Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тарихи ескерткіш ашылды (ФОТО)
1937 жылы басқа халықтар тәрізді қиырдағы корейлер де тарихи Отанынан Қазақстанға күштеп қоныс аударылған болатын. Тарихтың қаралы беттеріндей боп жазылып қалған осы бір оқиғаға биыл сексен жыл толып отыр. Осынау датаға байланысты Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында мемориалдық ескерткіш орнатылды. Онда «Қазақ халқына мың алғыс!» деген сөз қазақ және корей тілдерінде жазылған.
Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан корейлері Қауымдастығының президенті Сергей Огай мен Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Де-Сик қатысты. Астанадан келген мәртебелі меймандарды аудан әкімі Сырым Рысқалиев бастаған ел ағалары қарсылап, күтіп алды.
«Сол бір қиын-қыстау кезеңнің куәсі, сталиндік қуғын-сүргіннің куәсі болған аға буын өкілдері үшін бұл ұмытылмас оқиғаға айналғаны ақиқат. Ал, қазақстандық корейлердің осы елде дүниеге келген кейінгі ұрпақтары Қазақ елін туған елі, Отаны санайды. Бүгінгі мынау ескерткішті қиын кезде бауырына басып, қамқорлаған қазақ халқына деген корейлердің шексіз ризашылығының нышаны ретінде қабылдауға тиіспіз»,-деді Сырым Мұратұлы.
Аудан басшысының айтқандарын шараға қатысқан белгілі ғалым, тарих ғылымдарының докторы Сергей Пак те қостады: «Біз халқымыздың Қазақстанға депортациялануының, сонау шақтағы орны толмас қайғы-қасірет қанды оқиғаға 80 жыл толуын емес, қайта корейлердің Қазақ елінде алаңсыз өмір сүріп, бақытты – бақуатты өмір сүріп жатқандарына соншама уақыт өткенін есте қалдырып, бұл күнді мереке ретінде атап өтуді ұйғардық. Өздеріңіз көріп, куәсі болып тұрған мына ескерткішті айтар алғысымыздың шынайы белгісі деп қабылдарсыздар».
Шынымен де, Бейбарыс ауылының төрінен орын тепкен тамаша мемориалдық ансамбль бауырмал да қонақжай, татулық пен достықты, ынтымақ пен бірлікті жоғары бағалайтын қазақ халқына өз бауырындай көретін корейлердің шын жүректерінен жолдаған алғыстарындай әсер қалдырды. Мұның өзі сайып келгенде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған игі іс болды.
Дәулетқали АРУЕВ