Майдангер есімі – Атырау көшесіне
Атыраудың «Жұлдыз» шағынауданындағы бұрынғы 41-көшеге Ұлы Отан соғысының ардагері, Атырау облысының экономикасының дамуына кезінде айтарлықтай үлесін қосқан азамат, марқұм Жолан Басығариевтың есімі берілді.
Майдангердің көзін көрген, тәлім — тәрбиесін алған шәкірттері, қала, ауыл әкімдігінің өкілдері, көше тұрғындары, ағайын-туыстары қатысқан шарада оның қан майдандағы ерліктері мен адами қасиеттері, қаламыздың өркендеуіне қосқан елеулі үлесі жайында естеліктері айтылды. Тарих көші үнемі жаңарып отырады. Десе де Екінші дүние жүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиеті, батыр ағаларымыз бен апаларымыздың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды.
Әлемді дүр сілкіндірген оқиға 1941 жылы маусымның 22-де болған еді. Бірақ сол кездегі кеңес елінің бірлігі мен достығының арқасында 1945 жылы 9 мамырда бұл оқиға жеңіспен аяқталды. Міне, содан бері 78 жыл уақыт өтіпті. Соғыс жылдары қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына әлденеше ордендер қадалды. Олардың жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналды. Сондай асыл ерлердің бірі – қатардағы жауынгер Жолан Басығараұлы еді. Оның есімі қатыгез соғыс тарихында мәңгілікке орын алған болатын.
Жолан Басығариев Кең Жылыой топырағында 1905 жылы дүниеге келген. Сол жерде балалық шағы өтіп, мектепке барған, еңбекке араласқан. Жастайынан мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа орналасады. Ұлы Отан соғысының нағыз сұрапыл кезінде, 1942 жылдық қаңтар айында сол кездегі аудандық әскери комиссариатының шақыртуы бойынша әскер қатарына алынады. С о л жылы 3 ай әскери жаттығудан өткеннен кейін №338 аткыштар дивизиясының №1134 атқыштар полкі құрамында қанды шайқастарға қатысады. Ол полк құрамында 3-ші Беларусь майданында жүріп, бірнеше рет жарақаттанған. Соғыста аяғы мен бір қолынан ауыр жарақат алса да емделіп қатардан қалмайды. «Германияны азат етуге қатысқаны үшін» және Ұлы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Жауынгерлік ерліктері үшін «За взятие Кенисберга», «За отвагу», «За боевые заслуги», тағы басқа бірнеше марапатпен мадақталған. Кейін жапон соғысына қатысып, Жеңіс сағаты соққан соң 1945 жылдың күзінде оралған. Майдангер Ұлы Отан соғысынан келген соң да еңбек майданында, Атырау ет комбинатында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, еңбек озаты болды, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге өз үлесін қосты. Ұл өсіріп, қыз тәрбиеледі, ұрпағы жайылды.1982 жылы өмірден өтті.
Өкініштісі, бұл майдангерлерге Жеңістің 78 жылдық мерейтойын тойлау бұйырмады. Дегенмен батыр аталарының ерлігін мәңгілікке еске алып, зор мақтанышпен айтып жүретін ұрпақтары, халқы бар. Бізге Жеңіс шуағын сыйлаған бұл майдангерлер – ерекше құрметке лайықты жандар. Міне, Атырау қаласының Қайыршақты округінде үлкен де әсем көшенің майдангер Жолан Басығариев есімімен аталуы сол құрметтің айқын көрнісі.
Ермек БИҒАЛИЕВ