МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ: БАСТЫ ТАЛАП — САПА МЕН МЕЖЕЛІ МЕЗГІЛ
«Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов жұмыс сапарымен Жылыой ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты»,- деп хабарлайды Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов «Теңізшевройл» ЖШС компаниясының бас директоры Кевин Лайонмен бірге ерікті әлеуметтік инвестициялық “Игілік” бағдарламасы аясында салынып жатқан бірқатар әлеуметтік нысанды қарап шықты.
Алдымен аудан орталығында былтыр тамыз айынан салына бастаған заманауи типтегі 200 орындық модульдік аурухананы аралап, тексерді.
Мердігер компания басшысы ең соңғы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған нысанға модульдік құрылғыларды Ресейден алдыртқанын айтады. «Соған 4 ай уақыт кетіп, құрылыс жұмыстары бір жылға созылып кетті», — деді «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС директоры Рустам Досмырза.
Арнайы палаталары бар 2 қабатты әкімшілік-медициналық корпус сондай-ақ төрт медициналық корпустан тұратын модульдік аурухананы тексеріп шыққан облыс әкімі біраз олқылықтарды анықтады. Атап айтқанда, желдету жүйесі дұрыс іске қосылмаған, мүмкіндігі шектеулі жандардың жуынатын орындары талапқа сай емес, екінші қабатқа қатынайтын жедел саты орнатылмаған. Сонымен қатар, ол операциялық бөлімнің жоғары сапалы төсектермен қамтылу керектігін атап өтті. Дәрігерлерге арнап салынған жатақханада ақ халаттыларға демалатын орын, теледидар көретін бөлме мен жеке тамақтану орны да қарастырылмаған. Өңір басшысы аталған кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.
«Бұл жерде науқастар емделетіндіктен сіздер әрбір нәрсеге солардың көзімен қараңыздар. Тәніне шипа іздеп келген адамға барлық жағдай жасалуы керек. Сондықтан бұл — халық жылдар бойы игілігін көретін аурухана болуы керек. Медициналық құрал-жабдықтардан бастап, ғимарат, тіпті науқас қолданатын әрбір зат сапалы болу керек»,- деген Махамбет Досмұхамбетов жауапты қызметкерлерге азаматтарға әрбір есік, терезе, құрал-жабдықтарына дейін мұқият тексеріп барып, қабылдап алуға тапсырма берді.
Сондай-ақ ол мердігер компания мен демеушілерге әлеуметтік маңызды нысандардың сапалы салынып, уақытылы тапсырылуы қатаң қадағалауда болатынын ескертті.
Өз кезегінде мердігер компания олқылықтарды қысқа уақытта жойып, кезең кезеңмен тапсыратындарын жеткізді. Ауданда коронавирус жұқтырғандардың саны артқанын атап өткен аймақ басшысы жұмысты бір аптаның ішінде реттеуді міндеттеді.
Көп салалы медициналық кешеннің сонымен қатар, қызметкерлерге арналған жатақханасы, оттегі станциясы, зертхана мен медициналық қалдықтарды зарарсыздандыратын станциясы бар.
Одан кейін Құлсары қаласында салынып жатқан 580 орындық №6 жаңа мектеп құрылысын көрді. Мұнда оқушыларды еңбекке баулу пәні бойынша бөлмелер мен арнайы құралдар, интерактивті тақта, асхана, спорт зал мен мәжіліс залы сондай-ақ сыртта ойын және футбол алаңы бар. Оған қоса, аула көгалдандырылып, тал-теректер егілген. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов заманауи мектептің қалған жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін бітіріп, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы аудан орталығындағы трибуналы 3000 орындық орталық стадионның құрылысымен танысты. Ол бір мезгілде спорттың бірнеше түрімен айналысуға мүмкіндік береді және күніне 3250 адамға дейін қабылдай алады.
2020 жылы желтоқсанында басталған құрылыс жұмыстары 2022 жылдың шілде айында аяқталмақ. Мұнда спорт зал мен бассейн салу да жоспарланған. Сондай-ақ нысан аумағын абаттандыру мен көгалдандыру қарастырылған. Стадионның тағы бір ерекшелігі тек футболға ғана арналмаған, сонымен қатар жеңіл атлетикаға да негізделген.
Қазір құрылыс басында 12 техника мен 65 адам еңбек етуде. Жоба менеджері Нұрболат Рахметқалиев аумағы 4 гектар болатын алаңда қазіргі кезде тас қалау, төбе жабындысын жабу жұмыстары жүргізілуде екенін жеткізді. Оның айтуынша, құрылыс материалдары жеткілікті.
Ал, аудан әкімі Халел Жамалов ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, жоспарларын да атап өтті.
«Қазіргі таңда облыс әкімінің қолдауымен өзекті мәселе болып келген орталық даңғылдың түйіні түбегейлі шешілуде. Осы жылы басталатын жұмыс алдағы жылы аяқталмақ. Оған қоса, Қаратон елді мекенінің ауылішілік жолын салуды бастағалы отырмыз және Атырау ықшамауданының коммуникациялары толықтай жүргізілуде»,-деген аудан әкімі электр қуатының да мәселесі биыл шешіліп, трансформатор орнатылатынын мәлім етті. Сонымен қатар, Х.Жамалов тазалық жұмыстарына да ден қойылып отырғанын атап өтті.
Құлсары қаласының тұрғыны Арман Есжанов «Ауданымызда жасалып жатқан жақсы жұмыстар бар. Аурухана, мектеп салынуда. Ал, стадионның жаңғыртылуы мен сияқты футбол жанкүйері үшін тіптен қуанышты жағдай. Оған қоса, Құрсай өзенінде жағажайдың жасалуы халықтың серуендеуіне қолайлы болды. Өзім Әуежай ықшамауданының тұрғынымын. Ол жақта соңғы уақытқа дейін тас жол болмаған еді, қазір тақтайдай тегіс жолы бар»,- деді.
Өз кезегіне «Теңізшевройл» компаниясының бас директоры Кевин Лайoн “Игілік” бағдарламасы арқылы салынып жатқан әлеуметтік нысандар арқылы компаниямыз өңірдің дамуына өз үлесін қосуда. Олар Жылыой ауданы тұрғындары үшін игілікті қызмет етеді деп сенемін. Әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды құрылысындағы жұмыстардың басым бөлігін қазақстандық компаниялар жүзеге асыруда. Бұл компаниямыздың қазақстандық қамтуды дамыту стратегиясына сәйкес келеді»,-деді.
Айта кетелік, облыс басшысы Махамбет Досмұхамбетов өткен аптада Исатай ауданында болып, әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысып, халықтың тұрмыс-тіршілігін өз көзімен көрген болатын.