Махамбет Досмұхамбетов: «Білім саласындағы әлемдік ұлы көштен қалмау — басты мақсатымызға айналуы тиіс»
Atr.kz/26 тамыз, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен «Білім және ғылым: жаңа оқу жылының ерекшеліктері» тақырыбында тамыз кеңесі өтіп, онда білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен атқарылған жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Атырауда білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесінде алғаш болып сөз алған аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов көпшілікті жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, өткізіліп отырған алқалы кеңестің маңыздылығына тоқталды.
— Сіздермен дәстүрлі Тамыз кеңесінде кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Баршаңызды білім мерекесімен, жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Үлкен өзгерістер дәуірінде болашаққа бағдар жасайтын бұл алқалы кеңестің маңызы зор. Қазіргі уақыт балаларға заманға сай білім беріп, жаңашылдықтарға бейім етіп даярлауды талап етеді. Сондықтан, әлемдік ұлы көштен қалмау басты мақсатымызға айналуы тиіс.
Бүгінгінің талабы — жасампаз, өзгерістерден қорықпайтын білімді де білікті жастар мен мамандар қалыптастыру. Бұл әрбірден соң Елбасының да аманаты, Ел Президентінің де жүктеп отырған нақты міндеті, — деді Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов.
Жиын барысында өткен оқу жылының қорытындысы тыңдалып, жаңа оқу жылына құрылған жоспарлар нақтыланды. Бұл тұрғыда бірқатар ұсыныстар да айтылды. Кеңеске қатысушылардың жаңа оқу жылының ерекшелігі мен өзгешелігі туралы айтқан жан-жақты пікірлерін тыңдаған өңір басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар берді.
— Біріншіден, облысымыздағы 5 апатты, 12 үш ауысымды мектептің проблемасын шешу керек. Үш ауысымды 6 мектептің мәселесі биыл біржақты етіледі. Қалған түйткілдерге қатысты тиісті жергілікті атқарушы органдар жұдырықтай жұмылып, тыңғылықты жұмыстар жүргізуі қажет.
Екіншіден, саладағы кадр тапшылығын реттеу қажет. Облыс бойынша білім саласына 497 маман жетпейді. Облысымызға биыл 101 жас маман келді. Жергілікті бюджет есебінен 3 жыл қатарынан мұғалім мамандығына грант бөлінуде. Биыл да бұл үрдіс өз жалғасын тапты. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында қала, аудан әкімдері, білім беру бөлімдерімен бірге нақты реттеу жолын іздестіру керек.
Сонымен қатар, білім саласын қажетті мамандармен қамтудың 5 жылға арналған қадамдық жоспарын жасақтауды тапсырамын.
Үшіншіден, оқушыларға кәсіби бағдар беруде әлі күнге дейін жүйенің қалыптаспағанын көріп отырмыз. Бұл өз кезегінде оқу бітіріп, мамандық алған жас мамандардың жұмыссыздығын тудырады. Сондықтан мектеп басшыларының жауапкершілігін арттырған абзал. Білім беру басқармасы салалық басқармалармен бірлесе отырып, осы бағытта мектептерде жүйелі жұмыстарды жолға қоюы қажет. Бұл – ата-аналардың шаруасын жеңілдетіп, маман тапшылығын болдырмауға ықпал етеді.
Төртіншіден, алдағы жылы енгізілетін білім саласын басқарудың жаңа жүйесіне дайындық жұмыстарын тиянақты жүргізу керек. Бесіншіден, білім беру ұйымдарын цифрландыру жұмысын толық жүзеге асыру керек. Сондай-ақ оқушыларды оқытуда түрлі платформаларға қолжетімділікті қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді Махамбет Досмұхамбетов.