МАХАББАТ МЕЛОДИЯСЫ маздаған күн: Атырауда атақты сазгер Төлеген Мұхамеджановтың шығармашылық кеші өтті
Atr.kz/11 қараша, 2019 жыл. Атырауда белгілі сазгер, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Төлеген Мұхамеджановтың жеке шығармашылық кеші дүркіреп өтті. Әсем әуен мен әдемі әнге шөлдеген халыққа лық толы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ине шаншыр бос орын болмады.
Алдымен «Нарын» халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен автордың композициялық туындылары орындалды. Солардың қатарында атақты «Махаббат бекеті» кинофильмінің бойтұмар әніне айналған музыка да бар. Оны естімеген тыңдарман кемде-кем. Сол сияқты, балалық шаққа саяхат жасайтын әуен де көптеген жиын-тойларда ойналады.
Айта кетейік, Мұхтар Әуезов атындағы Семей педагогикалық училищесі мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында ұстаздық еткен ол кейін Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры болды. «Азия дауысы» халықаралық конкурсына да басшылық жасады. Шығармашылықпен қатар еліміздің Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаты және Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін адал атқарды.
Кеш қонақтарының ішінде атыраулықтардың ерекше ықыласына бөленген Сүндет Байғожин композитордың бірнеше әнін нақышына келтіре орындады. Ол тамағы ауырып қалғанына қарамастан тамаша өнер көрсетті. Ал, КСРО Халық әртісі, Халық қаһарманы Роза Бағланова орындаған «Іңкәрім-ай» әнін бұл кеште атыраулық өнер иесі Мария Нұғмарова шырқады. «Мен деп ойла», «Аққу-арман» әндері де – тыңдармандарды тәнті еткен туындылар.
Сондай-ақ, сазгердің ақындық қыры да бар екенін бірі білсе, бірі білмес. Ол өзінің музасы, өмірлік серігі, еліміздің және Татарстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаевамен қосылып Мұқағали Мақатаевтың «Махаббат диалогын» орындады. Композитор мұзбалақ ақынның отыздан асқан өлеңіне ән жазды. Әрқайсысы тыңдарман жүрегінен ойып орын алды.
Осылайша, облыс әкімдігі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармонияның қолдауымен өткен кеш ұмытылмастай әсер сыйлады. Соңында автор өзі рояльға отырып, көрермендерге сирек орындалатын туындыларын жасырды.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев кеш иесіне ақжарма алғысын білдіріп, зор денсаулық пен мол табыс тіледі. Оның өнеріне қазақстандықтармен бірге ресейліктер мен шетелдік тыңдармандар да тәнті екенін жеткізді.