Махамбет ауданының мейірбикесі пневмониядан көз жұмған болып шықты
Atr.kz/5 тамыз, 2020 жыл. Нұрлыбек Қабдықапаров махамбеттік мейірбикенің пневмониядан көз жұмғандар тізімінде бар екенін айтты.
«Бибігүл Сұлтанова есімді Махамбет ауданының мейірбикесі пневмониядан көз жұмған медициналық қызметкерлердің тізімінде бар. Аталған қызметкеріміздің есімі тізімге алынбаған деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметінің хабарлауынша, күні ертең Атырауда коронавирус, пневмония індетін жұқтырған және көз жұмған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссия отырысы өтеді.
Және әр жағдай негізінде эпидемиологиялық тексеру жасалып, нақты қорытынды шығады. Осыған сәйкес, өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияда шешім қабылданады.
Еске сала кетелік, коронавирус инфекциясынан Атырау облысында 12 медициналық қызметкер көз жұмды. Олардың ішінде жұмыс бабында инфекция жұқтырып көз жұмғандармен бірге, зейнет демалысына шыққан медициналық қызметкерлер де бар.
Бүгінде Атырауда коронавирус инфекциясын 228 медициналық қызметкер жұқтырып алған. Ал, пневмония дерегі бойынша мәліметтер нақтылануда.