Жарнама
ЖаңалықтарМәдениетҚоғам

«МАХАМБЕТ» ЖУРНАЛЫ ШЫҒАДЫ!

Atr.kz/29 қазан, 2019 жыл. Құрметті оқырмандар! Сіздерге сүйінші хабарды жеткізуді үлкен азаматтық борышым деп білемін.

Ұлы ақындар Махамбет пен Абай ұлан-байтақ еліміздің бірі – батысында, бірі – шығысында өздерінің бірі батырлық рух, бірі – кемеңгерлік терең мәнді жырларымен халқымыздың тірегі әрі сусыны болғаны белгілі.

Сөйтіп, дүние жүзінде көптеген елдерден территориялық жағынан кең жайылып жатқан дархан даламызды екі жақтан аялап, елімізді түйілген жұдырықтай нықтап, жанжаққа шашылып кетпестей етіп, алтын шуақты жырларын қалдырып, кейінгі ғасырларда өмір сүретін ұрпақтың мерейін өсіріп, биік рухты, шалқар сазды жырларын мұра еткендігі бір керемет символдық жайт.

Біз, қазіргі заман халқы, ХІХ ғасырда туып, жарқыраумен, жүректерді нұрландырумен келе жатқан жыр нәрлерінен бас алмай сусындаудамыз. Халқымызды жалпы поэзия мен прозаның нәрімен кемелдендіру мақсатында «Абай», «Шәкәрім», «Жамбыл», «Мұқағали», «Қасым», «Мағжан» және тағы басқа да әдебимәдени, ғылыми-танымдық журналдарда ақындардың классикалық туындылары талданып, көркемдігі мен идеялық мәндерін ашудағы ғылыми пікірлермен халық санасы нұрландырылуда.

Аталған журналдар шыққалы талай жылдардың жүзі болды. Оларда тек қана журналға аты берілген ақындардың шығармашылығына байлнысты ғана емес, сонымен бірге, жалпы әдебиет, мәдени өмір, қазақ тарихына қатысты мәселелер де қозғалады.

Алайда, жырлары күнбе-күнгі өмірінде халықпен бірге жасасып келе жатса да, аты журнал сияқты ақпарат құралына айналмай келе жатқан Махамбет ақын еді. Зиялы қауым өкілдері осы мәселені қалай естен шығарып алғандарын түсінбеп едік. Заманға заман жалғасып, ойдан ой туып, идеядан идея жаңарып, бүгінгі күні осы олқылықты толтырудың реті келіпті.

Жуырда ғана тек Батыс Қазақстан жұртшылығы емес, бүкіл қазақстандықтардың арманы болып келген іс оңынан туды. Ол – «Махамбет» атты әдеби-мәдени-танымдық журналдың дүниеге келуі. «Махамбет» атты журнал шығару мәселесін қолға алып, оны жүзеге асырған Алматы облысының «Болат Медиа» мекемесінің директоры, журналист Болат Батыр деген азамат. Өзі Атырау облысындағы Махамбет ауданының тумасы.

Журналды Қазақстан Республикасы ақпарат және коммуникациялар министрлігі (Нұр-Сұлтан қаласы) «Болат Медиа» мекемесінің ұсынысымен республикалық әдеби-мәдени танымдық тақырыптардың бағыты бойынша шешім қабылдап, 2019 жылдың 23 шілдесінде №17799-Ж санды куәлік мекемеге табыс етілді. Меншік иесі «Болат Медианың» мекені Алматы қаласында, журнал Атырауда шығады. Мекен жайы: Атырау қаласы, Студенттер даңғылы, 212. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті.

Журналдың алғашқы №1 саны 2019 жылдың желтоқсан айында 150 бет көлемімен жарыққа шығып, жаңа жыл басында Атырау қаласында, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің акт залында тұсауы кесіледі. 2020 жылға журналға жазылу басталды. Журнал тоқсан сайын жылына 4 рет шығады. Индексі – 76124. Жылдық бағасы – 2 мың теңге. Журнал республикаға түгел таратылады.

Қаламгерлер қауымына айтарым, «Махамбет» журналына өз материалдарыңызды мына электрондық поштаға жібере аласыздар: makhambet-bb@mail.ru Құрметті оқырман! Журналға жазылып қалуға асығыңыздар!

Қадыр ЖҮСІП,

«Махамбет» журналының бас редакторы , филология ғылымдарының докторы, профессор

***

Ат үстінде күн көрмей,

Ашаршылық шөл көрмей,

Өзегі талып ет жемей,

Ер төсектен безінбей,

Ұлы түске ұрынбай,

Түн қатып жүріп, түс қашпай,

Тебінгі теріс тағынбай,

Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?! – деген Махамбеттің алмас жыры әлі күнге дейін намысты қайрап, өркениетті ел болуға, сол жолда жанкештілікке үндеп тұр. Қара қылды қақ жарып ойын айту, сөз маржанын көзсіз өрлікпен төгілдіру, халқын сүйген патриот болудың шыңына шығу Махамбет сынды жыр-семсердің ғана қолынан келер.

Міне, ол – біз үшін асқақ РУХ! Біз өзімізше Махамбеттің отты өлеңдерін жатқа айтамыз, Махамбеттің талайлы тағдырынан жақсы хабардармыз. Шейітсайда шейіт болған серігі Исатайдың қазасына күйзелген ақынның ащы зары ақ жалын жырға айналғанын жан-дүниемізбен түйсінеміз. Арманда кеткен есіл ердің өзінің де басы қапияда кесіліп, байыз таппас әзіз жаны Қараойда мәңгілікке тыныштық тапқанына қапаланамыз… Иә-иә, көп жайтты білетін сияқтымыз… тек қана білетін сияқтанамыз…

Шынында да, Махамбетті толық тани алдық па? Оның тұлғалық образын көз алдымызға ап-айқын елестете аламыз ба? Әлде батырларымызды сақал-мұрт қойғызып, басына дулыға кигізіп, үстіне сауыт-сайман құрсантып қойған портреттер арқылы егіз қозыдай бейнелегенімізге мәзбіз бе?

Махамбет орысша сауатты болған деседі, оның Пушкинмен кездескені туралы әпсана қаншалықты ақиқат? Бәлкім, жауынгерақынды сол ұлт-азаттық көтерілісіне бірге қатысқан белгілі сарбаздар арқылы таныған дұрыс па? Махамбетті білу үшін Шернияз ақынды зерттеу керек пе? Ығылман арқылы толғатқан жөн бе? – Көкейде анталаған сауал көп. Осы тұрғыдан алғанда, «Махамбет» журналының жарыққа шыққалы отырғаны көңілге қуаныш ұялатты.

Рас, «Абай» журналы абайтануға, «Мұқағали» журналы мұқағалитануға елеулі үлес қосты. Мұны сол басылымдарды арнайы алдырып оқыған сәттерде анық аңғардық. «Махамбет» те, ләйім, солай болғай!

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button