МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ ЕКПЕ ЖҰМЫСЫН КҮШЕЙТУДІ ТАПСЫРДЫ
«Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов көрші елдерде коронавирустық инфекцияның қайта өршуіне байланысты вакцинация және ревакцинация жұмысын күшейтуді тапсырды» деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Қытайда коронавирус қайта өршіп, бірқатар қалалары карантинге жабылды. Бұл елдегі ахуалды ушықтыруы мүмкін. Қазір облысымызда жағдай тұрақты. Карантин шектеулері бірітіндеп жеңілдетіліп, халық емін-еркін жүр. Осы жағдайды одан әрі тұрақты ұстаудың жалғыз жолы – ол вакциналау. Ал, бұл жұмыстардың жүргізілу қарқыны төмен деуге болады. Маскалық режим, карантиндік шектеулер бірітіндеп алынған сон халық босаңсып кетті. Ауру айтып келмейді. Өткенді ұмытпауымыз керек. Біз қай кезде де жинаған тәжірибемізбен инфекциямен күресуге дайын болуымыз қажет»,-деді М.Досмұхамбетов.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев Қытайда соңғы аптада «стелс-омикрон» коронавирустық инфекциясының жаңа штаммының өршуі байқалатынын айтты. Сол себепті вакциналау қарқынын күшейту қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, басқарма басшысы бұрын тек жекелеген адамдар санатына ғана рұқсат етілген аталған «комирнати» вакцинасы енді барлығына тегін әрі қолжетімді екендігін жеткізді.
Оның сөзінші, вакцина алатын жалпы контингент 365760 адамды құрайды.
«Бүгінде облыс бойынша вакцинаның I компонентін 270287 адам немесе 73,9%, II компонентін 257768 адам немесе 70,4% алды. Ал, 2022 жылдың сәуір айы жағдайы бойынша ревакцинациялауға жататын 215766 адам, оның ішінде ревакциналанғаны 25,1 пайыз немесе 54237 адам. Облыс бойынша Пфайзер «Комирнати» вакцинасын алатын 80301 адам болса, бүгінгі күнге вакцинаның I компоненті 7926 адамға егілді немесе 9,87 пайыз. II компоненті 6592 адамға егілді немесе 8,2 пайыз. Сондай-ақ, соңғы екі аптаны салыстыратын болсақ, «Комирнати» екпесінің I компонент алу көрсеткіші 2,3 есе өсіп отыр, ал II компонент бойынша керісінше 1,3 есе төмендеген»,-деді ол.
Сондай-ақ, жиында аудандардағы ахуал да сұралды. Аудан әкімдері екпе жұмыстарының төмендеуін соңғы уақыттағы аурудың тұрақтанғандығымен байланыстырды. Десе де, бүгіннен бастап жұмыстарды жандандыратындықтарын айтты.
Жиын соңында облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов Денсаулық сақтау басқармасының басшысы мен қала, аудан әкімдеріне вакцинация және ревакцинация жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Әр сала басшалары, басқармаларға қарасты мекемелерде ревакциналау жұмыстарының жүргізілуі ұйымдастырылсын. Бөлінген вакцинаның мерзімі өтпей, толық көлемде егілуін қамтамасыз етіңіздер»,-деді өңір басшысы.
Айта кетейік, бүгінде облысқа «Комирнати» вакцинасының 133340 дозасы жеткізілген.