ғана алынады. Яғни, күнделікті тұтынылатын  ауыз судың сапасы толығымен қадағаланбайды.

Индер ауданында бағдарлама бойынша биылғы жылы іске қосылуға тиісті нысандардың саны 18-ді құрайды. Алайда, бүгінгі таңда осыдан бесеуінің ғана пайдалануға берілгендігі белгілі болды. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд. 999 млн. 252 мың теңге қаражат қаралып, оның 92,6 %-ы игерілді. Бірақ, есептегі 13 нысанның қай уақытта іске қосылатындығы беймәлім. Сол себепті де, аудандағы үш бірдей ауылдың  тұрғындары (2283 адам) қауіпсіз ауыз суды пайдалана алмауда.

Құрманғазы ауданында пайдаланудағы 22 су тазарту қондырғысының жетеуінде залалсыздандыру құрылғылары істен шыққан. Жалғыз біреуінде ғана зертхана жұмыс жасайды. Жеті елді мекенде селоішілік су құбырларының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, 13 нысан бойынша жоспарланған жұмыстарды жыл соңына дейін бітіру көзделген. Мұнда бюджеттен бөлінген 1 млрд. 493 млн. 313 мың теңгенің 963 млн. 832 мың теңгесі немесе 64,5%-ы игерілген.

Қызылқоға ауданында 2011 жылы басталып, 2013 жылы аяқталуы тиісті «Тайсойған-Қоныстану-Қосқұлақ» топтық су құбырын күрделі жөндеу және Миялы, Сағыз, Қарабау, Қаракөл, Қоныстану, Жасқайрат елді мекендеріне жүргізілуі жоспарланған селоішілік су жүйелерінің құрылысы да аяқталмастан қалған. Басқа ауылдарға ауыз су құбырын тарту жұмыстары 2015 жылдың еншісіне қалдырылған. Бұл өңірде де бағдарлама шеңберінде бөлінген 787 млн. 661 мың теңге көлеміндегі қаржының 280 млн. 478 мың теңгесі игеріліп, бар болғаны 35,6 %-ға қамтамасыз етілген.

Мұнайлы Мақат өңіріндегі жағдай да мәз болмады. Аудандағы «Атырау Су Арнасы» КМК-ның қамтуындағы үш бірдей су тазарту қондырғысының залалсыздандыру құрылғылары іске қосылмаған. «Ақ бұлақ» бағдарламасына енгізілген төрт нысанның екеуінде ғана жоспарланған құрылыс жұмыстары аяқталып, игілікке берілген. Атап айтқанда, Мақат пен Доссор кенттеріндегі поселкеішілік су құбырларының бір бөлегі жаңғыртылып, қайтадан салынған. Екі елді мекенді байланыстыратын су желісін жалғау жұмыстары да осы жылдың соңына межеленген. Қаралған қаржының игерілуі 73%-ға орындалған.

Махамбет ауданында да қолданыстағы су тазарту қондырғылары ведомостволық зертханалармен толықтай қамтылмаған. Бұл жұмысты өкілетті құрылымдармен келісім-шарт жасау арқылы бірлесіп шешу мәселесі де аяғына дейін жеткізілмеген. Мемлекеттік бағдарлама аясында құрылысы мен қайта жаңғыртылуы жоспарланған 17 нысанның үшеуінде белгіленген жұмыстар межелі мерзімінде тәмамдалып, іске қосылса, қалғандарының тапсырылу уақыты кейінге жылжытылған. Жетеуінде құрылыс жұмыстары келесі жылы атқарылмақ. Пайдаланудағы су тазарту қондырғыларының арасында да істен шыққандарының барлығы анықталған. Бұл ауданда да қазіргі күні үш бірдей елді мекеннің халқы  қауіпсіз ауыз судан қағылған.

 

«Қашағанға» су қайдан тартылады?

Осылайша, аймақта қалыптасқан ахуалды егжей-тегжейлі баяндаған Өмірзақ Зиноллаұлы тоғыз айдың қорытындысына қатысты төмендегідей деректерді алға тартты. Есепті мерзімде облыста жұмыс жасап тұрған 64 су тазарту қондырғысының 9-ы тексеріліп, бес санитарлық ұсыныс беріліп, 19 жауапты тұлғаға айыппұл салынған. Өзге де орын алған кемшіліктерге байланысты тиісті шаралар алынған. Соның ішінде, бактериологиялық зертханаларда судың санитариялық-химиялық құрамына жүргізілген сынамалар нәтижелері бойынша сәйкессіздік көрсеткіштерінің жоғары деңгейі Жылыой (13,6-9,0% ) мен Мақат (37,5 – 25,0%) аудандарында тіркеліп, облыстың орташа көрсеткішінен асып кеткен.

Және бір мәлім болғаны, облыс аумағындағы «Қашаған» кен орнындағы мұнай-химия кешені өндірісіне тәулігіне 131 мың текше метр, ал жылына 35 млн. текше метр көлемінде су қажет екен. Мұндай қажеттілікті онсыз да жылдан-жылға қоры азайып бара жатқан Жайық өзенінің суы арқылы қанағаттандыру мүмкін емес. Сондықтан, оны Қиғаш өзенінен жеткізудің жолын ойластыру керек. Білгеніміздей, бүгінгі таңда «Астрахан-Маңғышлақ» магистральды су құбырынан екі облысқа жылына 40 млн. текше метр көлемінде су жеткізіледі. Оны пайдалану үшін құбырдың мүмкіндігін әлі де арттырып, өтімділік қабілетін көтеруге күш салу керек. Тағы бір мәселенің түйіні ашық ауыз су көзі саналатын Қиғаш өзені мен оның салаларына тереңдету, тазарту жұмыстарын жүргізу керектігіне тіреліп отыр. Жасыратыны жоқ, соңғы жиырма жылдан бері мұндай жұмыстар мүлдем жүргізілмеген. Шынына келгенде, бұның өзі бірден екі мәселенің шешілуіне жол ашар еді. Біріншіден, халық жеткілікті мөлшерде сумен қамтылады. Екіншіден, ауыз судың санитарлық жағдайы мен сапасы жақсарады. Бұл саладағы мамандардың ортақ ойы да осы.

Сайып келгенде, ауыл тұрғындарының ауыз судан тапшылық, таршылық көрмесі үшін мемлекеттік бағдарлама бойынша жоспарланған жұмыстарды аяғына дейін жеткізіп, қордаланған проблемалардың түйінін бірлесіп шешудің амалын ойластырған абзал.

Дәулетқали АРУЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз