Махамбет ауданында жоғалған адамдар табылды
Махамбет ауылында мал іздеуге шығып, жоғалған екі адам аман-есен табылды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы хабарлады.
Сала мамандарының айтуынша, бүгін сағат 08:20-да Махамбет аудандық төтенше жағдайлар басқармасының №11 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 1977 жылы туған ер азамат пен 1983 жылғы әйел адамды іздестіру жұмыстарына шықты.
Жоғалған екі адамның кеше, 24 наурызда сағат 10:00-де «Нива» автокөлігімен жылқы малын іздеуге «Сейтек» шайханасына қарай шығып, кері оралмағаны туралы туысқаны хабарлаған.
Құтқарушылар Махамбет ауылынан 9 шақырымда орналасқан «Сейтек» шайханасына қарай далалық жерден іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізгенімен аталған мекен-жайдан жоғалғандар табылған жоқ. Құтқарушылар қырға қарай іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижелі аяқталып, сағат 09:50-де екі азамат Махамбет ауылынан 46 шақырым жердегі «Әбен қыстағы» маңынан табылды.
— Мал іздеуге шыққан адамдардың автокөлігі батпаққа батып, шыға алмай қалған. Құтқарушылар оларға автокөліктерін батпақтан шығаруға көмектесіп, Махамбет ауылына эвакуациялады. Жағдайлары тұрақты, медициналық көмекті қажет етпеді, — дейді департаменттің ресми өкілі.
Айта кету керек, іздестіру-құтқару жұмыстарына №11 Өрт сөндіру бөлімінен 4 жеке құрам, 1 бірлік техника, аудандық полиция бөлімінен 5 қызметкер, 2 бірлік техника, ауыл тұрғындарынан 3 адам жұмылдырылды.
Өз тілшіміз