ЕЛДІҢ СӘНІ – ҚЫЗДАРМЕН!

Келе жатқан жаңа Қой жылы қарсаңында қаламыздағы «Ренессанс» қонақ үйінде «Атырау іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруымен Гендерлік бал өтті. Оған аталған қауымдастықтың мүшелері - қызметте де, қоғамдық жұмыстарда да алда келе жатқан қыз-келіншектер мен гендерлік саясатты терең түсініп, соған қолдау көрсетіп жүрген азаматтар қатысты.

Гендерлік балды ашқан «Атырау облыстық іскер әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Нұрлы Әйтиева бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Аталған балдың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ықылым заманнан бері аталарымыздың қыздарын үкілеп өсіргені, төрден орын бергені, қоғамда олар атқармайтын жұмыстың жоқ екені жайында әңгімелей келе: 

– Әйел-аналарға біз қанша жақсылық жасап, қаншама құрмет көрсетсек те, бәрібір аздық етеді. Себебі, олар одан да зор құрметке лайық. Адамзат тарихында қаншама соғыс болды, соның бәрін ер адамдар бастаған да, әйелдер ғана ауызбірлік пен татулыққа шақырған. Осылайша егескен екі елді достастырып отырған. Әйел жаны мен сұлулығын, ақылы мен нәзіктігін ақындар жақсы түсінген. Содан болар, олардың барлық шығармасы дерлік аналар мен әйелдерге, жеңгейлер мен қыздарға арналған… – деп, алдағы 2015 жылы да нәзікжандыларға өмірдегі барлық жақсылықтарды тіледі. Осындай игі тілекті облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев та жеткізді.

Ал, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия және саясаткер әйелдер клубының төрайымы Айгүл Әжіғалиева ҚР Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Раушан Сәрсембаевадан арнайы келген Алғыс хатты облыстық қауымдастық мүшелері – Тамара Аман-Турлина, Толқын Бейісқали, Мақаш Бисеноваға тапсырды.

Гендерлік бал барысында ағымдағы жылы мерейлі жасқа шыққан Атырау политехникалық колледжінің директоры, қалалық мәслихат депутаты Бақыт Шеркешбаева, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева, мемлекеттік қызметкер Тұраргүл Ізбасова, Бизнес және құқық колледжінің директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нұрлы Әйтиеваларға ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат көрсетілді.

«Талантты адам – қай салада да талантты» демекші, мерекелік балда өздерінің өнерін барынша ашып берген қыз-келіншек аз болмады. Айталық, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Лариса Жұмағалиева өзінің әсем де табиғи даусымен көпшілікті таң қалдырып, «Утро женщины», «Адажио» әндерін орындаса, Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледж директоры Айжан Қарабаева сыған биін тамаша орындап шықты. Бұлардан басқа да қыз-келіншектер ән салып, би биледі.

Осынау балды ұйымдастыру барысында ұжымындағы қызметкерлердің тең жартысын әйел заты құрайтын мекеме басшылары сараланды. Сондай ұжым қатарында 12 номинант анықталған. Сол номинанттардың көш басында Атырау қаласы әкімі Нұрлыбек Ожаев тұрса, одан кейін «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы директоры Абат Тасимов, Атырау мұнай және газ институтының ректоры Дүйсенбек Құлжанов, «Қазақтелеком» АҚ директоры Ерсайын Дүйсемалиев және басқалары бар. Осы азаматтардың бәріне грамоталар мен естелік сыйлықтар тапсырылып, қауымдастыққа жаңадан мүше болғандарға сертификаттар берілді.

Гендерлік балдың ойдағыдай өтуіне «Фламинго» хореографиялық ансамблі, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайының әншісі Шолпан Мұқашева, Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің өнерлі студенттері, Байкеновтердің балет студиясы көп үлес қосты. 

  Гүлжан ЕЛЕШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз